Тумақ болса, өлмек бар… Өлгенді еске түсіргенде, біз олардың тірісінде істеген ісін ескереміз. Соның ісіндей іс істеп, соның өміріндей өмір сүруді іздейміз. Сондықтан өлгенді еске түсіргенде оның істерін ескеру – біздің ең бірінші міндетіміз.
Смағұл СӘдуақасұлы.
Смағұл Сәдуақасұлы – ұлт мақтанышы, қазақ елінің маңдай алды тұлғасы. Қыршын кеткен қыран еді. Ол қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында қазақтың тұңғыш мемлекеттік театрын, қазақтың тұңғыш педагогика институтын ашуға мұрындық болып, қазақ елінің талантты жастарының басын қосты. Өнер адамдары мен қазақ зиялыларын қанатының астына алды. Оқулық, танымдық, ғылыми кітаптар жазу, аудару, жариялау жағын ұлғайтқан қарымды қаламгер де болды. Ф.Голощекинге «Республика шикізатты өңдеп, бұйым етіп шығаратын зауыт, фабрика салуды қолға алуы керек» деп ойын әр жиын-мәжіліс сайын бүкпесіз айтып отыратын тұлға болған. Билікке Ф.Голощекин келсе де Смағұлдың саясатта ұстанған бағыты өзгелердікі сияқты өзгермеді. Смағұлға да болар еді, басқалар сияқты қазақты емес, қалтаны ойлап, халықты емес, қарынды ойлауы-на. Алайда ондай әрекетке Смағұлдың жаны қас еді. Ол оқыған, білімді, саналы азамат еді. Ұлттық мемлекет, жеке-дара автономия құру үшін өмірінің соңына дейін күресті. Біз Смағұлдың өмірдерегін, ел үшін істеген істерін естігенде, тарих парақтарынан оқығанда таңданамыз, таң қаламыз. Ол саясатқа ерте араласты, ұлт мәселесі туралы ерте жастан толғанды. Соның нәтижесінде, қазіргі таңда есімі тарих беттерінде алтын әріптермен жазылды. Совет одағы тұсында атын атауға тиым салынғанымен «аққа құдай жақ» дегендей, Тәуелсіздік алған кезден бастап есімі аталып, ерлігі дәріптеле бастады. Қысқа ғана ғұмырында Смағұл Сәдуақасұлы ірі мемлекет қайраткері, әдебиетші, көсемсөзші, жазушы, ағартушы сонымен қатар, қазақ жерінде ұлт театрын құру, баспасөзді дамыту, жоғары оқу орындарын ашу, қазақ балаларын оқыту сынды іргелі жұмыстардың басында жүрді. Бұларға тікелей Смағұлдың қатысы болды. Замандастары Мұхтар Омарханұлы, Бейімбет Майлин сынды қаламдастарына да қолдан келген көмектерін аямады. Оған бір-біріне жазған хаттары дәлел бола алады.
Смағұл Сәдуақасұлы жас та болса, бас болып, еліне адал қызмет атқарды. Ұлтқа қызмет етудің нағыз үлгісін көрсетті. Жастар арасынан дара шығып, елінің көшбасшысына айналды. Біз Смағұл туралы танымдық мақаламызды филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Дихан Қамзабекұлының «Смағұл Сәдуақасұлы» атты монографиясын негізге ала отырып дайындадық.
Смағұл және ұлт театры
Смағұл Сәдуақасұлы ұлт театрының құрылуы мен дамуына зор ықпал етті. Қазақ мемлекеттік театрының өмірге келуіне тікелей Смағұл Сәдуақасұлының қатысы болды. Ұлт театрын құру Смағұлдың бұрыннан бері ойында жүрген жұмысы болатын. Оған мына деректерді келтіре кетсек болады. Смағұл Сәдуақасұлы қызмет жасаған Сібір төңкерісшіл жастар одағы комитетінің қазақ-татар секциясы (Омбы) Ақмола, Семей гүбернелерінде көшпелі кітапханалар ұйымдастырып, жергілікті халыққа спектакльдер қойып беріп отырған. Ол бұл қызметке 1920 жылы 20 жасында келген болатын. Яғни, театр, спектакль ұғымдарымен Смағұл осы кезден бері таныс десек те болады. Ал, қазақ жеріндегі тұңғыш театр 1926 жылы Қызылорда қаласында құрылған болатын. Шымылдығы сол жылдың 13 қаңтары күні Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен ашылды. Қазақ жеріндегі тұңғыш театр ашылған кезде Смағұл Халық ағарту комиссары қызметінде болған. Лауазымды қызметте жүріп, Қазақстандағы оқу-ағарту, мәдениет салаларына жаңа үрдіс әкелді, тың күш қосты. 1925 жылы 22 қазанда болашақ ұлт театрын ұйымдастырудың нақты шаралары туралы кеңейтілген мәжіліс Смағұлдың ұсынысымен шақыртылды. Ол осы мәжілісте қазақ жерінде құрылатын театр жөнінде, оның құрылымын, көркемдік келбеті мен бағыт-бағдарын қамтыған баяндама жасады. Сонымен қатар, Халық ағарту комиссары өкіметтен театрға деп 40 мың сом қаржы бөлдіруге күш жұмсайтынын да білдірді. Өнерпаздарды іздестіріп, оларды сол кездегі еліміздің астанасы Қызылордаға алдыру жұмыстары да жүргізілді. Бұл сол кездегі театрдың алғашқы әртістерінің бірі
Қ.Жандарбекұлының естелігінен алынып отыр. Алғашқы әртістер кімдер болды десеңіз, олар: бұрыңғы ауыл әншісі мен күйшісі, бишісі мен жыршысы, суырыпсалма ақыны, жауырыны жерге тимеген білекті балуан жігіттері болатын. Белгілі әртіс Қапан Бадырұлы сол кездегі шақырылғандардың санын 27 адам деп көрсетеді.
Смағұл Сәдуақасұлы ұлт театрында қойылатын пьесалардың көптеп жазылуын қалады. 1925 жылы 11 желтоқсанда «Еңбекші қазақ» газеті бетінде Халық ағарту комиссары С. Сәдуақасұлы мен Білім ордасының төрағасы М.Жолдыбайұлы екеуі бірігіп, «Қазақша пьесаға бәйге!» деген атпен байқау жариялайды. Бұл бір кездегі романға тігілген бәйге сияқты игілікті шара болды. Газет бетінде жарияланған байқаудың мәтініне үңілсек: алдымен бәйге туралы түсініктер беріп, «біз жазушыны бәйге тігіп ақшаға қызықтырып отырғанымыз жоқ, бәйге тігіп, қызық жасап, жарыс жасап, көңілін көтермекпіз, қанын қыздырып, жігерін арттырмақпыз» дейді. Пьеса бәйгесіне екі жүлде тағайындап, ең жақсы пьесаға 1000 сом, екінші дәрежелі орын алған пьесаға 500 сом бәйге тігілген болатын. Бұл өнер сайысы туралы театртанушы-ғалым Қажықұмар Қуандықұлы: «1925 жылы жақсы пьесаларға жарияланған бәйге қорытындысын спектакльді көргеннен кейін әйгілеген екен. Әрбір көруші қолында анкета болса керек-ті. Байқауға қойылған спектакльді көріп болған жұрт қобдиға әлгі анкеталарын тастайды. Қай қобдида көруші анкетасы көп болса, бас бәйге – соныкі», – деп жазады. Жарияланған пьеса бәйгесіне 42 шығарма келіп түскен.
Смағұл Сәдуақасұлы ұлт театр құруға ғана емес оның ұсақ-түйегіне дейінгі шаруаларды бірлесе отырып істеді десек те болады. Мысалы, Смағұл Сәдуақасұлы әртіс боламын талпынып келген өнерпаз жандарға арнап театртанудың әліппесі іспеттес мақалалар жазды. Сондай мақаланың бірі «Ұлт театры туралы» деген атпен «Еңбекші қазақтың» 26, 29 сандарында жарияланған мақаласы. Бұл мақалада «Театр – өмірдің ойыны. Театр – тұрмыстың ойыны. Театрдың ішінде тойды да, шілдехананы да, қызық ойынды да көруге болады. Бірақ, театр ойынының тәртібі өзгеше» деп театр ұғымына анықтама беріп кетеді. Бұнымен қоса, пьеса, әртіс ұғымдарынан да мағлұмат беріп кетеді. «Пьеса жазушылар қазақтың табиғи мінезін ескерсін дегіміз келеді» деп пьеса жазатындарға бағыт-бағдар да көрсетеді. Пьеса қандай болу керек деген сұраққа «біздің пьесаларымыз көп болса үш, әйтпесе екі-ақ көріністі болу керек. Қазақ бірінші көріністе: «Не болар екен?», – дейді. Екінші көріністе: «Енді қайтер екен?», – дейді. Үшіншіде немен тынғанын көреді», – деп қазақ халқының көз қарасымен жауап жазады. Қандай тақырыпқа пьеса жазуға болады деп жүрген жазушыларға да бірқатар тақырыптар ұсынады. «Қазақтың жастарының тұрмысы, әйел теңдігі, төңкеріс заманындағы оқиғалар, 16-шы жыл, шәкірт өмірі, мұғалім тұрмысы, ұлт мәселесі, бай-кедей арасы – осының бәрі жазушыны күтіп отыр».
Смағұл Сәдуақасұлы театр құрылғаннан кейін бірыңғай әкімшілік жұмыспен айналыс-пай, театрдың ресми емес көркемдік жетекшісі қызметін де атқарады. Театр сахнасына алғаш шыққан өнерпаздар үшін бұл үлкен медеу, көмек болды. Сол сәттен бастап білек сыбана ұлт театрын қаз-қаз тұрғызуға кірісіп кетті. Сонымен қатар, әрбір қойылған пьесаға сын жазып, пікір айтып отырды. Соның бірі М. Әуезовтің «Бәйбіше тоқал» пьесасының сапа-деңгейін талдап, драмамен аттас мақала жазады. Қойылымның құрылым жүйесіне, оқырман мен көрерменге тигізген әсер-ықпалына тоқталды. Басқа да қаламгерлерге әрбір қойылған пьеса жөнінде сын жазуды да талап етеді.
Ұлт театры құрылған тұстан бері бірге келе жатқан қайраткер-қаламгер Смағұл Сәдуақасұлы 1926 жылы баяндамаларының басын, «Ұлт театры туралы» атты кітапша басып шығарады. Бұнымен қоса, Смағұлдың қарауында болған жылдары 1927 жылы да біршама дүниелерін халық назарына ұсынады. Смағұл Халық Ағарту комиссары қызметінде жүрген тұста ұлт театрын қалыптастыруға зор еңбек сіңірген мақалаларын «Еңбекші қазаққа» басып отырған болатын. Осы кезде «Еңбекші қазақтың да» шығарушысы осы Смағұл болатын. 1926 жылы жазылған театр туралы еңбегінде: «Орыс жазушысы Тренев «Пугачевщинаны» жазса, біз Кенесарыны неге жазбаймыз», – деп, көкейкесті мәселені күн тәртібіне ашық қояды. Сол кездегі Халық Ағарту комиссарының тапсырмасын, ұсынымын Мұхтар Әуез орындап, «Хан Кене» пьесасын жазып шығады. Бір басында бірнеше жауапты қызметтер тұрса да, ол ұлт үшін жүгінің ауырлығын білдірмеді. Бірақ, Смағұлдың бұл жемісті жылдары 1927 жылы үзілді десекте болады. «Мен Голощекин жолдастың сөзіне қосыла алмаймын» деп жиын-мәжілістерде өжеттік танытқан С.Сәдуақасұлы Голощекиннің назарына ілігеді. Нәтижесінде, 1927 жылы 28 наурыз – 3 сәуір аралығында болған Қазақстан автономиялы республикасы Кеңестерінің VI съезінде Смағұл қызметінен алынады. Қызметінен кеткен соң ұлт театры қорғаушысынан айырылды. «Хан Кене», «Шернияз», «Күнәсіз күйгендер» секілді пьесалардың театр сахнасында қойылмайтыны, тіпті жазылмайтыны да ақиқат еді. Бұдан кейін Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтына ректор болып тағайындалғанымен, тағы да қылмыскер деп тауып, қызметінен қуады. Туған елінде тұруға рұқсат бермегендіктен Мәскеуге кетеді. Смағұл Сәдуақасұлының ұлт театрының құрылып, қалыптасып, дамуына қосқан үлесі міне осындай болды. Сол кездегі жүйенің Смағұлдың әрі қарай елде қызмет жасауына тыйым салуы қазақ мәдениетіне, руханиятына, өнеріне, оқу-ағартуына, ғылымына жасалған қиянат болатын.
Смағұл және қазақ баспасөзі
Смағұл Cәдуақасұлы қазақ баспасөзімен 1913 жылдан бері таныс десек те болады. Себебі, Смағұл естеліктерінде: «1913 жылы Полтовкада оқып жүргенде қолыма «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі тиді. Газет маңдайындағы киіз үйдің әдемі бедерін көргенде, халықтың жүрегін баурайтын терең сөздерді оқығанда, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді» деп жазады.
1920 жылы 2 желтоқсанда Қазақ мемлекеттік баспасы жанындағы қазақ тілінде жазылған кітаптарды сұрыптайтын редакциялық алқа құрамына кірді. Осы тұста қазақ көсемсөзі шағын мақалалардан әр түрлі тақырыптағы арнаулы зерттеулерге дейін өсті. Смағұлдың өзі де басқаларға үлгі болып «Жастарға – жаңа жол», «Кооперация һәм қазақ шаруасы», «Жастармен әңгіме», «Ұлт театры туралы», «Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» секілді оқырмандарға деректі, танымдық әсер беретін бар кітапшалар жазды.
Смағұл қазақ тілінде жазған мақалаларында «Смағұл С.», «С», «Біреу», «Сауықшы» атты бүркеншек есімдерді қолданған. Бұл бүркеншек есімдердің мағыналарына тоқтала кететін болсақ, «Біреу» – жалғыз деген мағынаны білдіретін жинақтық сан есім. Бұл жерде айтпағымыз бұл сөз «әйтеуір біреу» деген мағына емес. Осы кезде М.Әуезов пен Ж. Аймауытұлы «Екеу» деген атпен мақала жазғаны да белгілі. Ал, «Сауықшы» – бүгінгі тілмен айтқанда театршы деген сөз. Басқа мағынамен шатастырудың керегі жоқ. 1920 жылдары театрды – қазақша «сауық» деп атаған. Тағы айта кететін жайт, Смағұл жазған еңбектеріне «Смағұл Сәдуақасұлы» деп қол қойған. Ал, орыс тіліндегі мақалаларына
«С. С. С-ов» деген болатын.
Көсемсөзшінің көсемсөздік мұраларын ғалым, алаштанушы, смағұлтанушы, академик Дихан Қамзабекұлы төрт тақырыпқа жүйелеген: 1) қоғам, әлеумет, саясат мәселелері жөніндегі мақалалары (баяндамалары); 2) оқу-ағарту ісі туралы мақалалары (баяндамалары); 3) театр өнері хақындағы мақалалары; 4) танымдық, ғылыми-көпшілік еңбектері.
Жас азамат Смағұлдың саясаттағы тұсауы «Бірлік» ұйымында кесілсе, қаламы «Балапан» журналында ұшталған. Қысқа ғұмырында қазақ баспасөзіне сүбелі үлес қосып, әртүрлі бағыттағы мақалалар жазып тұрды. Алғашқы жылдары «Жас азамат» комитетінің үні – «Жас азамат» газетінде мақалалары жарыққа шығып тұрды. Бұл басылымның да уығын Смағұлдар шаншыған болатын. Көсемсөзші болып қалыптасуына да осы газеттің көп септігі тиді.
Бұдан кейін Сібір РКСМ-ның қазақ-татар секциясы апта сайын шығарып тұрған «Еңбекшіл жастар» мен «Қызыл шарх яшляри» газеттері Петербор, Мәскеу, Омбыдан да табылмағанымен, алайда, С.Сәдуақасұлы жаңағы газеттердің алғашқысына редакторлық еткені мәлім (Смағұлға арналған мұнақып. «Известия» газеті, 18.XII.1933 жыл). Смағұлдың әдебиетімізге түгел талдау жасаған «Қазақ әдебиеті» атты мақаласы (1919 ж, №1) «Трудовая Сибирь» журналында жарық көрген.
1920 жылы қыркүйектің ортасына дейін Омбы қаласында болғандығын өзі шығаруға ат салысқан «Кедей сөзі» газетіндегі мақалалары айғақтайды. Осы газетте Смағұлдың «В.Ленин» (1. V. 1920 жыл, №11) атты мақаласы жарияланған. 1920 жылы қыркүйек айының аяғында Орынборға арнайы шақырылып, Аймақтық жастар комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалған болатын. Бұл лауазымның ресми атауы: Қазақстан Өлкелік комсомол бюросының саяси хатшысы. Жас қайраткерге осы тұста «Авангард Красного Востока» журналының редакторы болу қоса жүктеледі. Осы қызметтерін 1921 жылдың сәуір айына дейін атқарды.
Орынборда Қазақ автономиясы атынан шығатын екі газеттің бірі қазақша тілде шығатын «Ұшқын» болатын. Екіншісі, орысша тілде қазақ хабарларын тарататын газета. Төңкеріс комитетінің комиссиясы жалпы топ мүшелерінен 10 шақты кісіні шақырып, газетаны шығарып тұруға тапсырады. Бұлардың тізімінде Смағұл Сәдуақасұлы да болады. Ол ғылым һәм шаруашылық туралы жазылатын мақалаларға жауап беретін адам болып тағайындалды. Бұл газет ұжымы «Ұшқын» деген атауын қазақ автономиясының кіндігінен шығатын газетке лайықсыз деп тауып «Қазақстан» болсын деген қаулыға келеді. Топ уақытында «Қазақстан» күніне бір рет шығып тұрды. Хабаршы: Шұға деп газетте жарияланғанымен съезд күндері бұрыңғы атауымен шығып тұрды. Бірақ та бұл газет көп кешікпей «Еңбек туы» болып жарық көре бастады. «Еңбек туы» газеті Қазақтың Атқарушы Кіндік Комитеті һәм ВКП-ның аймақтық қазақ бөлімінің атынан шықты.
Смағұл 1922 жылы жастардың «Өртең» атты газетін шығаруға ат салысады. Бұл басылымда да Смағұлдың өткір де, ұшқыр ойлы мақалалары жарыққа шығады. Бірақ та ғұмыры қысқа болды. Тек 1922 жылы қараша, желтоқсан айларында ғана шығып, 29 желтоқсанда «ұлтшылдық бағыты үшін» арнайы үкімет шешімімен жабылып қалды. Архив деректеріне қарағанда «Қызыл Қазақстан» журналына да 1924 жылдың қараша айы мен 1925 жылдың шілдесі аралығында редакторлық еткен. Бұл бүгінгі «Ақиқат» журналы.
1925 жылы қаңтардың басында Смағұл Сәдуақасұлы «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты шығаушысы болып тағайындалады. Бұған дәлел, сол кездегі дәстүр бойынша газет соңында кім шығарғандығы екі тілде жазылған. Сол жерде қазақша: «жауапты шығарушы Смағұл Сәдуақасұлы», орысша «редактор Смагул Садвокасов» делінген. Бұл басылымға 1925 жылдың 8 қаңтарынан бастап 1926 жылдың 20 ақпанына дейін редакторлық етті. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, С. Сәдуақасұлы басқарған жылдары «Еңбекші қазақтың» деңгейі өсті. Газет тек ресми материалдарды ғана жарияламай, танымдық, ғылыми дүниелерді басты. Смағұлдың өткір мақалалары да осы газетте басылды. Театр туралы толғаныстары да осы газет арқылы күллі қазақ еліне жетіп отырды. Әбдірахман Байділдаұлының Смағұл Сәдуақасұлын қаралау, жамандау мақсатында жазған хатына сүйенсек мынадай деректерді келтіруге болады: Смағұл партия газетін басқарып отырған тұста Мағжанның ұлтшыл өлеңдерін, Әлиханның, Мұхтардың мақалаларын басты. Мағжанның «Жүсіпхан» дастаны, Мұхтардың идеалистік бағытта жазылған театр туралы мақалалары жарияланды. Әбдірахман Байділдаұлының осы арызынан кейін бюро оны қолдап, Смағұлды «Еңбекші қазақтың» редакторлығынан алып тастады.
Смағұл жазған мақалаларға тоқталар болсақ, олар тарих сынынан сүрінбей өткен туындылар. Кейінге бере алар өнегесімен, баяндылығымен қазіргі таңда да өзектілігін жолғатпады. Смағұлдың әр уақытта да қолынан қаламы түспегенін, барлық басылымдарда мақалалары жарияланып тұрғанынан аңғарсақ болады. Ол өз заманындағы баспасөзге баға беріп, олар туралы «Баспасөз жазушылар» атты мақаласында былай дейді: «Осы күні Қазақстанда оннан артық қазақ тілінде газет шығып отыр. Бұлардың ішінде өз әлінше жақсылары да бар, жамандары да бар. Бірақ, газеттеріміз мойнындағы міндеттерін көңілдегідей атқарып отыр деп мақтана аламыз». Ал, «Бірінші мақсұттарымыз» атты мақаласында: «Бірінші қадам – оқу. Оқу – дүниенің айнасы. Түгелімен дүниені соның ішінен табасың», – деп оқудың маңыздылығын, «ескіні сілкіп тастап, жаңаны орнату үшін бізге бірінші қадам – оқу, білім» екенін жете түсіндіріп кетеді. «Азық-түлік мәселесі» деген мақаласында «Ел ұйымының басына өзі елді сүйетін адамдарды қою керек» деген тамаша сөзді айтады. Бұл сөз бүгінгі күнмен де, болашақпен де әрқашан үндесіп жатады. «Түркістан жастары» атты шағын мақаласында Түркістан автономиялы республикасындағы жастардың белсенді іс-әрекеттерін тілге тиек етеді. Түркістан жастарының бірлігін, ұйымшылдығын ерекше атап өтеді. Мақала соңында «Дүрілдетіңдер, жолдастар!» деген тілегін де білдіреді. Қайраткер әрі қаламгер тұлға көрген-білгендерін қағазға түсіріп отырды. Әркезде де қолына қаламын алып, мақала, баяндама, танымдық еңбек, хат, көркем шығарма да жазып отырды. Ол саналы ғұмырында осының бәріне үлгеріп кетті. Бір айта кетерлік жайт, бұл Смағұл жазған дүниелердің бізге жеткен мұрасы ғана.
Смағұл және жастар
1920 жылы қыркүйек айының аяғында Орынборға арнайы шақыртылған Смағұл Сәдуақасұлы Аймақтық жастар комитетінің хатшысы болып тағайындалды. Лауазымның ресми аты: Қазақстан Өлкелік комсомол бюросының саяси хатшысы. Жастардың ұйымдық істері жөнінде тәжірибе жинақтаған жас қайраткер 1920 жылдың қазан-қараша айларында Орынбор қаласында ашылған қазақ жастары курсында ұйымдық, іскерлік, шаруашылық мәселелері бойынша дәріс оқиды.
Осы тұрғыда айта кететін жайт, Смағұл Сәдуақасұлы Қазақстандағы алғашқы жастар одағының ұйытқысы болған тұлға екенін даусыз мәселе. «Қазақ автономиясы Жастар Одағының тұңғыш хатшысы» Смағұл болатын. Қазіргі таңдағы жастар ұйымы бұл ақпарды білуі тиіс. Қазақ жастарының одағы тарихында Смағұл көшбасында тұр.
«Көтеріл, жастар!» атты мақаласында: «Бұл шақтың қожасы – жастар. Біз жастарға сенеміз. Біз олардың жас жүрек, жаңа күшіне сенеміз. Біз олардың адал ниет, асыл тілегіне сенеміз. Біз барлық еңбекшіл жастарға сенеміз. Көтеріл жастар! Сенетініміз – сендерсіңдер. Сенімімізді ақтаңдар!»деп жастарға сенім білдіріп, сәттілік тілейді. Бұл сөздерді жазғанда Смағұлдың өзі де жас болатын. Жасы небәрі 20-да еді. «Немізге мақтанамыз, немізге өкінеміз» деген мақаласында жастар туралы: «Ендігі тілек – жастар. Не шықса да, солардан шығады. Болашақтың қожасы – солар. Жастардың жігері мол, қайраты күшті, екпіні қатты. Жастардың жүрегі ақ, көңілі адал. Жастарға тіл тигізген адам – арам ойлы кісі. Неше жылдан езілген қазақ жұрты еңірегенде тапқаны – жалғыз жастар!» дегенді айтады. Бұл сөзі арқылы да бар үміттің жастарға артылғаны, жастарға болашақтың жарқын бастамасына жетелейтін күш деп қарады. Бұны жазған кезде 22 жаста болған екен. Соған қарағанда өзінің қатарластарын рухты сөзбен қолдап, ел ісіне араласуға шақырғаны байқалады.
Смағұлды біз қазіргі таңда қазақ жастарының көшбасшысы, біздің биігімізде тұрған тұлға қарауымыз қажет. Смағұлдың өмір жолы адамға жалын береді. Еңбекке шақырады. Ұлтқа қызмет етуге баулиды. Сондықтан, біз, Смағұлдай тұлғамызды тұғырымызда ұстауымыз қажет.
Смағұл – жазушы
Смағұл Сәдуақасұлы әдеби ортаға жазушы ретінде де танылған қайраткер. Смағұл қаламынан «Сәрсенбек» атты роман. Бірақ та бұл толық аяқтай алмай кеткен романы. «Салмақбай, Сағындық», «Күміс қоңырау» деген повестері және «Өртең», «Аптономия», «Салмақбай, Мақамбет» деген әңгімелері де бар. Ал, «Күлпаш» атты туындысын кейбір зерттеушілер повесть десе, енді бір өзге топ роман деп те көрсетеді.
«Сәрсенбек» романының қолжазбасы біршама уақыт қайраткердің жары Елизавета Әлиханқызы Сәдуақасованың қолында сақталған. 1957 жылы Мұхтар Әуезұлы
Е.Әлиханқызын арнайы Мәскеуге іздеп барғанда осы романның қолжазбасы Мұхтарға табысталады. Қазір бұл қолжазба М.Әуезұлының мұражайында сақтаулы тұр. Оны қазіргі әріпке түсірген – Гүлжамал Дәуітова. Шығарма 1920 жылы 27 шілдеде алғаш «Мінсіз» атты повесть түрінде жоспарланған, 1922 жылы 21 қарашада «Сәрсенбек» атымен қайта жазылған. «Сәрсенбек» – 1916 жыл оқиғасын арқау еткен қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман. Бұл шығармада үш желі қатар жүріп отырғандықтан роман талабына сай. Ол үш желі: 1) көтерілісшілердің күрес барысы; 2) қаладағы оқығандардың пікір қайшылығының жай-жапсары; 3) Күлпәшқа қатысты оқиғалар. Бұл роман Ахмет Байтұрсынұлы ескерткен «тұрмыс сарынын түптеп, терең әңгімелеу» бар.
«Салмақбай, Сағындық» – Смағұлдың кооперция ісін насихаттауға құрылған повесі. Кейбір әдебиет зерттеушілері «роман» деп те айтып жүр. Жазушының бұл шығармасы туралы Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышында» бір ауыз сөз айтып, жанрын «ұзақ әңгіме», қазіргіше «повесть» деп атаған болатын. Бұл повесть 1924 жылы «Салмақбайдың ауылында қалайша каператса ашылды?» деген ағартушылық атпен Орынборда жарық көрді.
«Күміс қоңырау» – әлеуметтік-психологиялық повесть. Бұл шығарманың «ұзақ әңгіме» екенін бір кездері Б.Кенжебайұлы айтып кеткен болатын. Шығарма бірыңғай хаттардан тұрады. Қошқарбай, Сейілбек, Сәлима, Нағималардың арасындағы бір-біріне жазған хаттары. Бас аяғы он хат арқылы төрт кейіпкердің бір-біріне деген сезімін, қоршаған орта, өмір сүріп жатқан қоғамын, қазақ қалпы туралы көзқарастары мен толғаныстарын көрсетеді.
«Күлпәш» жайлы жоғарыда айттық. Смағұлдың журнал бетін көрген шығармасы (үзінді). Ол «Жаңа мектептің» 1926 жылғы 6-санында және «Әйел теңдігі» журналының 4-5 сандарында жарияланған. Соңғы журнал: «Бұл әңгіме жазушының баспаға даярлап жүрген үлкен романының бір бөлімі» дейді. «Сәрсенбек» романында Күлпәшқа қатысты желі бар. Бірақ, екі нұсқа нақпа-нақ бірдей емес.
Ал, «Өртең», «Аптономиа», «Салмақбай, Махамбет» әңгімелері зерттеушілер тарапынан жақсы бағаланған туындылар. Үш әңгіме де Ресейдің ұлттық кітапханасында (Мәскеу, Химки) сақталған қазақ газеттерінен табылған.
Журналист М.Ж. Ысмағұловтың жеке архивінен табылған дерекке қарағанда, «Смағұл орыс тілінде роман жазыпты. Ол бұл шығармасын орыс жазушысы М.Горькийге көрсетіпті. Горький оған: «Неге орыс тілінде жаздың?», – деп сұрақ қойғанда, Смағұл: «Қазір орыс тілін көп жұрт оқиды. Сондықтан, қазақ тілімен ғана шектелгім келмеді», – деп жауап беріпті. Сонда Горький: «Егер ана тіліңде жазғанда, бұл романды жазу саған жеңіл соғар еді. Әрі қазіргісінен әлдеқайда көркем шығар еді», – деген екен. Бірақ, ол шығармасын аударуға ғұмыры жетпеген. Романның қолжазбасын әйелі Елизавета
М.Әуезге беріпті. Бұл деректі М.Ысмағұлов Е.Әлиханқызының өз аузынан естігенін жазады.
Смағұл Сәдуақасұлы қаламгер ретінде үш әңгіме, үш повесть, бір роман жазған жазушы. Бізге белгілі осы көркем шығармалары туралы азды-кем ақпар беріп өттік. Жазушы ретінде қазақ әдебиеті тарихында орны бар тұлға. Проза жанрының қалыптасып, дамуына зор ықпал жасады. Сондықтан, біз Смағұлды әдебиетте де қарымды қаламгер ретінде танып, мұрасын дәріптеуіміз керек.
***
Смағұл Сәдуақасұлының бізге жеткен мұралары – қазақ халқының сарқылмас байлығы, рухани құндылығы. Барлық салада да жемісті қызмет атқарған Смағұлдың өнегелі істері барлық адам үшін Қысқа ғана ғұмырында «байтақ елге асқар таудай пана болған» Смағұл – қазақтың ұлы тұлғасы. Тағы бір айта кететіні, Смағұлдай арысымыздың бүгінгі күнге оралуына көп еңбек сіңірген тұлға – профессор Дихан Қамзабекұлы. Қазіргі таңда Смағұлдың барлық шығармаларын жинақтап, 3 томдық шығармалар жинағын да шығарды. Мәскеу қаласындағы сүйегінің күлін де Нұр-Сұлтан қаласына әкеліп жер қойнына тапсырды. Смағұлдай арысымызды танытуда академик Дихан Қамзабекұлының еңбегі орасан зор!
Ерден НҰРАХМЕТ.