«Абылайдың қара жолымен» жоғымызды жоқтап, барымызды бағамдап оралдық

Ұшқан құстың қанаты талып, тұлпардың белі кететін, қазақы шапанның етегіндей мол пішілген, кеңдігі көрген көздің майын суы-ратын Арқа даласының бір пұшпағы хандар мен батырлардың, би, шешен, жырау, сал мен серінің киелі бесігі, құт мекені болған жер шоқтығы, жер сұлуы, аққайың, қарағайы сұлудың беліндей ырғала тербелген, арудың жанарындай мөлдір, тұнық айдын көлді, таулары аспанмен астасқан, ақындар шабытына арқау болған көк күмбезді Көкшеден аттанған академик Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған «Абылайдың қара жолы» атты ғылыми-танымдық экспедиция шілде айының отыз бірінші жұлдызы күні бабалар жүрген жолменен ілгері жүрген еді. Алға қойған негізгі мақсат, шежіре ғасырдың астарында, қарт тарихтың қойнауында жатқан бұрын-соңды ашылып, анықталмаған тың дүниелерді тауып, тарихтың ақтаңдақ беттерін қайта бір жаңартып, ел үшін, жер үшін шаһит кешкен баһадүр бабалар жолын ұлықтай отырып, оны бүгінгі дәуірмен ұштастыру еді. Мақсат орындалды, сенім ақталды. Мұрат қажы бастап, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қанат Еңсенов ғылыми жетекшілік еткен бұл экспедициялық топтың өзгеден ерек болмыс-бітімі бөлекше еді. Олай дейтініміз, он жеті адамнан құралған экспедиция құрамында Абылай ханның кіндігінен тараған Ханқожаның ұрпағы, төре тұқымы Аманкелді Нашарбеков, сонау Кентау қаласынан арнайы келіп қосылған Алаштың азаттығы, ұлттың ұлы мұраты жолында басы барды иілтіп, тізесі барды бүгілтіп, арыстандай арпалысып өткен Кенесары ханнан тараған Оспан шөбересі Құрманғазы Қырқынбайұлы, Шоқан Уәлихановтың кіндік ұрпағы Мәліктің шөбересі тарихшы Дулат Серғалиұлының болуы экспедиция тобының айбынын айшықтап, шоқтығын биіктете түсті. Осы жолда қомақты олжа, тың жаңалықтармен қанжығасы майланып, қоржыны толыға түскен экспедицияның келер күн, келешек тарихқа қосқан үлесі сүбелі болды десек, артық айтқан сөз емес.

Арысын айтпағанда, берісі жетпіс жылдың көлемінде Ресейдің отарлық жүйесінің таптауында қалып, сартап болған тарихымыздың көмескі беттері айқындалып, қайта түлеп жаңара түскендей. Көкжиегіне көз жетпейтін ұлан-ғайыр қазақ даласының қай түкпіріне, қай бұрышына барсаңыз да, бабалар атының тұяғы салған соқпаққа, шежіре сүрлеуіне жолығасыз. Тарихы мен мәдениеті ықылым заманнан өзгеден озық болған қазақ даласы жерасты байлығын айтпағанның өзінде, жер бедерінің жаратылыс құрылымының, көркіне көз тоймас сұлулығының өзі бөгденің көзін сүздіріп, көңіл құртын түсірмей қойсын ба. Аллаға сыйынып, ақ жол тілеп аттанған топ әу деп ат басын Абылайдың ақ туын ұстап, атой салған атақты сардары Қанжығалы қарт Бөгенбайдың, аузымен құс тістеген ділгір жырау Үмбетейдің елі –
Ерейментау еліне бұрған еді. Ереймендегі алыстан мұнарта көрінген Жау шоқының өзі алыс ғасырлардан сыр шертеді. Осы өңірдегі Саққұлақ, Едіге би сынды бабалар рухына құран оқып, тәу етіп, жер шырайы шығысқа бет түзедік.
Баянауыл аға сұлтан Мұса Шормановтың, атырабын әнімен тербеткен Жаяу Мұсаның елі. Баянауыл басынан бұлт кетпес, Қиядағы түлкіге қолым жетпес. Ақбоз үйдің сыртынан шығарып сап, Хош ағатай дегенің естен кетпес. Халық әніндегі әсем табиғатымен еріксіз еліктіретін, кезінде өзін ән алыбы Біржан салдың шәкірті санаған, Біржан әндерін кеңінен насихаттаған Естай Беркімбайұлының елі Баянауылға келіп, ат арқасын суыттық.
«Жетпіс үшке келгенше балталасаң да өлмеймін, Жетпіс үштен асқан соң майға бөлеп қойсаң да әрі өмір сүрмеймін» деп көзі тірісінде жаназасын шығарып, асын берген, елу жасында фәниден қашан кететінін болжаған сәуегей, ғұлама ойшыл, пәлсәпашы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қабіріне зиярат етіп, құран оқып, экспедиция тобы атынан құрбан шалып, әрі қарай сапарымызды жалғадық.
Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Сенен бұлт менен қайғы тарқамады.
Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы.
Атына заты сай, тау-тасы, сай-саласы әнге бөккен, Мәдидей бозтаңдай әншіні дүниеге әкелген, аға сұлтан Құнанбайдай қажы мешіт салдырып, жамағатын ұйытқан ғажап өлкеге келіп ат айылын босаттық. Осындай киелі топыраққа табан тіреп, ат шалдырып аттанған біздер өлең сөздің патшасын іздеп, Жидебайға ат мойынын создырдық. Қырат-қырат белдері сағыммен астасқан, жусаны мен изені, жалбызы мен алаботасы аралас өсіп, жұпар иісі көңіл хошын шақыратын, бала Абайды дүниеге әкеліп, дана Абайға айналдырған, бозында бозторғайы ән салған, құшағы кең салқам дала. Осынау дархан далада туып, самалын жұтып, жерінің сөліне қанып өскен Абайдың дара болмағы, дана болмағы заңды секілді.
Бұл – өнердің өлкесі. Сондықтан болар, ән падишасы Біржан салдың Ақшоқыда Абаймен кездесіп, үш айға жуық қонақ болып, Арқа мен Шығыстың ән мектебін бір арнаға тоғыстырып, ұштастыруы тегіннен тегін болмаса керек. Жалпы, тарихтың мәйегі мен дәйегі, қазақылықтың қаймағы қалпы бұзылмаған шұрайлы да шырайлы Шығыста жатқан секілді көріне береді. Жау қоршауында қалып, арыстандай арпалысқан Хан Абылайға астындағы көк дөненін түсіп беріп, «құтыл хан ием, мен өлсем қазақтың екі қатынының бірі ұл табар, сен өлсең қаумалаған Алашың қайда барып жан табар» дейтін көкжал қос бөрі иесі бар, сол кезде жасы небары он жетіде ғана болған Абылайдың оң тізесінен орын алған Керей Ер Жәнібек батырдың зираты шығыста Қалба тауларының бауырында жатыр. Аждаһадай жалмап, селдей қаптаған Жоңғар қосындарына күйрете соққы берген Абылай хан қолының ең ірі екі шешуші шайқасы осы өлкеде өтті. 1750 жылғы сексен күнге созылған Шорға шайқасы, онан кейінгі Абай ауданының орталығы Қарауыл жері, Тоқтамыс ауылының маңында Қоңыр әулие үңгірінің алдындағы қырат ойпаттарда 1757 жылы болған атақты Шаған шайқасы. Осы шайқаста кірген жерін тесік қып, шыққан жерін есік қып, қаптаған жауды баудай жапырған Қабанбайға Хан Абылайдың Дарабоз деген атақ бергені де осы жер. Ат шаптырым аумақты түгел алып жатқан осы жерде Абылай хан сарбаздарының қорым зираттары мөлшерсіз көп. Қорымды жете зерттеген экспедицияның ғылыми жетекшісі Қанат Еңсенов әр қорымнан үш жүздің түгел руының тасқа басылған таңбаларын тауып анықтады. Бұл осы сапардағы тың жаңалық, үлкен олжа еді.
Шайқаста қаза болған сарбаздар рухына арнап арқалы ақын Несіпбек Айтұлы ескерткіш тақта тас қойыпты. Мінекей, бабалар ерлігіне құрмет осылай болса керек. Шөккен нардай болып ұзыннан-ұзақ созыла жатқан күдері жон Алтай-Тарбағатай тау сілемдерінің жота қатпарларын сүзе жортқан біздің топ Қытаймен шекаралас жатқан Жоңғар қақпасына ат тұмсығын тірей тоқтады. Құбыладан ескен жібек желі бозінгендей боздап сыр ақтаратын, бетегелі белдері көне заманды көзіңе елестетіп еріксіз тұңғиығына тартатын пәруәни дала. Тұнып тұрған тарих. Қазақ қосыны Жоңғар жойыттарына ойсырата соққы беріп, ентелеген жаудың мысын басып, қанатын қайырған жер. Әлі күнге дейін қазақ даласында шеп құрып, жат көзден кірпік қақпай күзеткендей болып сол замандағы сардарлар мен сарбаздардың қорым зираттары жатыр. Батырларға тәу етіп, жер ұйығы Жетісуға ат басын бұрдық. Құжыра тас заңғар тауларымен көмкерілген, бұлағы балдай, әр тал шөбінің өзі шежіре сыр шертетін киелі мекен. Сал Біржанның іздеп келіп, айтысатын ақын Сара Тастанбекқызының елі. Өзінен қырық жас үлкен адамға айттырып қойған жерінен батасын бұздырып, Сараға азаттық алып берген де Біржан сал бабамыз екен.
Омбыда Дюменге өтініш қып,
Қорғауға сол баланы құрған тордан.
Сарадай балғын қызға қамқорлық қып,
Құтқардым жауыздардың тырнағынан, –
дейді өз өлеңінде Біржан сал. Теңдік әперген өкіл ағасы Біржанға Сара алтын білезігін сыйлаған екен. Бір жиында Жанбота мен Азнабай Біржанға ән айт деп қолқа салса керек. Сонда Біржан:
Бұрынғының жақсысы тәмам болды,
Ендігінің жақсысы жаман болды.
Арғымақ аяғынын арқан шалып,
Тұлпардан есек озған заман болды.

Бұрынғының биіндей би қалмады,
Ендігінің биінде ми қалмады.
Хатым құран оқыған молдалардан,
Өлікке одан басқа сый қалмады, –
деген екен. Осынау қос шумақтан Біржан салдың беделі бел қайыстырған қос болыстан қаймықпаған бірбеткей тектілігін, ақиқатшыл алмас мінезін көресіз, сүйсінесіз.
Қойнауына неше мың жылдық тарихаттың құпияларын бүккен миуани даланы, түкпірлете қазып зерттей, зерделей түсу қажет. Тоқырауынның бойы түгел майдан алаңы болған, тұңғыш рет Абылай бастаған қазақ жасағының Жоңғарға соққы берген жері. Алашқа атағы мәлім Қараменде, Сана, Шабанбай би, Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбай сынды көсемдер шыққан, Жидебай, Жалаңтөс, Сеңкібай, Ағыбайдай баһадүрлер, Найманбайдың Әсеті мен Қошқарбайдың Шашубайы сияқты өнер тарландарын тудырған қасиеті бөлек жер. Жетісу өлкесінің Арқа жұртына ардақты ыстық келетін бір себебі, осы жерде қазақтың ұлы ғалымы, жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы демократтық, мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этногроф, географ, ағартушы әрі саяхатшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың мәңгілік мекені, зираты жатыр. Кесене басына 1881 жылы ақ патшаның генерал губернаторы Фон Кауфман Колпаковский құлпытас қойған екен. Бұл – шексіз құрметтің белгісі. Жоғалтқан дүниеміз көп, ұшан-теңіз, соның бәрін түгендеп, түптеп қайта жаңғырту осы шақтың үлесінде. Кеңестік дәуірдің түлкі құйрық, құйтырқы саясаты тарихты бұрмалап, жауһар дүниелерді бізден жасырып келді.
Егемен ел болғалы өтіріктің өліарасына тұншықтырып, бүркеп келген ақиқаттың таңы атып, күні шығып, қайта бусанып түлей бастады. Оған дәлел Шоқан ұрпақсыз өткен деген лақаптың бүгінде тоны шешілді. Жоғарыда айтқанымыздай, Шоқаннан тараған Мәліктің шөбересі Дулат Серғалиұлы деген азаматтың өз арамызда Көкшеде жүргендігі. Бұл Шоқанның жары Айсарыдан туған ұл Мәліктен – Қабдөш, Қабдөштен – Ербатыр мен Серғали, Серғалидан – Дулат. Сұңғыла қариямыз Мұрат қажы бастаған топ Көкше жерінен ала барған топырағын Шоқан зиратының топырағына қосып құран бағыштап, шөпшегі болған Дулат ағамыз баба аруағына арнап құрбан шалды. Бір ғажабы, Жаратқанның өзі белгі бергендей, ұрпағының келгенін Шоқан аруағы сезгендей, топырағын қояр сәтте аспанда түйір бұлт жоқ бола тұра, ғайыптан қас қағым сәттік қана сіркелеп жаңбыр тамшылары өте шықты. Жақсы ырымға баладық. Ет пісірім уақыт аялдап, жетісулық ақжарма ағайынның ыстық ықыласына риза болып, хош айтысқан экспедиция ат сулығын түре қайырып, Қордай асуына жол тарттық.
Қазақияның оңтүстік өңірі ежелден дәнегі дәнді, болмысы мәнді бақ қонып, Қызыр дарыған ел ғой. Төрт мезгілі көшпелі елдің қолайына жаққан, Қазтуған жыраудың жырындағы «Жатып қалған бір тоқты жайылып мың қой болған жер, Жабағылы жас тайлақ жардай атан болған жер. Шырмауығы шылаулы шөккен түйе таптырмас, Суда ойнаған балығы көлге жылқы жаптырмас» десе дейтіндей сұпы бөлек сары мекен.
Қордай асуы – зобалаң жылдардың сорпасы қайнап суалған, Алаштың азаттығы жолында талай ерлер алмасын қанға суарған, қара орман халқы үшін, Атамекен жер үшін тұлпарының тұяғы жер тарпып, ақ найзасын көкке шанышқан, ақ патшаның құлдық қамытын ұланыма кигізбеймін деп, бұрымдымды күң қылып, басын игізбеймін деп, басы барды иілтіп, тізесі барды бүгілтіп, ақ патшаның екі басты самұрық құсына алдаспанын білеп өткен дүр баба Хан Кененің шаһит кешкен жері. Адам Ата жаралғалы пенде баласына қоса қабат телінген көркеуделік, күншілдік пен қызғаныш, аярлық пен опасыздық, біреуі таққа мінсе қырығы атқа мінетін әупірім әумесер атақ құмарлық мінез, елі үшін еңіреп туған асыл ердің басын жұтып тынды. Амал не?! Жазмыш солай дерміз. Әлі күнге баһадүр хан бабаның басының өзеленген өзгенің еншісінде жатқандығы намысыңды шаншылап, өзегіңді жаншылайды. Қазақ пен қырғыздың шекарасы тоғысқан тұсы Қордай асуында, Кенесары ханға арнап қойылған үш жүздің түгел рулары және де қаны бөлек өзге ұлттардан да қойылған сүре тастар бар екен. Осы қорымда інісі Наурызбай батырдың, өзге де сардарлардың бейіттері жатыр.
Туған жері Көкшетаудан болаттан жасалған құтыға салып алып келген елінің топырағын шаһит кешкен жеріне табыс етіп, рухына арнап Көкшедегі аймаңдай ағайынның атынан құлпытас орнатылды. Құлпытас басында, бабалар алдындағы парызын мысқалдай болса да атқарғандығының, бір жұбаныш, бір қуаныштың, жүректегі терең толқыныстың әспетінен болар, тебірене сөйлеген Мұрат қажы ағамыздың жанарынан жас тамшылады. Бұл – есемсоқ есер заманға есесі кеткен боздақтарға деген аяныштың, сағыныштың жасы. Бұл – қазақтың елдігі, егемендігі жолында қасық қаны қалғанша күресіп өткен батыр бабалар алдындағы титтей болса да перезенттік борышының өтелгендегі қуаныштың жасы.
Біз солай деп түсіндік. Осынау алып таулар бауырайын кер төбелер көмкерген, жартастарына замана құпиясын жасырып, үнсіз мүлгіген таулы өлке Қаракемер ауылымен хош айтысып, қыз бұрымындай бұрала аққан Шу өзенін бойлай, кезінде Үлкен Орда, Кіші Ордалар қоныс тепкен Шу даласына бет алдық. Жалпы, оңтүстіктің елі ертеден қара жердің емшегін еміп, өнімін таңдайына басқан ел ғой. Қара жолдың бойымен желе жортып, ат басын жіберіп, аңыратып келе жатыр едік, жол шетіндегі күркешікті көріп тоқтай қалдық. Қызықты қараңыз. Өзіміз тамсана жейтін қауын-қарбыздың жеті атасын сатып тұрған, қазақша сөйлегенде шіләпәңді шыр айналдыратын ұлты неміс Люда деген апайымыз, апайымыз емес-ау, жеңгеміз боп шықты. Жеңеше дейтініміз қазаққа келін екен, сегіз құрсақ көтеріпті. Сөйлесе келе, біраз сырдың сандығын ашып тастады. Күйеуі ерте қайтыс болса керек. Тіршілік деген соқаның тертесін сүйрей жүріп, белі талса да еңсесін түсірмей, ұл мен қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, ел қатарлы өсіріп-өндіргенін, бүгінде ұлын ойға, қызын қырға қондырып, бейнетінің зейнетін көріп отырғанын демде айтып салды.
Жасынан тағдыр тауқыметін көп көрсе де иілмеген, жасы жетпістен асса да белі бүгілмеген, қажыры қайтпаған осы бір кейуанаға деген құрмет шексіз. Әулетімен түгелдей диханшылықты кәсіп етіп, жер көбесі жібісімен ерінбей еңбек етіп, жаз ортасында жемісін көретін, күзге дейін үстеме өнімін тағы да алатын бұл ағайын аузынан ақ май ағызып отыр. Егіннің ебін, Сауданың тегін, Үйреніп ойлап кәсіп қыл дейтіні ұлы Абайдың осындайдан болса керек-ті. Ұлты неміс демесең, қазақы мінез қанына сіңіп, біте қайнасқан қазаққа бергісіз жеңешеміз дәмді дәнегін алдымызға тартып, тары көжесінен дәм татқызып, бәйек болды, ризашылығымызды айтып тоқым кептіріп, атқа қондық.
Бет алысымыз сұба созылған көмір мен темірге бай қолаты қойдай Қарағанды даласы, Балқаш қаласы. Бір шетінен бір шетіне көз жетпейтін, бақасы шулап, балығы тулаған, киесі кетпеген, берекесі кеппеген Балқаш көлі, асты байлық, беті самал. Бұл – Абылайдың айдарлы қол басылары Ақжолтай, Ағыбай батырлардың жатқан мекені. Жорықтан шалдығып келіп, ат шалдырып бел шешіп дамылдаған жер. Ақжолтай, Ағыбай батырлардың бейіті Киікті елді мекенінің оңтүстік шығысына қарай қырық бес шақырым жерде жатыр. Алашқа аты мәлім батыр Баян, Баянның батырлығы әмбеге аян деп басталатын Мағжанның жырына арқау болған Абылайдың өзі Баянсыз жорық бастамаған, батырлардың сырттаны болған уақ елінен шыққан батыр Баян Қасаболатұлының кесенесі осында. Жерленген жері Қарағандының Шет ауданы Ақжал ауылында Сары-Баян жотасының үстіртінде. Шет ауданы десе дегендей, ел шетін шегендеп, шекарасын бекемдеп, Ақсу-Аюлыда Шабанбай бидің, Жидебай батырдың кесенелері тұр. Одан бері де Осакаровка ауданы аумағында Шүршіт қырылған деген төбе бар.
1756 жылдары шегірткедей қаптаған шүршіт-қытайды, дала бөрісі тектес қазақ қолы ойран-топырын шығарып баудай түсірген, әлі де тереңдей зерттеуді қажет ететін нар төбе жатыр. Жүрісі жайлы, жанға тыныш заманауи көлікпен жүйткіп, жеті мың шақырымдық жолды артқа тастап, беліміз үзіле жаздаған біздер, кезінде бабаларымыздың осы жолды аттың жалы, түйенің қомында толарсақтан саз кешіп, тоқым жастанып жүріп-ақ жортып өткеніне қайран қалып, таңдай қағасың. Неткен жанкештілік! Осыдан кейін бабалар рухына бас имей көр.
Сапарымызды аяқтап Көкшеге ат басын меңзеген біздер, бетегелі боз даланың әр түкпірінде жатқан бабалар рухы, қазақ даласын сұғанақ сұқ көзден, мыстан ойлы, мысық тілеулес жат пиғылдан әлі де қорғап, қолдап тұрғандай сезіндік. Көңілдің көк жиегі ашылып, рухымыз көтерілді. Жаңардық, жасардық, түледік. Осы сәтте экспедиция мүшелерінің әр қайсысы да Алаш үшін атойлап атқа қонуға дайын еді. Жоғымызды жоқтап, тегімізді тектеп, түбімізді түгендеп, барымызды бағамдап, өткеніміз бен бүгінімізді бүге-шігесіне дейін санада саралап, асылын сүзіп, даралап келер күн, келер ұрпақ үшін түбі бір Түркінің ата тарихын тайға таңба басқандай айқындап беру –
бізге парыз екенін түсіндік.
Дәулет МҰХТАРХАН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар