Кеше Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қа-зақ музыкалық-драма театрында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан хал-қына арнаған Жолдауын талқылауға арналған облыс активінің жиналысы болып өтті. Активте Жолдаудан туындайтын келелі міндеттер туралы облыс әкімі Сергей Кулагин баяндама жасады.
Актив жиналысына соғыс және еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың, мемлекеттік органдар, кәсіпорын-ұйым меке-мелерінің басшылары, облыстық мәслихаттардың депутаттары, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, саяси партиялардың, этно-мәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың, жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Талай елді абдыратып үлгерген әлемдік дағдарыстан тек жұдырық болып жұмыла білген мықтылардың ғана жол тауып шыға алары айқын. Осы орайда, Мемлекет басшысы қазақстандықтарға сол жаңа жолды көрсетіп беріп отыр. Өңір басшысы бұл Жолдауды іске асырудағы әр ақмолалықтың алдында тұрған міндеттерді нақтылап берді. Активте баяндама жасаған Сергей Кулагин алдымен, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесі бойынша аймақта қолға алынар шаралар жайын баяндады. Елордамен іргелес жатқан облысымыз үлкен транзиттік әлеуетке ие. Бұл бағытта Ресей мен Еуропаға әуе қатынасын, Елорда маңындағы елді мекендер мен Щучинск − Бурабай курортты аймағының қатынас жолдарын заманауи талаптарға сай етуіміз қажет. Аймақтағы туризмді дамыту үшін бізге облыс орталығын Қызылорда, Ақтөбе, Орал қалалары мен Ресейдің Омбы, Новосібір, Түмен, Барнаул, сондай-ақ, алыс және жақын шет елдермен байланыстырар қосымша авиарейстер мәселесін шешуіміз керек. Зеренді, Қорғалжын Сандықтаудың тамылжыған табиғаты талайды тамсандырарлықтай. Аталған аймақтарды дамыту да күн тәртібінен түспейді. Бұл барлық ықылас осы өңірлерге бөлініп, басқалары назардан тыс қалады деген сөз емес. Облысымыздағы Аршалы, Жақсы, Шортанды, Есіл, Балкашин, Ақмол сияқты аудан орталықтарында 2020 жылға дейін автобекеттер салынатын болады. Ал, индустриалды инфрақұрылымды дамыту мәселесіне қатысты сөз қозғалғанда, Индус-трияландыру картасының алғашқы бесжылдығында өңірден 44 жобаның жүзеге асырылғандығын айта кетейік. Бұл бізге 4700 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Бүгінде екінші бесжылдыққа енгізу мақсатында жалпы құны 119 миллиард теңге болатын 79 жоба қаралу үстінде. Көкшетау, Степногорск қалалары мен Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандарында индустриалды аймақтар құру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуда баламалы энергия өндіру мәселесіне басымдылық берілген. Осы тұста, Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасының көпшілікке үлгі болып, қуаттылығы 750 кВт болатын жел генераторын орнатқанын айта кетейік. Халықты сапалы ауыз сумен қамту да маңызды мәселенің бірі. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында өңірде 22 сумен жабдықтау нысанының құрылысы жүріп жатыр. Ал, сегізі күрделі жөндеуден өткізілуде, тағы бірқатарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Жыл аяғына дейін бес елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылатын болады. Жылумен қамтуда алдағы жылы Макинск қаласы мен Бурабай, Ақмол ауылдарында жылу қазандықтарының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Келер бес жылдықта Көкшетау, Щучинск, Есіл, Ерейментау, Атбасар қалалары мен Аршалы ауылында бұл мәселені толығымен шешу көзделіп отыр. Тұрғын үй инфрақұрылымын нығайтуда аймақта 32 көпқабатты үйдің салынып жатқан жайы бар. Алдымызда жеке сектордан инвестиция тарту арқылы тағы да 800 үй тұрғызу межесі тұр. Көпшілікті толғандыратын жағдайдың қатарына әлеуметтік инфрақұрылымның жататыны рас. Өңірімізде үш ауысыммен оқитын Целиноград ауданының Тайтөбе елді мекеніндегі мектеп құрылысы келер жылы аяқталады. Елорда маңындағы елді мекендерге қоныстанушылар санының артуына орай Қажымұқан мен Семеновка ауылдарында үш ауысымды мектептердің пайда болу қаупі бар. Бұл жерде қосымша білім ордаларын салу кезек күттірмес мәселе. Бізде Жолдауда айтылған шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау да күн тәртібінен түспек емес.
Өз сөзін қорыта келе облыс әкімі:
− Біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Оны ойдағыдай орындау үшін ең алдымен, бірлігіміз бекем болуы қажет. Президентіміз атап өтпекші, біздің күшіміз бірлікте. Сондықтан да бір-бірімізге төзімді болып, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты сақтай білгеніміз жөн, − дей келе, өркендеудің басты кілтінің тек бірлікте екендігіне баса назар аударды.
Облыс әкімінің нақты міндеттерді жан-жақты саралаған баяндамасынан кейін облыстық мәслихат депутаты, облыстық аурухананың бас дәрігері Серік Аяғанов Жолдау-да айтылған халықты қолжетімді баспанамен қамту жайының елді мекендер мен шалғай аудандардағы медициналық кадр тапшылығын шешуге оң ықпал ететіндігін айтты. Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліпов нұрлы жолға жету үшін жастардың бо-йында қазақстандық патриотизмді қалыптастырып, ұлтаралық татулықты нығайтуға ардагерлер қауымының қашанда әзір екендігін жеткізді. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақмола жол бөлімшесі филиалының директоры Рамазан Айғайбеков болса, көліктік инфрақұрылымның дамуы өңірлер арасындағы алыс-беріс пен барыс-келісті жеңілдетіп қана қоймай, халықты жұмыспен қамтуға да үлкен әсер ететіндігін тілге тиек етті. Осы орайда, облыс орталығындағы жарты ғасырдан астам тарихы бар №16 орта мектептің директоры Балжан Төлемісова үш ауысымды мектептердің азайып, мектепке дейінгі тәрбие ошақтарының көптеп салынуының әлеуметтік дамудағы ілкімді іс болатынына тоқталып, білім саласына жасалып отырған осындай игіліктерге педагогтар мен шәкірттердің басты жауабы жоғары білім көрсеткіші болатындығына сендірді. Жолдау-да айтылған ел бірлігін нығайту мәселелеріне қатысты «Видергебурт» неміс қоғамы облыстық филиалының төрайымы Светлана Корнеева сөз сөйлеп, «Қазақстан» деп аталатын бір шаңырақтың астына біріккен ақмолалықтардың іргесін ыдыратпау жолында облыстағы этно-мәдени бірлестіктердің де аянып қалмайтындығын атап өтті. Ал, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 2 курс студенті Дастан Дәлелханов Жолдау-ды сәтті жүзеге асыруға жастардың қосар үлестерінің орасан екендігіне тоқталды.
Алқалы жиынды қорыта келе облыс әкімі Жолдаудың ұраншылдық үшін жасала салған қатардағы құжат емес, мемлекетіміздің басты бағдары екендігін ең алдымен, осы актив өкілдерінің түйсініп алулары қажеттігіне назар аударды. Халықпен кездесулер өткізіп, аталмыш құжаттың мән-мазмұнын түсіндіруге жол тартатын әрбір басшы оны жатқа білуі керек, Жолдаудағы әр бөлімді қарапайым жұртшылыққа түсінікті тілмен, мәселені қалыптасқан жағдаймен байланыстыра отырып жеткізуге міндетті. Сонда ғана әрбір азамат оның өзіне тікелей қатысы барын ұғынатын болады. Иә, расында да басты бағдарламалық құжаттың мәніне терең үңіліп, оны әрбір өңір тұрғынына жеткізе білу, ең бастысы, еліміздің нұрлы болашаққа бағыт алған межелі жолға жетуіне атсалысу – бәріміздің де азаматтық борышымыз болса керек.
Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.