Өткен сәрсенбі күні «Достар» мәдениет сарайында жиырма жеті мың мүшесі бар Көкшетау қалалық ардагерлер ұйымы оныншы есеп беру-сайлау конференциясын өткізіп, бес жыл ішінде атқарылған жұмыстарын қорытындылап, ұйым басшысын сайлады.
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев есепті баяндамасында аға ұрпақ өкілдерінің Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді қызу қолдайтындықтарын айтып, жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен бірлесе атқарылған ауқымды шаралар мен басым бағыттарға тоқталды. Қалалық кеңестің алты тұрақты комиссиясы мен 144 бастауыш ұйымының белсенді қызметінің арқасында зейнеткерлердің тұрмыс жағдайы мен денсаулығын жақсартуға бағытталған ауқымды шаралар ойдағыдай жүзеге асырылды.
Бұл орайда Ақмола темір жол бөлімшесі, «Тыныс» акционерлік қоғамы, «Алтынтау-Көкшетау» серіктестігі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, облыстық аурухана, Краснояр селолық округі бастауыш ұйымдарының белсенді қызметін, Х.Ғазизов, Б.Байлина, Г.Марченкова, Г.Николаева жетекшілік еткен тұрақты комиссиялардың іс-қағаздарын жүргізудегі, денсаулық сақтау мекемелерімен байланыс-ты жақсартудағы, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттаудағы үйлесімді жұмысын ерекше атап өткіміз келеді. Бастауыш ардагерлер ұйымдарында өткен есеп беру-сайлау жиналыстарында көпшілікті толғандырып жүрген бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, соғыс жылдарында тылда еңбек еткендерге қоғамдық транспортта тегін жүру, тегін дәрі-дәрмекпен жабдықтау, коммуналдық қызмет тарифі мен азық-түлік тағамдар бағасының өсіміне жол бермеу, т.т.
2017-2019 жылдары «Алмаз» және «Зеленый бор» санаторийлерінде жергілікті бюджет қаржысы есебінен 1720 соғыс және еңбек ардагерлері тегін демалған болатын. Алайда, «Ардагерлер туралы» 2020 жылы қабылданған жаңа заңда тек мүгедектерге ғана рұқсат етіліпті. Қоғамдық дертке айналған коронавирус пандемиясы кезінде жалғыз басты зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге көмектесу үшін қалалық ардагерлер кеңесі жанынан арнайы қор құрылды. Бір жарым жылдың ішінде 820 адамға азық-түлік тағамдары үлестірілді. Бұдан басқа екі мыңдай отбасы «Nūr Otan» партиясы, екінші деңгейдегі банктер мен мешіт арқылы қосымша ақшалай көмек те алды. Еріктілер болса жалғыз басты зейнеткерлер мен мүгедектердің үйлеріне дәрі-дәрмек жеткізіп, қолғабыс жасауда. «Алтын жас», «Денсаулық», «Надежда», «Жаңа дауыс» эстетикалық клубтары аға ұрпақ өкілдерінің бос уақыттарын тартымды әрі қызықты өткізуіне мүдделік танытуда. Ардагер шахматшылар мен дойбышылар қала әкімінің жүлдесін сан мәрте жеңіп алса, биллиард, асық ату, кір көтеру жарысынан да бәйге төрінен көрініп жүр. Ардагерлер ұйымдарының бастамасымен Көкшетау қаласының орталық көшелеріне Б.Әшімов, М.Сағдиев, К.Салықов, М.Асайынов сияқты тұлғалы азаматтардың есімдері берілді. Қазір ел ардағы Еркін Әуелбековке ескерткіш орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қалалық кеңес облыстық телеарнамен бірлесіп көгілдір экран арқылы Еркін ағаның өміріне арналған телемарафон өткізді. Бұл шара көрермендерге жақсы әсер қалдырды. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, рухани құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыс одан әрі жалғаса бермек. Мемлекеттік органдар басшылары мен мәслихат депутаттары қалалық кеңеске келіп қарияларды қабылдап, олардың сауалдарына жауап береді. Бұл оң тәжірибе кеңінен насихатталып, брошюра шығарылды. Тексеру комиссиясының төрағасы Кенжеғали Нұрсейітов өз баяндамасында қалалық кеңестің қаржылық қызметі жайлы айтып берсе, делегаттар Б.Байлина, Ж.Ережепов, В.Каплина, Р.Сәпиева, Г.Николаева тұрақты комиссиялар мен бастауыш ұйымдардағы жағымды жаңалықтарды тілге тиек етіп, қалалық кеңестің есепті мерзім ішінде атқарған жұмысына ақ батасын берді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл қоғамдық ұйымның жұмысын одан әрі жақсарту жөнінде ой бөлісті. Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса күзгі-қысқы жылу маусымына дайындықтың жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айта келе, келесі жылдан бастап әрбір тұрғын үй бойынша мүлік иелерінің бірлестігі құрылатындығын жеткізді. Осыған орай пәтер иелерінің кооперативтері өз жұмысын тоқтататын болады.
Конференция делегаттарының қатысуымен өткен алғашқы ұйымдастыру пленумында Шияп Шарапұлы Әлиев қалалық кеңестің төрағасы болып қайта сайланды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика саласының ардагерлері.