Ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің басшысы Ербол Амамбаев айтуынша, 1 қыркүйектен бастап халық санағы басталды, ол ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін жалғасады.
«Қазіргі таңда қазақстандықтар ұлттық халық санағының сұрақтарына онлайн-режимде жауап бере алады. Бүгінгі күні облыс халқының 12,3 пайызы (90 862 адам), оның ішінде Көкшетау қаласы бойынша 10,1 пайызы (14 654 респондент) өз бетінше санақтан өтті», – дейді Ербол Амамбаев.
Қазіргі кезде респонденттер үшін онлайн режимінде халық санағын өткізудің бірнеше тәсілі қарастырылған. Яғни, мамандандырылған SANAQ.GOV.KZ сайты, AITU мобильді қосымшасы, EGOV.KZ порталында авторизациялау арқылы жүзеге асыруға болады.
SANAQ.GOV.KZ сайты респонденттерге орналасқан жеріне қарамастан өз бетінше санақтан өтуге және өзіне және өз отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Сайт 2021 жылдың 15 қазанына дейін тәулігіне 24 сағат бойы қол жетімді.
Онлайн санақтан өтпеген респонденттерден сұхбат алушылар 1-30 қазан аралығында планшеттерде жауап алады. Санақ кезінде мәліметтерді жинау үшін сәйкестендіруші ақпарат ретінде сұралатын адамның ЖСН пайдаланылатын болады, бұл мәліметтердің қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді. Интервьюерлер барлық қажетті құралдармен, жеке қорғаныс құралдарымен, арнайы нысанды киіммен қамтамасыз етіледі.
Санаққа қатысты барлық мәселелер бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1446 call-орталығына хабарласуға болады. Департамент басшысы ақмолалықтарды онлайн режимде санақтан өтуге шақырады.