Өткен ғасырдың алапат – Ұлы Отан соғысының қасіреті талай ұрпақтың жадынан кетпес. Соғыс қаншама адамдардың өміріне балта шауып қоймай, соғыс аяқталар жылдары дүниеге келген жасөспірімдерді небір ауыр сынақтардан өткізгендей болды. Сол қиындықтардың арқасында олар өсіп жетіліп, бақытты болашаққа жол таба білді. Олардың жүріс-тұрыстары көңілге қонымды, сөйлеген сөздері ақылға сыйымды көрінетін. Әрбір жеткіншек ертең үлкейгенде солардай болсақ деп армандайтын. Ақмола облысы орталығының іргесінде орналасқан әйгілі қазақ палуаны Қажымұқан атамыздың кіндік қаны тамған ауылда өмірге келген ардақты азамат – Қуаныш Алпысбеков сондай абыройлы азаматтардың бірі еді.
Сөзді осындай үлгілі азаматтан бастаған себебіміз, ол жастайынан-ақ ат жалын тартып мініп, елдің көзіне түсті, қалың жұрт сөзін тыңдады, айналасына айбар бола білді. Парасатты іс-қимылымен, байыпты ұстанымымен үлкен бедел иесі атанды.
Өкініштісі, өмірдің өріне ұмтылған Қуанышты өзі межелеген белестің биігіне көтерілуге денсаулығы мүмкіндік бермей, арамыздан алып кетті. Оған да міне, үшінші айға кетіпті. Сонымен, Қуаныш Махметұлы Алпысбеков қандай жан болып еді? Бұл сұраққа жауап беру үшін ең алдымен, оның Елнұр немересіне арнаған хаттарына үңіліп көрелік.
«Мен 1944 жылдың аяғында соғыс Кеңестер Одағының пайдасына шешіле бастаған кезде дүние есігін ашыппын. Сондықтан әкем, сенің атаң Махмұт ырымдап менің атымды Қуаныш деп қойды. Ақжүрек халқымыз өздері куә болған тарихи белестерін балаларына берілген аттарымен осылайша уақыт жадында қалдыруға тырысқан.
Адамдар осынау жарық дүниеде тағдырдың өзі кесіп берген шектеулі ғұмырын ғана өткереді. Сондықтан, сенің қасыңда болуыма Жаратқанымыздың қанша мерзім бергеніне қарамастан, осы бір естеліктерімнің өміріңнің жолында әйтеуір, бір пайдасы тиеріне сенімдімін. Тек саған ғана емес, барша немерелеріме – Гаухарға да, Ажарға да, Мағжан мен Маржанға және Фатимаға арналады. Мен өз ғұмырымның денін өткен ғасырда жасасам, сендерге жаңа ХХІ ғасырда тіршілік етіп, жасампаз еңбекпен айналысуға тура келеді. Сондықтан, өз ғұмырым жайлы, тіршілігіміздегі қуаныштарымыз бен ауыр сындарды бөліскен туысқандарымыз, достарымыз хақында, тұрған қалаларымыз бен сол дәуірге тән өмір ахуалдары туралы тек шындықты ғана арқау ете әңгімелеуге күш салмақпын.
Қай заманда да жаңа ұрпақ өкілдері өздерін іштей ата-бабаларынан ақылдырақпыз деп ойлайды. Десек те, тарихтың қайнаған ортасында тіршілік өзінің артықшылығымен де, кемшіліктерімен де тек адамға байланысты болуы анық. Айтпағым, қай заманда да жақсы жандар мен жаман пенделер қатар жүрген және түптің-түбінде арамдықты ақиқат жеңген. Егер қымбатты Елнұрым, қолыңда біреуге көмектесу мүмкіндігің болса, міндетті түрде қол ұшын бер және одан жақсылығыңның қайтарымын да күтпе. Халықта «жақсылығыңды міндет етпе» деген даналық сөз бар. Жасаған қайырымың өзіңе қайтпаса да, сенің туған-туыстарыңа, әулетіңе жақсылық нұры болып әйтеуір, бір оралары анық. Осы бір ұстаным менің өмірімнің мұраты болып келді және қала береді».
Қуаныш өмір сүрген толқын ерекше уақытта өмір кешті. Оларға соғыстан соңғы ауыр жылдардың тауқыметтерін, тың игерудің аласапыран жылдарын иықтарымен көтеруге тура келді. Бұл ұрпақ өкілдері алпысыншы жылдардың жылымығын да, тоқырау кезеңі атанған жетпісінші жылдарды да, Кеңестер Одағының күйреуі қарсаңындағы сексенінші жылдардағы қайта құруды да көзбен көріп, көңілмен сезінді. Бұдан соң да бұл толқын жаңа егемен Қазақстанның құрылыстарына да тікелей атсалысты. Аталған дәуірлердегі оқиғалар тіпті, бірнеше ұрпақтың ғұмырларына жететін болса да, сайып келгенде, бұлардың пешенесіне молынан тиді. Аталарымыздың: «Ұстараның жүзіндей, сан құбылған дүние-ай!» деп әнге қосатыны осыдан шығар. Осындай толассыз өмір мен сан қилы оқиғалардың бел ортасында Қуаныш пен оның замандастарының болуы сол кезеңнің заңды құбылысы болуы хак.
1962 жылы Қуаныш Ақмоладағы орта мектепті бітірісімен, Новосібірдің темір жол транспорты инженерлері институтына түсті. Аталған жоғары оқу орнын бітірген көптеген түлектер кейіннен теміржол саласының жетекшілері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері болды. Мысал үшін осы институтты тәмамдаған Аманкелді Омаров Алматы теміржолын басқарды. Қуанышпен бірге оқыған Аманкелді Қасымов кезінде Тың темір жолына жетекшілік етті. Ал, Әділғазы Нарымбетов, Олжабай Асылбаевтар түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Реті келгенде осы салада ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, есімі бүкіл Кеңес Одағына белгілі болған, КСРО теміржол министрінің орынбасары лауазымына дейін өскен, кейіннен тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары болған Нығметжан Есенғариннің есімін атап кеткен ләзім болар. Қуаныш Алпысбеков 1991 жылы Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің орынбасары болып бекігенде Нығметжан Есенғариннің оған айтқан ақыл-кеңестері көп кәдеге жарады.
Институтты бітірісімен Қуаныш Алпысбеков Целиноградтың қақпасы ретінде саналатын Есіл стансасына жолдама алды. 24 жастағы жас маман қысқа уақытта әртүрлі деңгейдегі жұмыс атқарып, ұқыптылығымен көпшілік назарына ілікті. Жас маманның іскерлігін байқаған Тың теміржолының басшылығы Қуаныш Алпысбековты Ерейментау стансасының бастығы қызметіне тағайындады. Жұмыс жауапты, әрі қиын болса да, ол өзіне артылған сенімге қанаттанып, қызметін еш шаршаусыз, демалыссыз тәулік бойына дерлік атқаруына тура келді. Қуаныш дәл осы жерде нағыз еңбектің қадірін біліп, әр кезде де жинақы және жауапты болуға дағдыланды. Жастықтың буына бұрқанған шағы ма, Қуаныш үшін теміржолда ғана өмір қайнап жатқандай және одан тыс жерлерден өзін тіпті елестете алмайтындай көрінетін.
Дегенмен, тағдыр тіршілігі өз түзетулерін енгізетіні заңды үрдіс қой. Бірде аяқ астынан Ерейментау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зикен Рамазанов Қуанышты өзіне шақыртып алып, оған аудандық комсомол комитетін басқаруды ұсынды. Қуаныш қанша тырысып, ұсыныстан бас тартқанымен, беделі бүкіл облысқа жүріп тұрған, сөзге шешен «айыр көмей, жез таңдай» Рамазановтың дәлелді пікірлерін талқылаудың қажет еместігін Қуаныш сол арада бірден түсінді. Сөйтіп, Қуаныштың өмірі күрт өзгеріске ұшырады. Арада шамалы уақыт өткен соң Қ.Алпысбековты Целиноград облыстық комсомол ұйымына жетекшілік етуге шақырды.
Облыстық комсомол комитетін басқара жүріп, Қуаныш аудандар мен бастауыш ұйымдар басшыларымен тығыз байланыс орнатты және сол ұйымдарға жетекшілік ететін жастарды сол жерлердегі жастардан таңдады. Ол қай ортада болса да сол жерді көркейтіп жүрді. Жасанды қылыққа барған жоқ, жақынын танымай қалу мінезіне ұшырамады, ең бастысы, қарапайым адамдармен аралас-құралас болуды ұнатты.
Қиындығы мен қызығына әбден дағдыланған Қуаныштың комсомолдағы жұмысы 1978 жылы аяқталды. Облыстық партия комитетінің басшылығы болашағынан үміт күттіретін Қуаныш Алпысбековты СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға жіберуді жөн көрді. Бұл академияны бітіргендер бірден әр республиканың Орталық партия комитеттеріне лауазымды қызметке тағайындалады немесе резервке қойылатыны белгілі. Алайда, Қуаныштың академияны бітіруіне жарты жыл қалғанда Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Е.Морозов Алпысбековты оқуынан шақыртып алып, қаладағы Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындады. Кейіннен уақыттың тығыздығына қарамастан, Қуаныш Қоғамдық ғылымдар академиясына барып мемлекеттік емтихандарын табысты тапсырып, Қызыл дипломға ие болды.
Қуаныш өшпейтін із қалдырып өткен жолдарды тізе берсек, ол осымен бітпейді. Қай саланы алып қарасаң да, Қуаныш Махмұтұлы қызмет жасаған сара жол мен мұндалап жатқаны. Қысқаша қайыратын болсақ, ол мынадай. Облыс орталығындағы Совет аудандық партия комитеті жетекшілігінен кейін Целиноград қалалық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің инспекторы, Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысы, СОКП Орталық партия комитетінің жауапты инспекторы, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің орынбасары, Ақмола облысы әкімінің орынбасары және Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты.
Қай жерде қызмет атқарса да, Қуаныш Махмұтұлы өзін білікті маман, тәжірибелі жетекші және жастарға қамқоршы екенін көрсете білді. Ал, оның әріптестері арасындағы беделіне бір мысал: 2008 жылының күзінде Ресей және кейбір тәуелсіздік алған елдерде КСРО комсомолының 90 жылдығы атап өтілді. Кезінде Қазақстан комсомолын басқарған азаматтар да бұл үрдістен сырт қалмады. Алдын ала жиналған ынталы топ бас қосып, жиналысты өткізу тәртібін талқылады. Алғаш сөз алған Қуаныш Сұлтанов бұл жиынның ерекшелігін атап өтіп, жасалатын баяндамада комсомолдың өткен уақыттағы жетістігімен бірге, кемшін тұстарын да, Қазақстан жастар өміріндегі тәлімділігімен бірге, оның озбырлы саясатын, жасандылығы мен екіжүзділігін де атап өту керектігін басып айтты. Сондай баяндаманы кімге тапсырсақ деп, әріптестерін сын көзбен шолды. Неге екені белгісіз, жиналғандардың бәрі Қуаныш Алпысбековке тесіле қарады. Осыны байқаған Қ.Сұлтанов:
–Көпшілік баяндаманы Қуаныш Алпысбеков жасайды, – деп ұйғарды деуі сол еді, ортада тұрған Иманғали Тасмағамбетов:
–Бүгін баршамыз мәселені талқылаусыз үн-түнсіз шешім шығарудың куәсі болдық, – деп әзілге басты.
Қолтығынан достарды жүрдің демеп,
Аянбадың олардан, беріп көмек.
Ұйытқы болып бастарын қосатұғын,
Достар үшін өзіңнің орның бөлек, –
деп ақын жырлап кеткендей, Қуаныш Алпысбеков туралы енді сөз қозғайтын болсақ, «Тағдыр» деген жүрекке салмақ салатын ауыр сөзді қосып айтуға тура келеді. Тағдыр сені де арамыздан аяқ-асты алып кеткені барша достарыңды қатты қапаландырды. Оған қарсы тұратын ешбір амал жоқ. «Ажалға қарсы тұрар амал жоқ, ажал алмас қамал жоқ» деген ата-бабаларымыздан қалған нақыл сөз осындайда айтылған болу керек. Біздің халқымыз тіршілікте көрген ең ауыр күндерін «Тағдыр» деген жалғыз ауыз сөзге әкеліп тірейтіні белгілі.
Бүгін бар, ертең жоқ қу тіршілікте, мына жарық дүниеде кімді жоғалтпадық?! «Өлдің, өштің» дегендей, ұмытылмайтын пенде болмас. Дей тұрсақ та, солардың арасында көзден кеткенімен, көңілден кетпейтіні жоқ емес. Дос-жарандарының жүрегіне өшпестей із қалдырып, жадында жатталып қалатын ізгі жандардың жүріп өткен жолын еске түсіріп, сағынбай тұра алмайсың, іздейсің, елеңдейсің. Табиғаты аса таза, жаратылысында тектілік бар, рухани адамгершілік қасиеті мол, кісілігі кең сондай жандардың бірі – Қуаныш Махмұтұлы Алпысбеков еді.
Қас-қағым сәтте өте шығатын жалған дүние. Сұм ажал арамыздан жаны нәзік, ақжарқын, қарапайым, сезімтал, ақкөңіл, ардақты әке, сүйікті жар, елін, жерін ерекше сүйген азаматты алып кеткеніне де үшінші айдың жүзі болып қалыпты.
Бұл жалған дүниеден біреу ерте, біреу кеш өтеді. Бәрі де бір Алланың жазуына, тағдырға байланысты өмір. Оған адам баласы билік жасай алмайды. Бәріміз пендеміз. Алланың жазғанына көнеміз.
Жақсы адамдардың игі істері, бауырмалдылығы мен кішіпейілділігі, қарапайымдылығы жан сарайыңда ұзақ сақталады екен. Амал нешік, Қуаныш арамыздан тым ұзап кетті.
Қазақта «тең теңімен, тезек қабымен» деген сөз бар. Біз мақсат – ойларымыз бен сырымызды бір-бірімізден жасырмайтынбыз, сый-құрметіміз бен ілтипатымыз да ерекше болатын. Оның бауырмалшылдығы қандай еді! Кеңес Одағы ыдырардың алдында мен Мәскеуде Қазақстанның Парламент тілшісі болған кезде Кремльдер сарайында ара-тұра кездесіп қалатынымыз бар. Сонда амандық-саулықты сұрасқаннан кейін «Ал, Мәке, келесі кездескенше, уақыт тығыз, шаруа бастан асады»,– деп өз шаруасымен жүгіріп кететін.
Қуаныш тағылымды өмір сүрді. Ол бойындағы барлық білімі мен дарынды қабілетін өмірден таңдап алған мамандығы арқылы қоғамның дамуына бағыттады. Адам өз заманының түлегі. Қандай қоғамда өмір сүріп, қызмет етсе де, бар күш-қайратын сол қоғамды өркендетуге жұмсаса, ел игілігіне арнаса сөз жоқ, еңбегінің жемісін көреді.
Аққу ұшып көлге кетті,
Сұңқар ұшып шөлге кетті.
Олар адасып кеткен жоқ,
Бәріміз баратын жерге кетті.
«Өмір бір күн бәрімізден өтеді, Аяқ асты айтпай-ақ ол жетеді» деген сөздерде өмір бар жерде, өлім бар екендігін айқындай түскендей.
Қуаныштың асыл адамгершілік бейнесі, дос-туысқа деген адал қарым-қатынасы, әсіресе, сүйікті немересі Елнұрға деген махаббаты, оны білетіндердің жүрегінде мәңгі сақталатынына ешбір күмән жоқ. Оның артында өзін қадірлей білетін бір қауым ел, туған-туыстары мен достары, жолдастары, өзінен өрбіген өскелең ұрпақтары қалды, олар Қуанышты еш уақытта ұмытпайтынына сеніміміз мол.
Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек,
Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, –
демекші, туған-туыс санасында, бала-шаға жүрегінде, дос-жаран көңілінде есімі үлкен әріптермен жазылып қалатын азаматтың бірі Қуаныш Алпысбеков. Оған да тәуба дейік!
Мейрам БАЙҒАЗИН,
Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер
Кеңесінің мүшесі,
Қазақстанның құрметті журналисі.