Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде Ақмола облысында Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған «Қазақты әлемге танытқан Қажымұқан» тақырыбымен халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференция өтті.
Конференцияда Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нариман Әбдрахманов құттықтау сөз сөйледі.
«Ел Тәуелсіздігінің мерейтойлық жылында біз ұлы жерлесіміз, аты аңызға айналған қазақ балуаны Қажымұқанның 150 жылдығын атап өтудеміз. Күш атасы өзін ғана емес, өз халқын да халықаралық аренада дәріптеді. Ол әлемнің 54 елінде өткен жарыстарға қатысып, 48 медаль жеңіп алды. Атақты балуанның бұл жетістіктері еліміздегі спорттың дамуына, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастарды спортпен шұғылдануға тартуға әсер еткені сөзсіз», – деді Нариман Әбдрахманов.
Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі мен қызметінің ұлттық спорт пен мәдениетті дамытуға әсері, оның қазақ күрес мектебінің қалыптасуына қосқан үлесі туралы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, Түркия, Қытай, Моңғолия, Қазақстан спортшылары, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы өкілдері баяндама жасады.
Айталық, облыста атақты балуанның мерейтойына орай бірқатар іс-шаралар өткізілді. Сәуір айында Целиноград ауданы Қажымұқан ауылында «Жаһандық күш иесі-Қажымұқан» атты онлайн – конференция өтті. Іс-шара аясында «Әлемді білегінде ойнатқан балуан» көрмесі ұйымдастырылды, онда Түркістан облысындағы аттас спорт мұражайынан жеткізілген балуанның жеке заттары ұсынылды, сондай-ақ Ақмола облысы балуандарының қатысуымен спорттық қойылым өтті.
Өңірде даңқты жерлесіміздің есімі 12 көшеге, елді мекенге, сондай-ақ 700-ден астам бала білім алатын №3 олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне берілді. Целиноград ауданы мен Степногорскіде балуан ескерткіштері, аттас ауылда мемориалдық тақта орнатылды.