Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тіл биіктесе, Ту биіктейді - АРҚА АЖАРЫ

Тіл биіктесе, Ту биіктейді

Көкшетау қаласының іргесіндегі Бұқпа тауының биігінде осындай тақырыппен Қазақстан Республикасының 30 жылдығына және Қазақстан халқы тілдері күніне орай, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен поэзиялық кеш болып өтті.

Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысты.
Онда ерлігіміздің дастаны, елдігіміздің айбыны ана тілімізді ардақтап жиналған қауым назарына «Тіл мерейі – ел мерейі» тақырыбында кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеге еліміздің айтулы ақын-жазушыларымен қатар, жас қаламгерлердің де кітаптары қойылған.
Салтанатты шараның шымылдығы әуелеген әсем әнмен ашылды. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Шыңғыс Сәрсембаев ашық аспан аясында «Көкшетау» әнін қалықтатып, көңілдерді бір серпілтіп тастады. Лирикалық бояуға қанық, жүрек қылын шертетін иірімдері нәзік, әсем әнді нақышына келтіріп орындай білген әнші Шыңғысқа жиналған қауым дән риза болды. Беу, шіркін, Көкшенің биігінде тұрып, «Көкшетаудай» әсем әнді тыңдаудың өзі бір бақыт емес пе?!
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын, –
деп өрілген әсем ән жан-жүректі кәусар сұлулыққа шомылдырып, ән қанатында көңілді де әуелетіп әкетті. Беу, шіркін, қоңыр домбыра! Бұлақтай сыңғырлап төгілген әуезді әуен күміс көңілдің пернесімен ойнайды. Биіктен шырқалған ән әуезіне тау жағасында мөлдіреп жатқан Қопаның толқындары да билеп жатқандай! Оған ілескен біздегі көңіл де шарықтай жөнелген…
Әдеби кеште Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты Кеңесінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиұлы сөз сөйлеп, ана тіліміздің айбынын асқақтатып, қадір-қасиетін бағалау әрбір адамның перзенттік парызы екендігін баса айтып, іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
– Тілдің жайын жерде жүріп талай айтып едік, бүгін таудың төбесіне шығып айттық! Енді – жетер құлаққа деп ойлаймын! Қазақстан Рес-публикасы Ата Заңының 7-ші бабында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі – қазақ тілі екендігі айқын жазылған. Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында да Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігі анық, ашық айтылды. Қазақ тілі бүкіл ұлттардың басын қосушы тіл болып табылады. Мен өзімнің ана тілімнің болашағына сенемін! Сондықтан да, тілдің алдында, елдің алдында, тәуелсіздіктің алдында, барлық қазақстандықтар, әсіресе, соның ішінде қазақ баласы, біздің жауапкершілігіміз ерекше. Тіліміз жасасын! – деді Жабал Ерғалиұлы.
Сонымен қатар, салтанатты шарада Қазақстан Республикасының педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, әдебиеттанушы-ғалым Нұртас Ахатұлы сөз сөйлеп, Көкшетаудың биігінде ұйымдастырылып отырған іс-шараның танымы мен тағылымына тоқталып, осы істің бастауында тұрған кітапхана ұжымына зор алғыс білдірді. Сондай-ақ, Нұртас Ахатұлы өз сөзінде елімізде «Тіл туралы» Заңның жоқ екендігін, осы мәселені көтеру керектігін, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдайтын уақыттың пісіп-жетілгендігін баса айтты. Себебі, тіл тағдыры – ел тағдыры, – деді ол.
Кеш барысында Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, облыстық әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралин сөз сөйлеп, жиналғандарға жылы лебіздерін білдірді. Аға буынның ақ батасымен, ақжарма тілегімен басталған кеш ақындардың ақиық өлеңдерімен жалғасын тапты. Жанайдар Мусин атындағы қазақ жоғары педагогикалық колледжінің «Ақ қауырсын» әдеби клубының мүшелері мен Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің талабы мол талантты жастары бірінен соң бірі ортаға шығып, Сәкен Сейфуллин, Еркеш Ибраһим, Төлеген Қажыбай, Алмас Темірбайдың өлеңдерін жатқа оқып, жиналған жастардың рухын көтеріп, бір серпілтіп тастады. Атап өтерлігі, өлең қалықтаған жыр кешін Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының симфониялық оркестрі сүйемелдеп отырды. Жүрек қылын шертетін симфониялық музыка, жүректен орын алған жауһар жырлар, көз суырар табиғат аясы… Бәрі-бәрі көңілді нұрға бөледі.
Поэзиялық кеште елімізге танымал Құдайберлі Мырзабек, Серік Жетпісқалиев есімді ақиық ақындармен қатар, талабы мол талантты жастар да өз өлеңдерін оқыды. Олардың қатарында Мерген Тоқсанбай, Серғазы Қайырболды, Манарбек Қыдырбай, Бақытбек Бекмұрат, Мұхаммед Қоңқаев, Нұрислам Әбділ, Ұлмекен Тыныштыққызы бар.
Бағынса қазақ, тек тілге ғана бағынсын!
Табынса қазақ, тек тілге ғана табынсын!
Білмейді-ау, әттең, білсе егер менің тілімді,
Бас иер еді жаһан жаулаған ағылшын!

Нан сұрай алмай, тұтығып, тілін күрмеген,
Құр қалып бүгін шүлдірбай қазақ жүр неден?
Француздың тілі ән екен дейді байғұстар,
Біржан мен Ақан, Әміренің тілін білмеген.
Ақын Серғазы тіл туралы осылайша толғайды. Әдеби кеш барысында саусағынан саз сорғалаған домбырашы Әйгерім Шалқарова күмбірлі күй төгіп, өз өнерін ортаға салды. «Достар» мәдениет сарайының биші қыздары да кештің ажарын ашып, мың бұралып би биледі.
Кеш соңында Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы Қуаныш Ерғалиұлы сөз сөйлеп, іс-шараға қатысқан барша қауымға алғысын білдірді.
Әсем ән мен күмбірлі күй, жасын жырмен өрнектелген тіл мерекесіне жиналғандар естелік суретке түсіп, танымы мол тағылымды кештен осындай рухани қуат алып тарқасты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар