Есіл ауданы әкімдігінің мәліметінше, ағымдағы жылы 216 миллион теңге қаржыға Курск орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілген. Оны мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС қолға алып, мерзімінде аяқтады.
Биыл мектеп 47-ші рет оқушыларын қарсы алып отыр. Бірінші сыныпқа 7 бала қабылданды. Жалпы, аудан бойынша биыл 329 бала мектеп табалдырығын атады.
Директордың міндетін атқарушы Светлана Гузенко ата-аналарды, оқушыларды және педагогикалық ұжымды көптен күткен қуаныштарымен құттықтады.
«Жаңа оқу жылы бәріміз үшін маңызды оқиғадан, мектебімізді күрделі жөндеуден басталды. Оқушылар мен мұғалімдерге жаңа оқу жылы барлығына жемісті және білім мен жетістіктерге бай болсын деп тілеймін. Біз бәріміз қатты уайымдадық, бірақ білім күніне үлгердік. Мұғалімдер де, ата – аналар да риза», – дейді Светлана Юрьевна.
Айта кетсек, оқу жылы қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес өтуде. Барлық мектептер балалар арасында вирустың таралуын болдырмау үшін қауіпсіздік шараларын ұстанады. Есіл ауданының білім беру бөлімінің мәліметінше, мұғалімдердің 86 пайыздан астамы коронавирусқа қарсы вакцина алған.