Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Білім берудің басқаларға ұқсамайтын қазақстандық моделін қалыптастыруға кірісуіміз керек - АРҚА АЖАРЫ

Білім берудің басқаларға ұқсамайтын қазақстандық моделін қалыптастыруға кірісуіміз керек

Білім беру өзіндік құрылымы бар әлеуметтік жүйе болып табылатыны белгілі. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық кезеңінде Қазақстан білім беру жүйесінде бірнеше тағдыр кешті күрделі әрі прогрессивті құрылымдық және функционалдық өзгерістер, бетбұрыстар орын алды. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында: «Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды» деп айтқан болатын.

Енді өтпелі кезеңді артта қалдырып, жаңа тарихи кезеңге аяқ аттап отырған кезде, өткен мен бүгінге және болашақ үдерістерге көз салып, ой-електен өткізетін уақыт келді.
Әлемде өз дамуы барысында білім саласында тиімді реформалар жүргізіп, солардың нақты жемісін көріп отырған мемлекеттер аз емес. Олардың ішінде Финляндия, Норвегия, Германия, Ұлыбритания, Малайзия, Сингапур мемлекеттері алдыңғы қатарда тұр және де олар тек өздеріне тән ұтымды білім жүйесін құра білуімен ерекшеленеді. Біз үшін осы мемлекеттерде тиімді жүргізілген реформалардан үйренетін нәрсе әрбір өзгерістерді заман талабына, халықтың сұранысына, тарихи қалыптасқан ұлттық дәстүрге, сәйкестендіруге тырысқан. Әрбір қадамын егжей-тегжей ойластыра келе, түбінде әрбір білім алушының қалғанын қанағаттандыруға бағытталған оқыту бағдарламалары жасалған. Сайып келгенде, олардың білім жүйесінен дәріс алғандар бәсекеге қабілетті, ал, экономикасы әлемде алдыңғы қатарда және әртараптандырылған, шикізатқа тәуелділігі өте мардымсыз.
Қазақстандық сарапшылар, білім саласының мамандары осы мемлекеттердегі білім моделін зерттеп тиімді жақтарын біздің елімізде енгізуді ұсынып та жүр. Мен өз басым әлемнің Кембридж, Стэнфорд, Сорбонна сияқты озық университеттерінде болдым, таныстым, орта білім жүйесін де көрдім. Бұл елдерде еңбек нарығын – білікті, кәсіби, жұмысшы мамандармен қамтамасыз ету – білім саласының басыңқы бағыты болып есептелінеді.
Ғұлама Әл-Фарабидің мына қанатты сөзін әрбір ұстаз біледі: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Білім – қоғамнан тыс өмір сүре алмайтын әлеуметтік институт. Ұлы Абай жастардың бойындағы кемсіздіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие мен білім арқылы үндеді. «Күллі адамның баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек, әуелі надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің».
Осылайша қазақтың ұлттық педагогикасына асыл арна болып қосылған Ұлы ақынның қара сөздері еліміздің кемел келешегінің оқу жүйесіндегі сапалы білім және саналы тәрбиесімен қалыптасатынына ерекше көңіл аудартады.
Үкімет министрлік білім ұйымдарының алдында үлкен міндеттер қойып отыр. Соңғы жылдары ғана «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы, ауыл мектебінің деңгейін көтеру, үш ауысымды проблеманы шешу үшін енді 1000 мектептің салынуы, «Жас маман» бағдарламасының колледждер үшін қабылдануы, ұлттық бірыңғай тестің электронды форматқа көшуі, мемлекеттік грант құнының өсуі, білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындаудың жаңа тәртібі, ғылыми әлеуеті, қаржыландыруды көтеру сияқты ірі оңтайлы өзгерістер іске асуда.
Осы орайда биылғы жылы өзінің 60-шы белесіне көтерілген, оқу орнының өнегелі жолы – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырған, өзім басшылық ететін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті туралы да бірер сөз айтқым келіп отыр.
Солтүстік өңірдегі іргелі оқу орнына айналған университетіміз өзінің өміршең жылдарында ондаған мың мамандарды түлетіп шығарған екен. Қазіргі уақытта бакалавриат бойынша 56 білім бағдарламасы, магистратура бойынша 36, докторантура бойынша 7 білім бағдарламасымен мамандар даярлаудамыз. Білім алушылардың басым көпшілігі мемлекеттік грант бо-йынша оқып жатыр, 526 адам жергілікті атқару органдарының гранттарын иеленген.
400-ге жақын «Алтын белгі» иегерлері білім алуда. Биылдың өзінде ғана 90 «Алтын белгі» және 100-ден астам ерекше аттес-тат иегерлері біздің оқу орнын таңдады. Бұл дегеніміз – біздің беріп жатқан білімімізге деген сенім және үлкен жауапкершілік. Бір ерекшелігі педагогикалық мамандықтарға деген сұраныс та талпыныс та күшейіп отыр, ол әрине қуантады. Әсіресе, қазақ, орыс, шет тілдеріне деген ұмтылыс көңіл жылытады. Жоғары оқу орындары арасындағы биылғы жылдың Ұлттық рейтингісінде, университетіміз республикадағы 85 жоғары оқу орындары ішінде 9-шы орынға көтеріліп, Үздік ТОП-10 қатарына кіріп отыр. Облыстағы іргелі де ірі кәсіпорындармен қарым-қатынас жасап меморандумға отырдық, мекемелерде ғылыми-зерттеу мақсатында 24 филиал ашылған. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес оқытушыларымыздың жалақысы өсіп, биылғы жылы 235 мың теңгені құрап отыр.
Жоғары білім беретін зиялы орданың бір басым бағыты алыс, жақын елдермен қарым-қатынас орнату. Халықаралық ынтымақтастық саласында жүзден аса серіктестер бар: бұл Еуропа, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Қытайдың және тағы басқа жоғары оқу орындары. Ф.М.Достоевский, Беларусь ұлттық техникалық университеті, Этвош Лоранд университеті, Балеар аралдары университеті, Аликанте университеті, Балтық Халықаралық академиясы, Латвия ауыл шаруашылығы университетімен және басқа да университеттермен тығыз байланыс орнатылды.
Студенттер үшін – бұл білім алудың өте бір жақсы жолы, студент жарты жыл бойы өзге тілдік ортада білім алады. Бұл жаңа әлеуметтік орта, шет тілінде оқыту, өзіндік тәсілі бар шетелдік профессорлар, сондай-ақ, жаңа білім мен құзыреттер. Университетіміздің екі жүзден астам студенті соңғы 5 жылда білімдерін жетілдіру үшін басқа елдерге барды. Пандемия жағдайында бұл үрдіс үзілмеді, керісінше онлайн форматта өтті, соның арқасында 30 студентіміз Ресей, Литва, Қытай және басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алды.
Академиялық ұтқырлық аясында студенттер баға жетпес тәжірибе алады, соның арқасында біздің түлектер мектептерде, институттарда, өндірісте, жеке және мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істейді. Атап айтқанда, Диана Әубәкірова Көкшетау қаласындағы НЗМ-де ағылшын тілі мұғалімі, Диана Балғабекова, бүгін Glasgow University докторантурасында білім алуда, Еркеш Рахымжанов ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола филиалында, Зарина Ғабдуллина альма матерде аға оқытушы, Айдар Рыспаев Жапонияда мемлекеттік қызметші ретінде білім алуда, Шолпан Бейсембаева «Теңізшевройл» компаниясында жұмыс істейді және де бұл табысты мысалдардың толық емес тізімі.
Айталық, Президент әкімшілігінің сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі, өзіміздің түлегіміз, 1998 жылы неміс филологиясын бітірген Дәулетбек Қайырбекұлы Құсайынов. Түлектеріміз қатарында елімізге белгілі тұлғалар өте көп.
Шетелдік әріптестермен жұмыстың жеке блогы UniCEN, Access, American English MOOC Facilitated Sessions’ Project, Pedagogical University development project және басқалары сияқты бірлескен халықаралық жобалар болып табылады.
2019 жылы университет UniCEN бағдарламасы бойынша «Ш.Уәлиханов атындағы КМУ мен Небраска университеті арасындағы ынтымақтастықты ағылшын тілін оқытуды жетілдіру және STEM жолымен дамыту» гранттық жобасының иегері атанды. Бұл жобаны филология және педагогика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Е.Исмагулова үйлестіреді. Бұл жобаның бір тиімділігі, ол АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Бағдарлама қоғамымыздың өскелең ұрпағы, 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге бір жыл бойы ағылшын тілін тегін үйренуге, сондай-ақ, өздерінің көшбасшылық қасиеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
American English MOOC Facilitated sessions’ Project жобасы жұмыс істейді, жоба ағылшын тілі мұғалімдері мен оқытушыларының қауымдастығы (KazTEA) және АҚШ-тың Нұр-Сұлтан қаласындағы елшілігі жанындағы Ағылшын тілі бағдарламаларының өңірлік офисінің бастамасымен жүзеге асырылды. Жобаны аға оқытушы Е.В.Моисеева үйлестірді. Жобаның мақсаты – ағылшын тілі бағдарламаларының аймақтық кеңсесінің онлайн ресурстарын танымал ету. Сонымен қатар, жоба ағылшын тілін меңгеру деңгейін жақсартуға және креативті әрі сыни тұрғыдан ойлауды дамытуға бағытталған. 27 адам, оның ішінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары, студенттері мен магистранттары, гуманитарлық-техникалық мектеп-лицей, «Таңдау», IT мектеп-гимназиялары мұғалімдері екі модуль бойынша білім алды: «STEM-білім беруге арналған ағылшын тілі» және «Медиасауаттылық үшін ағылшын тілі». Pedagogical University development project – ҚР БҒМ үйлестіретін және Қазақстандағы АҚШ елшілігін қаржыландыратын жоба. Жоба профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға, ағылшын тілі мен шет тілін оқыту әдістері бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеуге бағытталған.
Әсіресе, ширек ғасырдан астам уақыт бойы дарынды жастарға шетелдік білім алуға қолдау көрсетіп келе жатқан «Болашақ» бағдарламасын ерекше атап өткен жөн. «Болашақ» Қазақстан Республикасының азаматтарына жоғары білікті мамандар болуға мүмкіндік береді. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алудың арқасында Болашақ стипендиаттары Отанына қайта оралып, Ақмола облысы мен Қазақстанның қоғам өмірінің барлық салаларына жаңа технологиялар енгізуде. Университеттің 40 оқытушысы докторантура бағдарламасы бойынша оқудан өтіп, «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде Польша, Ұлыбритания, АҚШ университеттерінде тағылымдамадан өтті. Бағдарлама түлектері университеттің департаменттерін, факультеттерін, кафедраларын басқарады.
Өңірді дамыту үшін мықты халықаралық көпірлердің бірі – шетел профессорларын дәріс оқуға шақыру. Соңғы бес жылда оқу орнымызға Испания, Германия, Болгария, Ресей және басқа елдердің шетелдік серіктес жоғары оқу орындарынан 26 ғалым тартылды. Балеар аралдары профессоры Висенте Рамос Мирдің дәрістері инновациялық жобаларды жоспарлау және туризм индустриясын басқаруға арналған. Потсдам университетінің профессоры Петер Коста ағылшын тілі және оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушыларымен және докторанттарымен жұмыс жасады. Бұл ынтымақтастықтың нәтижесі шетелдік журналдарда мақалалар жариялау болды. Қытай тілін оқыту үшін Шанхай политехникалық университетінің оқытушысы шақырылды. Шектеу кезінде шетелдік ғалымдар студенттерге онлайн форматта дәріс оқиды.
Тек шетелдік профессорлар ғана емес, білім алуға студенттер де келеді. Бүгінде бізде Қытай, Ресей, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан және Үндістаннан келген 300-ден астам шетелдік студенттер білім алуда, бұл мәдениетаралық алмасу мен көпжақты қатынастарды дамытуға оң әсер етеді. Дегенмен де, қол жеткізген жетістіктермен шектелмеуіміз керек, алдымызда жаңа мақсаттар тұр – бұл халықаралық рейтингтерге қатысу, педагогтардың халықаралық қауымдастықтарымен және халықаралық сертификаттау агенттіктерімен жұмыс істеу.
Жалпы, оқуға түсетін елдердің географиясын кеңейтуді жос-парлап отырмыз. Кампусты интернационалдандыру арқылы біз Көкшетау қаласын дамытамыз және бұл аймақтың өркендеуіне жасалған үлкен қадам болары сөзсіз. 2021 жылдың маусым айынан бастап университетті цифрландыру бойынша жоспарларымыз іске аса бастады.
Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде технология, гуманитарлық ғылымдар, медицина, биология, әлеуметтік ғылымдар, математика, бизнес, информатика және басқа салаларда сапалы және ақысыз онлайн-білім беру курстарын ұсынатын онлайн оқыту жобалары пайда болды. Шоқан Уәлиханов атындағы университет екі жаһандық платформамен жұмыс істейді. Google Platform и Coursera.
Coursera – Стэнфорд университетінің информатика профессорлары Эндрю Ын мен Дафна Коллер құрған жаппай онлайн білім беру саласындағы жоба. Coursera біздің ЖОО-ның әрбір студенті мен оқытушысына курстардан өту мүмкіндігін ұсынады. Университет жүйеде әр түрлі білім салалары бойынша курстарды жариялайды және жүргізеді. Студенттер мен оқытушылар курстардан өтеді, курстастарымен сөйлеседі, тесттер мен емтихандарды тікелей Coursera сайтында тапсырады, сонымен қатар iPhone және Android үшін ресми мобильді қосымша таратылады.
Google Platform – оқытушыларға студенттерді даярлаудың оқу стратегияларын құру үшін ресурстар ұсынады. Бұл платформа жұмыс процесінің тиімділігін арттырады, сонымен қатар командалардың өзара әрекеттесуі және құжаттар мен электрондық пошталардың жұмысын оңтайландыру үшін ішкі жұмыс кеңістігін жасайды, зерттеу нәтижелері, ғылыми мақала жазу бойынша практикалық кеңестер береді, сонымен бірге, ғылымды жаңа бастаған немесе жалғастыратын және академиялық жазу дағдыларын жетілдіргісі келетіндерге пайдасы өте үлкен.
Оқу орнымыздың келесі бір маңызды бағыты – ғылым саласы. Ғылым дегеніміз – дүниені танудың қайнар көзі. Әрбір кезеңде ғылымның мазмұны мен мақсаты, қоғамдағы маңыздылығы, таным логикасы өзгеріске ұшырап отырады. Ертеректе ғылымдардың ғылымы және патшасы саналған философия Көне Үнді, Қытай және Грек елдерінде пайда болған. Барлық білім салалары философияға қатысты болып, философия барлық білім салаларының басын біріктіріп, жүйелеген. Ғылым әрбір тарихи дәуірде қол жеткен ғылыми жетістіктерді мұқият жинақтап, адамзаттың мәдени қорына қосып отырады, оларды жаңадан ашылған жаңалықтар тұрғысынан талдап, түсіндіруге тырысады. Мұнсыз ғылымда ғылыми сабақтастық пен ғылыми прогресс болмас еді.
Білім мен ғылым – ұлттың ақыл-ойы мен ерік-жігерін қалыптастыратын тірек. Ғұлама ғалым әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ» деген екен. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Той» қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деген болатын. Мемлекет басшысы айтпақшы, біздің заманымыз –
ғылым мен білімнің дамуына білек түріп белсене кірісетін шақ. Ғылым саласында ауыз толтырып айта алатындай табыстарымыз бар.
Биылғы Жолдауда ғылымның бірсыпыра күрделі мәселесі терең айтылды. «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер қажет. Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым», – деді Мемлекет басшысы. Өте құптарлық ұсыныс. Ғылым сүйер қауым аталмыш жаңалықты өте жылы қабылдады.
Бүгінгі таңда университет ғалымдары 8 ғылыми жобаны, оның ішінде Білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша 6 ғылыми жобаны, 2 шаруашылық келісім-шарт жобасын іске асыруда. Айталық, гранттық қаржыландыру есебінен ғалымдарымыз жалпы құны 240 миллион ғылыми жобаны іске асыруда. Университет ғалымдары монографиялар шығарады, ғылыми мақалаларын рецензияланатын ғылыми журналдарда және арнайы тізбеге кіретін басылымдарда, ғылыми еңбектер жинақтарында, отандық және шетелдік журналдарда жариялайды. Мұндай жарияланымдардың саны мен сапасы жыл сайын артып келеді.
2021 жылдың 1-ші жартыжылдығында университет ғалымдары Web of Science деректер базасына енгізілген ғылыми басылымдарда 12 мақала жариялады. Scopus мәліметтер базасына енгізілген ғылыми басылымдарда 31 мақала жарияланды. Университет ғалымдары халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар жинақтарында 406 баяндама мен тезистер жариялап, 12 қорғау құжатын алды, оның ішінде 2 патент және 10 авторлық куәлік.
Қазіргі уақытта университетімізде өңірлік 3 ғылыми институты, 3 ғылыми зертхана жұмыс істейді. Өткен жылы ғана 9 халықаралық және аймақтық ғылыми конференциялар өткіздік. 2021 жылы «Жастар және ғылым» конкурсын жүзеге асыру үшін университет бюджетінен 7 миллион теңге бөлінді.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы белсенді түрде іске асырылуда. «Эрасмус», «ДААД», «АЙРЕКС», «ЛОГО», «Темпус» халықаралық алмасу бағдарламасы, Президенттік «Болашақ» бағдарламасы және тағы басқа бағдарламалар аясында оқытушылар мен студенттер Австрия, Швейцария, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алуда. Тағы бір айтарым, батыстың жетекші оқу орындарының Кеңестерінде Нобель сыйлығының лауреаттары, белгілі саясаткерлер, ірі қоғам қайраткерлері бар. Олар университеттердің дамуына айтарлықтай инвес-
тициялар, акциялар тартады, ірі ғимараттар, оқу-спорт кешендерін салуға септіктерін тигізеді. Өзім іс-сапармен АҚШ, Франция, Ұлыбритания елдерінде болғанда талай көрдім. Осы Кеңестердің мүшелері, белгілі меценаттар құны бірнеше миллиондық оқу кешенін, кампустарды сыйға тартқанына куә болдым. Осындай тәжірибелерді неге біздің елде қолданбасқа?!
Жаңа оқу жылында университет бірінші курс студенттеріне виртуалды тіркеуі кеңсесінің, виртуалды деканаттың және білім алушыларға қызмет көрсету орталығының жұмысын ұйымдастырды. Күзгі семестрде оқу үрдісі әртүрлі форматта ұйымдастырылып отыр: қашықтықтан және аралас оқыту. Магистратура мен докторантурадағы дәрістер де күн талабына қарай ойластырылып жүргізілуде.
Сапалы қашықтықтан білім беруді қамтамасыз ету үшін байланыс арналарын екі есеге кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа сервер, жаңа компьютерлер сатып алынды, оқыту үлгісі көрсетілген электрондық сабақ кестесі жасалды; электрондық құжат айналымы және электрондық сабақ кестесі жасалды; электрондық құжат айналымы және электрондық кітапхана жұмыс іске қосылды.
Оқу үрдісінің ұйымдастырылуы, нәтижелері, сапасы, мекеменің материалдық және замнауи технологияларды қолдану әдістері, түлектердің бәсекеге қабілеттілігі, жұмысқа орналасу деңгейінің аудиторлық-сараптамалық тексерулердің талабына сай екендігін де атап өткім келеді.
Кәсіби білім берудің барлық мән-мазмұны қазіргі күні бәсекеге төтеп бере алатын, қоғамда өз орнын таба алатын мамандарды дайындауға бағытталуы тиіс екені ақиқат. Кәсіпкерлік, еңбекке баулу, оңай олжа табудан арылу – міне жастар тәрбиесіндегі басымдықтар осылар болуға тиісті.
Кешегі Бөкей Ордасындағы Жәңгір ханның мектебі, Омбы, Орынбордағы «Азиялық мектептер», ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы», Жүсіпбек Аймауытовтың «Оян қазағы», Ахмет Байтұрсыновтың «Әліппесі», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Өрмелеп шығып күн боламы», Алаш зиялыларының өшпес мұралары – өлшеусіз құнды дүние, соларды ыждаһаттықпен дәріптеп қазіргі ұрпақтың қанына, сүйегіне сіңіруіміз қажет. Айтылғандардың негізгі идеологиясы мен нақты бағыттары Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақалаларында мазмұнды баяндалған, ендігі мақсатымыз осы істерді жүзеге асыруды қолға алуымыз шарт. Университет аймақтың зияткерлік және рухани өмірінің өзегі болып, ал, оның ұжымы білім беру саласында адал, мінсіз қызмет ету үлігісін көрсетуде.
Қорыта айтқанда, отандық білім саласы ашық, жүйелі және пәрменді өзгерістер күтеді. Біз – бүгінгі ұрпақ, білім берудің ешкімге ұқсамайтын өзіндік қазақстандық моделін қалыптастыруды келер ұрпақтың еншісіне қалдырмай, іске қазір кіріскеніміз маңызды деп ойлаймын.

Марат СЫРЛЫБАЕВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар