Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі 5 қыркүйекте басталып. 17 қыркүйек аралығында өтті. Онкүндік аясында орталықта әртүрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылды. Орталық оқытушылары З.Асқарова мен Ж.Жалелова тіл үйренушілер арасында «Тіл – ұлт қазынасы» атты дөңгелек үстел, «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік тірегі», «Тіл – руханият өзегі» атты танымдық-ақпараттық сабақтар ұйымдастырды.
Іс-шараға ауданымыздың әртүрлі саласында жұмыс атқаратын орталық тыңдаушылары қатысты. Олар: «Nur Otan» партиясы, білім бөлімі, аудандық полиция бөлімі, ЕЦ-166/4 түзету мекемесі, жұмыспен қамту орталығы, жергілікті «Атбасар» газеті, тағы басқа ұйым-мекемелердің қызметкерлері.
Сонымен қатар, орталық қызметкерлері қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты «Тіл – руханият өзегі» атты үгіт-насихат шарасын өткізді. Сондай-ақ, онкүндік жоспары аясында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты семинар өтті. Семинарға Атбасар ауданы мәдениет бөлімінің бас маманы Е.Махатов қатысты. Іс-шараға қорғаныс бөлімі, «Nur Otan» партиясы, редакцияның тіл мамандары шақырылды. Семинар барысында іс-шараға қатысушылар тіл маманына іс-қағаздарын рәсімдеу бойынша сұрақтар қойып, ой-пікірлерімен алмасты.
17 қыркүйек күні Қазақстан халқының Тілдері күні мерекесіне орай өткен онкүндігінің жабылу салтанаты аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тілдерді оқыту орталығының сертификаттарын табыстау рәсімімен аяқталды.
Іс-шараға «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Рахимов, аудандық мәдениет бөлімінің бас маманы Е.Махатов қатысып, тілдерді оқыту орталығынан үш жыл бойы дәріс алып, мемлекеттік тілімізді меңгерген тыңдаушыларға сертификат табыс етіп, жылы лебіздерін білдірді. Тыңдаушылар тарапынан №8 КППК директоры С.Наймушина алған білімдері үшін орталық ұжымына алғысын айтты.
2021 жылдың 17 қыркүйегінде Көкшетау қаласының «Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне арналған онкүндіктің жабылу рәсімі өткені белгілі. Аталмыш шарада облысымыздың әр ауданы мен қаласының соңғы үш жылда тіл мәселесінде қол жеткізген жетістіктері бойынша көрме ұйымдастырылды.
Атбасар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің
тілдерді оқыту орталығы.