Балалар әдебиетін қолдау жылы аясында Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы Сәкен Жүнісов атындағы № 18 орта мектеп-лицейімен бірлесіп, балалар тақырыбына жазатын өңірімізге белгілі қаламгерлер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшелері, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожамен және қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиевпен журфикс өткізді.
Іс-шараға аталмыш мектептің әдебиетке жаны құмар 8-10 сынып оқушылары, «Шамшырақ» балалар коворкингінің оқырмандары, студент жастар қатысты. Шараның мақсаты балаларды қазақ әдебиетіне тарту, өңіріміздің әдеби мұрасын көркем құралдармен танымал ету, балалар мен жасөспірімдерді және жастарды ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді құрметтеуге тәрбиелеу, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау болып табылады.
Кітапхананың кішкентай кітапқұмар оқырмандары, оқушылар мен студенттер шара қонақтарының өлеңдерін оқып, авторларға өздерінің жылы лебіздерін жеткізді. Кітапханашылар Серік Жетпісқалиевтің шығармашылығы бойынша дайындалған «Кеудемде жыр қайнағанда!..» атты электрондық басылымды таныстырды. Мектеп кітапханасының қорына Қайырбай Төреғожаның «Көкжиек» және Серік Жетпісқалиевтің «Тасқайрақ» кітаптары сыйға тартылды. Кеш соңында №18 мектеп-лицейінің оқушылары арнау оқыды.
Назира ТӘШКЕНОВА,
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының балалар әдебиеті секторының меңгерушісі.