Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ даласында талай қуғын-сүргіннің ізі бар - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ даласында талай қуғын-сүргіннің ізі бар

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығына сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл комиссияның басты мақсаты – кеңес дәуірі кезеңінің барлық санаттағы саяси құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру болып табылады.

Біздің өңірімізде де саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірлік комиссия құрылып, жұмыс атқарып жатыр. Қазіргі уақытта жұмыс топтары облыстық архивтерде сол кезеңнің құжаттарымен танысып, ақталмаған істерді сұрыптауда. Жұмыс әлі жетерлік. Осы орайда, жуырда, 7 қыркүйек күні «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» жобасы аясында құрылған ғылыми комиссия, зерттеуші-ғалымдар тобы – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Қазақстан тарихы және Рухани жаңғыру кафедрасының оқытушы-ғалымдары, докторанттар мен магистранттар және сондай-ақ, Зеренді ауданының мемлекеттік архивінің директоры Тілеген Сейфулин, тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры мiндетiн атқарушы Гүлім Рахымжанова, Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының архивтер жұмысын қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Ержан Бекеев Зеренді ауданының Уголки, Баратай, Симферополь елді мекендеріне іс-сапармен (ғылыми-далалық зерттеу) барып қайтты.
Ғылыми-далалық зерттеу жұмысының басты мақсаты – Зеренді ауданының аталған елді мекендері бойында орналасқан ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы саяси тұтқындар лагерьлеріне барлау жұмыстарын жүргізу және жергілікті тұрғындардан осы лагерьлер жайлы естелік әңгімелер, ауызша түпнұсқа деректер жинау болатын. Енді бәріміздің әлеуметтік желіде көзіміздің жауын алатын құрғақ канцеляризмдерден шынайы риясыз көңіл-күйге ауыссақ, осыған дейін топ мүшелеріне Баратай елді мекенінің маңында саяси тұтқын лагерьлері болған деген еміс-еміс әңгімелер, хабарлар жеткен еді. Облыс архивінде де осы аумақтағы саяси тұтқындар жайлы құрғақ деректер ұшырасқан болатын. Осының барлығы зерттеу тобына тұспалдап, бағыт беріп, олардың бойындағы қызығушылық пен зерттеу интуициясын оятуға бастау болды.
Ғылыми зерттеу тобы өзінің жұмысын Баратай, Уголки, Антоновка елді мекендері аралығында орналасқан Ключи атауы бар тарихи жерден бастады. Бұл бекерден-бекер емес еді. Осы жерде ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары саяси тұтқындар лагері болған. Лагерьлер жайлы халықтың жадынан өшіп, ұмытылуға шақ қалған екен, тек өткен заманның зұлматты жылдарының естеліктері ретінде бұрынғы лагерь барактарының орындары – шөп басқан қорымдар, төмпешік-ойпаң жерлер ғана қалыпты. Бірақ, іздеген, табам деген адамға бұл жерлер шежірелі шерлі тарихқа тұнып тұр. Бұл – Уголки ауылының байырғы тұрғыны, бүгінде жасы жетпістен асқан, Нығметжан Закирин ағамыздың сөзі. Ол кісінің әкесі сол жердегі кордонда, яғни орман шаруашылығында істеген екен, өзі де сол жерде дүниеге келсе керек. Лагерьдің бастапқы тарихы сонау 1914 жылдардан бастау алады. Бұл жерге бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолға түскен, негізінен, Австрия-Венгрия әскерінің офицерлік құрамы мен жауынгерлерден құралған тұтқындар жер қазып, алғашқы барактарды салып, құрған екен. Кейін ол лагерьлер қайта ашылып, осында 40-шы жылдары КСРО-ның әр тарабынан әкелінгендер және жергілікті тұрғындар жазықсыз қамалып, азап шеккен орынға айналған. Нығметжан ағамыз осы лагерьдің орнын көрсетіп, тұтқындардың тұрмысы, тартқан ауыртпашылықтары мен бейнетті күндері жайлы тың деректер берді. Лагерьде қыста 200 адам, жазда 300 адам (әртүрлі ұлт өкілдері) қамауда болып, негізінен, орман ағаштарын құлату, шабу, отын дайындау және тағы басқа да ауыр еңбекке тартылған екен. Қыс, күз айларында ер адамдарды, ал, жазғы уақытта әйел тұтқындарды әкеліп жұмысқа салған. Лагерьдің тұрмысы ауыр болғаны соншалықты, тұтқындар аш-жалаңаш, жаяулап-жалпылап, Антоновка және жақын маңдағы ауылдар мен елді мекендерге тамақ сұрап, қаңғып бас сауғалаған екен. Негізінен, лагерьде саяси тұтқындар емес қарапайым колхозшы, жұмысшылар тұрған, қысқа мерзімге сотталып, айыпталып, мерзімін өтегендер болған.
Зерттеушілер тобы келесі сапарын экспедициялық маршрут бойынша Уголки елді мекенінде жалғастырды. Онда бізді Уголки ауылының тұрғыны, 1941 жылы отбасымен бірге Саратов облысы Бальцер қаласынан күштеп қоныс аударылған (депортацияланған) Кем Фрида Георгьевна (суретте) күтіп отырды. Фрида апамыздың естеліктері біз үшін нағыз таптырмас олжа болып шықты. Бұл кісі зобалаң соғыс жылдарында тұтас ұлттар мен ұлыстарға қуғын-сүргін науқаны басталып, Қазақстан халықтар түрмесіне айналған заманның бүгінгі тірі куәгері еді. Кино өнерінің майталман мамандарының құлақтарына алтын сырға! Фрида апамыздың әңгімесі тура осы 30-шы және 50-ші жылдардағы зұлматты уақытты халық жадында сақтау үшін түсірілуі тиіс көркемфильмге арқау боларлық дайын сюжет, дайын материал. Фрида апамыздың әңгімесінен біз соғыс және саяси қуғын-сүргін, ашаршылық заманында елімізде әртүрлі ұлт өкілдері тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман шығып, болашақ ұлтаралық татулық пен келісімнің бесігіне айналған қазіргі Қазақстанның ұлттық-мәдени саясатына негіз болған ұлтаралық достықтың, өзара сыйластықтың, қазақстандық азаматтық қоғамның іргетасын қалағынын көре аламыз.
Бүгінде жасы 80-нен асқан қария 1941 жылы қыркүйек айында Бальцер қаласынан Баратай ауылына отбасымен бірге күштеп қоныс аударылған кезде нәбары 3 жаста екен. Алайда, сол зардапты жылдар есінде анық сақталыпты. Әкесі Георг Кем кейін Уголки ауылында орманда ағаш кесуші-құлатушы болып жұмысқа орналасып, күн ара сол жерде орналасқан лагерь тұтқындарымен кездесіп, оларды көріп тұрған екен. Кішкентай Фрида мен оның сіңлісі Эмма жергілікті қазақ балаларымен тез араласып, қазақ тілін жеңіл әрі жылдам меңгеріп кетеді. Қыздар кейін әкелеріне жергілікті қазақтармен араласу үшін аудармашы боп көмектескен екен. Қыздар да осы тұтқындарды ауылдың ішінен жиі көріп тұрады.
–Біз Волга бойында ауқатты, жақсы тұрдық, әкем құрылыс цехында істеді, немісше мектептер болды, үлкен үй салдық, мал-құс ұстадық. Әлі есімде үш жасар баламын ғой, әскерлер келіп көшуге бір тәулік уақыт берді. Уақытша ғана кетесіңдер, үйді жауып құлыптап, қажетті заттарды ғана алыңдар, соғыс жуыр маңда бітеді, қайтып келесіңдер деген болатын. Расында, солай ойладық. Бұл 1941 жылдың сентябрь айы. Есімде қалғаны поезбен көп жүрдік, содан қаладан өгіз арбамен 17 семьяны Баратай ауылына әкелді. Сол кезде ауылда үш-төрт саман үй, қалғандары киіз үйлер болатын. Бөлініп жергілікті қазақ үйлеріне орналастық. Ондағы тұрғындардың өздері де жетісіп отырған жоқ, десе де ақырғы құрт-майларын бізбен бөлісетін. Біз Нұржамал деген апайдың үйінде тұрдық, жақсы кісі еді, марқұм. Бір жыл қыстап, келесі жылы өзіміз жертөле салып алдық. Бір қызығы киіз үйлерде пеш болмайтын, тек күндіз-түні сөнбейтін ошақ тұратын ортада. Әкем бүкіл ауылға пеш салып берді. Кейін бәрі риза болып, тамыр болып кеттік қой. Қазақша мектепті осы Баратайда оқыдық, кейін Лавровкада жалғастырдық. Бес-алты жылдан соң Ключи деген жерге көштік, Ол жерде лесхоз, жанында лагерь тұрды. Тұтқындарды күнде көріп тұратынбыз. Олар жақсы адамдар болды. Қылмыскер болған жоқ. Ол кезде бір уыс бидай үшін адамдар сотталып, қамалатын. Біздің үйлеріміз ешқашан құлыпқа салынбайтын, ешкім ұрлық, қылмыс жасамайтын еді. Әкеміз оларға сиырдың сүтін құйып беретін, олар сол жерде сүтті қасықпен өлшеп, бір-бірімен өзара бөлісіп тарататын. Әйткен Хаметов деген лагерь бастығы болды, көмекшісі Мейрам деген кісі болатын. Сосын оншақты офицерлер істеді, үлкен әдемі аттары, жақын жерде көлшік, бұлақ болатын, Ключи деп сосын атаған ғой. Бертін ол бұлаққа мал түсе берген соң, жауып қойды. Осы лагерьде қойма, атқора, бау-бақша, үйлер, тұтқындардың барактары, казарма болды. Үлкен вышка-мұнарадан күзетші солдаттар бақылайтын. Оларды стрелок деп атайтын. Бертін тұрмысымыз түзеле бастады. Аты-жөнін білмеймін, әкеме бір қазақ бастық тұрмысымызды көріп, қолындағы қағазын оқып Көкшетаудың жанынан бір мал базасынан сиыр бергізіп еді. Ой, аузымыз аққа тиіп, сондағы қуанғанымыз-ай. Жер аударғанда бүкіл малымызды үкіметке өткізіп, «жаңа жерге барған соң осы қағазбен мал береді сендерге» деп қолымызға қағаз ұстатқан-ды. Алайда, әкемнің бармаған жері жоқ, барлық жерде отказ, әбден түңілген еді. Өйткені, бізді «халық жауы» деп санады. Әкеміз мың болғыр, сол кісінің бергізген сиырын сонау Көкшетаудан жетектеп жаяу ауылға дейін бір күн жүріп әкеліп еді. Ауыл адамдары қызық қой, сонда бізді «шөп жейтін немістер» дейтін. Жаз шыға шие, жидек, қарақат тердік, одан компот дайындаймыз. Мол қылып кептіріп қысқа тамақ қылып талғажу етеміз, кейін ауыл кісілері де бізден көріп үйренді. Баратай, Ақан жағы бәрі ағаш, ну орман, жеміс-жидек сыңсып тұр. Осылайша бауыр басып кеттік. Әне бір жылдары Германияға кеткен менің туыстарым, бәрі қайтып келді ғой осы Уголки ауылына. Әрине, қимайсың ғой. Ел іші ат қоюға шебер-ақ, бәрімізге ат қойып алғанды. Жирен Сандр, Ұзын Франк дегендей, айта берсек әңгіме көп қой. Бүкіл ағайындарым, әке-шешем осында жерленген, Отанымыз болып кетті, енді ондай қиын-қыстау күндерді көрсетпесін, – деп күрсініп қояды апамыз.
Фрида апамыз осы ауыртпашылыққа толы, белуардан саз кешкен күндерді басынан өткергенімен, біреуге өкпелі, тағдырға өшіккен адамға еш ұқсамайды. Ол сонау Саратов облысынан күштеп қоныс аударылған күннен бастап, бүгінгі күнге дейінгі өмірі жайлы әңгімесінің майын тамызып тұрып айтып, арасында бізді күлкілі оқиғалармен баурап күлдіртіп те отырды. Қазіргі күні сол Уголки ауылында сіңлісі Эмма Георгьевнамен бірге тұрып жатыр. Бұрын ірі қарамен қоса, құстар ұстаса, «қазір күшім тауықтарды бағуға ғана жарайды» дейді. Соның өзінде де өткен күндері қорасына аң кіріп, тауықтарын қырып кеткен екен. Фрида апамызды осындай орман көлді жағалаған, өркениеттен шалғайда қалып бара жатқан ауылда, жалғыздықты серік қылған сіңлісімен бірге шарбақтары қисайған үйде тұрып жатқан жағдайында кездестірдік. Кейін жолда қайтып бара жатып іштей қуандық, қайта әңгімелесіп үлгерген екенбіз деп.
Келесі тоқтаған жеріміз Симферополь ауылдық округінің бұрынғы Озерный селосы жұртының маңында орналасқан саяси тұтқындар лагерінің орны болды. Бұл жер бізді бірден өзінің жұмбақ тылсым аурасымен баурап алды. Жолдыбай көлінің көркем ландшафтын, ертедегі қорым-қорған орындары (шамамен қола заман дәуірі – 4000 мың жыл бұрынғы өркениет) көрік беріп, толықтыра түскендей. Ауасы таза, табиғаты осыншама көркем, сұлу жер. Осыдан 80 жыл бұрын саяси тұтқындар азап шеккен орын болды деп қалай көзге елестетуге болады. Алайда, деректер мен фактілер керісінше болатыны да бар.
Өткен ғасырдың 30-50 жылдары бұл жерде түрлі ұлт өкілдері, соның ішінде біршама жапон әскери тұтқындары да қамауда болған екен. Тұтқындардың жалпы саны 500-ге дейін жеткен. Өкінішке қарай, Ключи жеріндегі болсын, Озерный жеріндегі болсын, лагерьлердің нөмірлері, атаулары, олардың қашан жабылғаны туралы нақты мәліметтер әзірге жоқ. Демек, бұл зерттеу жұмыстарының басы ғана, алда әлі талай, қыруар жұмыстар тұр. Соның ішінде осы лагерьлердің орнын қоршап, картаға түсіріп, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу зерттеу тобының еншісінде. Ендеше, біздің зерттеу тобы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, одан сайын күштерін еселеп, іске кіріспек.
Сөз соңында айтарым, ғылыми зерттеушілер тобының атынан, осынау бірегей іс-шараға атсалысып, әкімшілік көмекпен қатар, жазықсыз құрбан болған аруақтарға құрмет көрсетіп, экспедиция барысында өздерін қарапайым адамгершілікті, ор-ождан мен азаматтық ұстанымды ту еткен, жаңа формациядағы мемлекеттік қызметкерлердің өкілдері ретінде танытқан басшы азаматтарға – Сарыөзек ауылдық округінің әкімі Ерлан Қожабековке, Симферополь ауылдық округінің әкімі Азамат Сәбитовке және аудандық мемлекеттік архивінің директоры Тілеген Сейфулинге айрықша алғыс білдіреміз. Жалпы, жұмыс ауқымды, ендігі біздің ойымыз сол лагерьлер жайлы білетін куәлерді, көне көздерді табу, сол кезеңдегі жабық мекемелердің нөмірлерін айқындау. Қандай контингент отырды, қандай жаза шараларын өткерді, олардың ішінде ақталмағандар қанша деген сияқты сұрақтарға жауап іздеу болатын. Сонымен қатар, жапон әскери тұтқындары жайлы да көбірек ақпарат жинасақ дейміз.

Аманай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
«Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті»
коммерциялық емес акционерлік қоғамы
ректорының кеңесшісі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар