Еңбек адамын қорғау – бұлжымас бағытымыз

Бүгінде кәсіподақтардың көздеген негізгі мақсаты – жұмысшы кәсіптерінің мәртебесі мен беделін арттыру, отбасыларында жұмысшы әулеттерінің дәстүрлерін жаңғырту, еңбек өнімділігін ынталандыру, оған жастардың назарын аудару, еңбек ұжымдарын біріктіру.

Бүгінгі күні өзінің табандылығымен еңбекте жоғары нәтижеге қол жеткізетін адамдарды атап өтуге тамаша мүмкіндік бар. Себебі, жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын ілгерілету мақсатында еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлері арасында «Еңбек Жолы» республикалық конкурсын өткізу дәстүрге айналды. Осы бағытта «Үздік еңбек тәлімгері», «Үздік жас қызметкер» атағына тақырыптық конкурстар да өткізіледі. Әр аталым бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Кәсіпорындарда мұндай шара өткізу еңбек ұжымдарының бірігуіне ықпал етеді, өйткені, еңбек өнімділігі ұжымдағы қарым-қатынасқа да байланысты.
Қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу, қауіпсіз және жайлы еңбек жағдайларын жасау, еңбек даулары мен жанжалдарының туындауының алдын алу біздің жұмысымыздың негізгі бағыты болып табылады.Осы міндеттемені толық көлемде орындауға ат салысудамыз. Біздің кәсіподақ құрамында 79 616 адамды құрайтын 1177 бастауыш кәсіподақ ұйымдары, 11 ірі кәсіподақ ұйымдарын біріктіретін 10 облыстық салалық және жергілікті кәсіподақтар бар. Олар бізбен қоян-қолтық жұмыс істейді. Облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарының қызметкерлерін кәсіподақ мүшелігімен қамту 50,6 пайызды құрайды. Жыл басынан бері 1338 адамнан тұратын 25 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Біз облыстың 28 кәсіпорнында болдық, кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездестік, жұмысшы мамандықтарының өкілдерімен әңгімелестік, олардың жұмысымен таныстық.
Ағымдағы жылы кәсіподақ орталығы жанынан Заң клиникасы құрылып, аптасына 2 рет еңбек қатынастары мәселелері бойынша оқыту жүргізіледі, сондай-ақ, әр сейсенбі сайын қызықтыратын мәселелері бойынша азаматтарды онлайн қабылдау жүргізіледі. Есептік кезеңде 4125 адамның қатысуымен 23 онлайн-семинар өткізілді. Онлайн-қабылдау барысында 180 өтініш қабылданды, татуластыру орталығы еңбек даулары бойынша 48 кеңес берді. Біз облыс деңгейінде де, өңірлерде де кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда мақсатты жұмыс жүргізудеміз. Мысалы, салалық білім беру кәсіподағымен педагог қызметкерлердің сотта талап-арызын дайындауға және мүдделерін ұсынуға көмек көрсетілді. Оның қорытындысы бойынша Шортанды ауданында – 667,3 мың теңге, Ерейментау ауданында – 637,9 мың теңге, Сандықтау ауданында – 18,4 миллион теңге жәрдемақы төленді. Мәдениет қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің нормаларын бұза отырып, жұмыстан шығарылған 2 адамды бұрынғы жұмысына қайта алуға жәрдем көрсетті. «Senim» облыстық денсаулық сақтау қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына кірмеген медициналық қызметкерлердің төрт отбасына кәсіподақ қаржысы есебінен 1,0 миллион теңгеден, барлығы 4 миллион теңге көмек берді.
Біз ауылдағы педагогтарға коммуналдық қызметтерді төлеу жөнінде проблемалық мәселені бірнеше рет көтерген болатынбыз. Нәтижесінде облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауының арқасында бюджеттен ауылдық елдімекендерде тұратын педагогтарға коммуналдық қызметтерді төлеуге 15 АЕК мөлшерінде қаражат қарастырылды. Еңбек құқы, әділ сыйақы, еңбекті қорғау құқы адамның ажырамас құқықтары болып табылады. Бұл ұлттық заңнаманың нормативтік-құқықтық актілерімен де, халықаралық нормалармен де бекітілген. Еңбеккерлердің еңбек құқын сақтау саласындағы проблемалар белгілі. Олар еңбекақы, жалақы бойынша берешек, еңбек қауіпсіздігі, жұмыспен қамту, әлеуметтік кепілдіктер. Осының бәрінің артында адамдардың әлеуметтік көңіл-күйі, олардың бүгінгі және ертеңгі күнге деген сенімі жатыр.
Ел дамуының қазіргі кезеңінде экономикалық саясатқа елеулі өзгерістер қажет. Олар ең алдымен, жұмысшылар кірістерінің мөлшеріне қатысты. Оны көбейту керек. Бұл тұтынушы сұранысын арттырады. Мінберлерде кәсіподақтар қазақстандық қызметкерлердің жалақысын жүйелі түрде арттыру, оның ішінде ең төменгі жалақы мөлшерін ұлғайту мәселесін шешуге бастамашы болды. Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы Жолдауында еңбек адамдары үшін ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру бастамалары көңілге қуаныш ұялатады. Ең төменгі жалақыны 42500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру әр түрлі саладағы жұмыс істейтін бір миллионнан астам адамға қатысты болып отыр. Сондай-ақ, Президенттің 2022 жылдан бастап алдыңғы жылдары еңбекақының өсуінен тыс қалған бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен жыл сайын арттыру туралы бастамасы да өте орынды. Өйткені, бұл шешім 600 мыңға жуық еңбекақысы төмен азаматтық қызметшілерге қатысты. Кәсіподақтар ең алдымен қызметкерлердің еңбек құқы мен әлеуметтік кепілдіктерін сақтауға мүдделі және еңбек адамы үшін жұмыс істейді. Бұл біздің өз қызметіміздегі бұлжымас бағытымыз әрі табанды көзқарасымыз.
Қали РАХМЕТОВ,
Ақмола облыстық кәсіподақ
орталығының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар