Ел құрметіне бөленген ұстаз еді

«Әлемде жақсы мұғалімдерден артық көретін ешкімім жоқ» деп кезінде ұлы ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, жақсы ұстаздар көптеген шәкірттерінің жүрегіне ұялайтыны сөзсіз.

Бұл орайда, Абай атамыздың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген нақыл сөзі де ойыңа оралады. Осындай ерен еңбегімен, қажырлы талабының арқасында шәкірттерінің алғысына, елдің мерейіне ие болған ұстаз – Аюбай Шегірұлы.
Аюбай Шегірұлы Көкшетау өңіріне қарасты Қызылсая елді мекенінде 1931 жылдың 15 мамырында дүниеге келген. Анасы Шапия 1963 жылы дүниеден өткен, ал, әкесі Ұлы Отан соғысына кетіп, Белоруссия жерінде қаза тапқан. Анасының арқасында үш ұл – Аюбай, Қалымбек, Қалымтай жетімдікті сезінбей, ер жетеді.
1939 жылы мектептің 1 сыныбына оқуға барады. Ең алғашқы ұстазы Көпжасар Дахбаев әнші, домбырашы, әрі скрипкада ойнаған өнерлі азамат болған. Алғашқыда латын әліппесімен 1 жыл 6 ай оқығаннан кейін 42 әріптік әліппеге көшеді.
Ер-азаматтар майданға кетіп, бар шаруа бала-шағаның мойнында қалған кезде 5-7 сыныптарда оқып жүріп, ат айдаушы болып, масақ теріп, мал бағып, Отанға өз еңбегінің үлесін қосады. 6-сыныпта оқып жүргенде соғыс аяқталып, ел-жұртпен бірге Жеңіс күнін қуанышпен қарсы алады. 7 сыныптан соң колхоздың сауын биелерін саууға көмектеседі. Аз да болса, анасының ауыртпалығын бірге көтеруге тырысқан, ерте есейген Аюбай Шегірұлы сияқты балалар тағдыры ол кезде бір-бірімен ұқсас еді. 8-10 сыныптарда мектеп жанындағы интернатта тәрбиеленіп, отын, шөп дайындау науқандарына белсене араласады. Қысылтаяң кезде қол ұшын созған мектеп директоры Қадыр Ахметжанов пен мектептің оқу ісінің меңгерушісі Айдархан Құрманғалиұлының көмегін еш уақытта ұмытқан емес.
Оқуды бітіріп, қолына кәмелеттік аттестатын алған Аюбай Шегірұлы Қарағанды қаласындағы педогогикалық институттың физика-математика бөліміне оқуға түсіп, оны 1951 жылы бітіріп шығады. Қарағанды облысындағы Жарық станциясында бір жылдай мұғалімдік қызмет атқарып, отбасының жағдайына байланысты 1954 жылы Көкшетау ауданына қарасты Елтай мектебіне мұғалім болып орналасады. Осы кезеңдерде сабақ беру әдістерін жетілдіруге, оқушыларға білім негізін тиянақты түрде жеткізуге күш салады.
1954 жылдың тамыз айында Көкшетау педагогикалық училищесін бітіріп келген алғашқы жары, марқұм Қарақасқа үйленіп, екі қыз, бір ұл сүйеді. Марқұм ұлы Талғат Ақмола ауыл шаруашылығы институтын бітірген, Айжан, Гүлмира, Марат атты ұл-қыздары бар. Қыздары Жібек, Бақытгүл тұрмыста, балалы-шағалы.
Қарақас апа қайтыс болғаннан кейін Патшайық апамызға үйленеді. Кейінгі ұл-қыздары Ораз, Жұлдыз, Ерлан, Әсемгүл, Айнагүл, Көркемгүлдің барлығы жоғары оқу орындарын бітіріп, халық игілігі үшін әр салада қызмет істеуде.
Аюбай Шегірұлы 1951-1982 жылдары ұстаздық етіп, оқу ісінің меңгерушісі болса, партия ұйымының хатшысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметтерін атқарады. 1982-1985 жылдар аралығында Қызылсая ауылдық Кеңесінің төрағасы болып жұмыс істейді. Отан алдындағы еңбегі ескеріліп, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі атанады, бірнеше мәрте Құрмет грамотасымен марапатталады. Осындай ел арасында құрметке бөленген ұстаздың кезінде біздің Қызылсая орта мектебінде қызмет еткенін біз, әрине, мақтан етеміз.
Өкінішке орай, ардагер ұстазымыздың бұл өмірден мәңгілік мекеніне аттанғанына қырық күннен асты, бірақ, оның жарқын бейнесі мен елеулі еңбегі халық жадында мәңгі сақталады деп ойлаймыз. Жүздеген шәкірті оның ісін жалғастыруда. Сондықтан да, Аюбай Шегірұлы туралы да «өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» деп айтсақ артық болмас.
Райхан БЕГАЛИНА,
Қызылсая орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар