Қостанайдың Көкшетаудағы мәдени күндері сәтті өтті

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Көкшетаудың Қазақстанның мәдени астанасы болып жариялануына орай, өткен бейсенбіде облыс орталығында Қостанай облысының мәдениет күндері болды. Бір күн бойы көкшеліктерді өнер мерекесімен сусындатқан қостанайлықтардың «Құт қонған Қостанай» атты көрмесі, «Думанды Тобыл» концерті, Арқалық қазақ жас өспірімдер театрының «Мәңгүрт» спектаклі көкшеліктердің жүрегіне жол тауып, зор қошеметке бөленді. Астықты облыстың мерекелік іс-шараларына Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова және Қостанай облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Әзімжанова қатысты.

Құт қонған Қостанай

Қостанайдың Көкшетаудағы мәдени күндері Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайында салтанатты түрде ашылды. Ертеден ән мен күйдің ордасы болып, ақын-жазушылар мен батыр-билердің атамекені атанған, Тобыл мен Торғайдың руханияты мен мәдениеті аңқыған өнер ұжымдарын облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова жылы лебізімен қарсы алып, бай мәдени мұраларын көздің қарашығындай сақтап, осы күнге жеткізіп, жас ұрпаққа үлгі етіп келе жатқан Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жұмысына сәттілік тіледі.
–Биыл еліміздің егемендігіне 30 жыл толып, әрі рухани астанамыз – Көкшетау болып жарияланғалы облыс орталығында көптеген іс-шаралар жоспарланған еді. Солардың бірі – Көкшетаудағы Қостанай облысының мәдениет күндері. Облыстардың мәдениет пен өнер саласында өзара ынтымақтасып, тәжірибе алмасуы аталған сала қызметкерлері үшін аса маңызды. Біз сіздердің жылдар бойы кәсіби тәжірибелеріңіз бен іскерліктеріңізден өзімізге қажеттісін алып, бағыт-бағдар ретінде пайдаланамыз, –дей келе басқарма басшысы облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан қостанайлықтарға алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі және Қазақстанның гүлденіп, көркеюіне бірлесіп үлес қосулары қажеттігін айтып, естелік сыйлықтар табыс етті.
Бұлай облыстардың тарихи-өлкетану мұражайларының көрме әкелудегі басты мақсаты – Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау және өскелең ұрпаққа насихаттау, музейлердің оңтайлы имиджін қалыптастырып, өзара іскерлік және шығармашылық байланыс-
тарын дамыту.
–Өнер мерекесінде Қостанай облысының мәдени мұралары мен шығармашылық ұжымдарының сән-салтанатқа толы өнерін тамашалай аласыздар. Биылғы жыл біздер – қостанайлықтар үшін де ерекше жыл. Еліміздің басты мерекесі – тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар жерлесіміз, ақын-жазушы, педагог Ы.Алтынсариннің 180 жылдығын, облысымыздың 85 жылдығын атап өтудеміз. Сондықтан, көрмеде осы мерейлі даталардың да жарқын сәулелері көрініс береді. Бұл көрмеден сіздер тек біздің музейдің жәдігерлерінің аз ғана бөлігін көре аласыздар, – деп Сәуле Әзімжанова көрмеге әкелінген экспозицияларға азырақ тоқталып, өлкетану мұражайының жәдігерлерін толық көру үшін Қостанайға келулеріне шақырды.
Көрмені тамашалауға Көкшетау қаласының тұрғындары, зиялы қауым және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мәдениет ұйымдарының қызметкерлері қатысты.
Сонымен, «Құт қонған Қостанай» көрмесіне келушілер Қостанай облысының мәдени және тарихи мұраларымен танысып, онда Тобыл, Торғай жерлеріндегі, яғни облыстағы пайдалы қазбалардың сирек кездесетін үлгілерін, атап айтқанда тас дәуірі, қола дәуірі мен ерте темір дәуіріндегі бірегей археологиялық олжаларды, зерттеу кезінде табылған жәдігерлер – қазақ жауынгер-батырларының сауыттары мен қаруларын, аңшылық құрал-саймандарды, қыз-келіншектердің зергерлік әшекей бұйымдарын, ұлттық киімдер мен өңірде түрлі саяси кезеңдерге байланысты көшіп, тұрақтап қалған этнос өкілдерінің тұрмыстық заттары мен киім-кешектерін тамашалады. Мұражайда көркемдік коллекциясының сирек кездесетін түрлері көрмеге келушілердің назарын аударып, қызықтырды. Қазақстандық бейнелеу өнерінің негізін қалаушылар мен жетекші шеберлердің – Ә.Қастеев, Н.Хлудов, Л.Леонтьев, Ж.Шарденов, Х.Наурызбаев, Г.Баянның туындылары, атақты қостанайлық суретшілер мен қолданбалы суретшілер – Г.Соков, Н.Торшин, А.Шестаков, С.Луговой, Н.Халифаева, С.Шалунова, С.Ищанов, А.Аңқауовтың шығармалары кім-кімді де көркемдік-эстетикалық кәсібиліктерімен таңдай қақтырмай қоймады. Сонымен қатар, көрмеде Қостанайдың киелі топырағында туып, қазақ ұлтының қамы үшін қызмет еткен ақын-жазушылар мен белгілі тұлғалардың, нақты айтсақ, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Сералин секілді дарабоздардың портреттері қойылған экспозиция да ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында жастардың санасын жаңғыртуға бағытталған тамаша мүмкіндік.
Іс-шараның соңы естелік суретке түсумен аяқталды.

Думанды Тобыл

Қостанайдың Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармониясының Н.Молдахметов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Ақмола облысының Үкілі Ыбырай атындағы филармониясында «Думанды Тобыл» мерекелік концертін ұсынып, Тобыл мен Торғайдың өнерлі өрендері Көкше жерін әсерлі бағдарламасымен мерекеге бөледі. Оркестрдің көркемдік жетекшісі Мәдениет саласының үздігі – Батырбек Баймырза. Концерттік бағдарлама Ерболат Үсеновтің «Шақшақ Жәнібек» күйімен ашылды. Концерттің осынау ырғақты күміс күймен ашылуы заңды да шығар. Себебі, Көкше төрінде үш жүздің басын қосқан Хан Абылайдың таққа отырғанында Алты алаштың айбар киесі Шақшақұлы Жәнібек бата берген деген аңыз бар. Оркестрдің бас дирижеры – Мұқан Төлебаев атындағы 5-ші «Алтын таяқша» байқауының лауреаты Бейбіт Оразалин. Шығарма көкшеліктердің ыстық ықыласына кенелді. Концерттік бағдарламада сондай-ақ, қостанайлық композиторлар – ҚР еңбек сіңірген қайраткері К.Дерипсалдиннің, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Б.Сәуекеновтің, сонымен бірге оркестрдің жаңартылған репертуары – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер, композитор А.Жайымовтың шығармалары – «Думанды Тобыл», «Отпан тау», «Әз Тәуке», ҚР еңбек сіңірген қайраткері Е.Үсеновтің «Ұстаз Арманы», «Арақарағай, арман-ай» және оркестрдің сүйемелдеуімен жеке ән орындаушылардың өнерлері тамашаланды.

«Мәңгүрт» қасіреті бүгінгі күннің тақырыптарын да қозғады

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында бұл күні Арқалық қазақ жас өспірімдер театры «Мәңгүрт» спектаклін ұсынды. Әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романының желісі бойынша қойылған қасіретке толы драманың қоюшы-режиссері – ҚР Мәдениет саласының үздігі Әлия Садықова, суретшісі – Мейрам Есімсейіт.
20 жылдық тарихы бар Арқалық қазақ жасөспірімдер театры қойылымдары арқылы көрерменнің эстетикалық талғамын тәрбиелеп, жүректеріне жылулық ұялатып жүрген өнер ордасы. Театр репертуарында қазақ әдебиеті классикасы мен қазіргі заман әдебиетінің озық үлгілері негізінде қойылған спектакльдері бар екен. Солардың қатарында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұсынылған Р.Отарбаевтың «Қараша қаздар қайтқанда», Б.Римованың инсценировкасы бойынша қойылған «Абай – Әйгерім» лирикалық драмасы, Ш.Айтматов «Мәңгүрт» қасіреті, «Ақ кеме» психологиялық драмасы, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясы, ересектер мен балаларға арналған Д.Исабековтің «Шығыс ертегісі», Ж.Әлікеннің «Сиқырлы терезе», М.Жүнісұлының «Ер Төстік», Ө.Боранбайдың «Қорқақ көжек» ертегілері бар.
Көкшеліктердің назарына ұсынылған «Мәңгүрт» қасіреті жас ұрпаққа айтары мол, ақтарар сыры жеткілікті шығарма. Облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында қойылған арқалықтықтардың спектакліне азырақ шолу жасасақ, шығарма теміржол бойындағы қым-қуыт тіршіліктен басталады. Қырық жылдан астам уақыт осы теміржолда еңбек еткен Қа­занғаптың өлімі арқылы өрбіп, оның өлер алдындағы аманатын орындау барысындағы Едігенің алдынан шыққан кедергілер дүйім жұртты спектакльге ұйытып, бір деммен көруіне баурап әкетті. Шығармадағы Найман-Ананың басынан кешкендері, мәңгүрт ұлының бейнесі мен іс-әрекеті, ғарыш айлағы, адамзат баласының басындағы ауыртпалық, қайғы-қасірет тұңғиыққа жетелеп, көрерменнің терең күрсінуіне алып келді. Қарапайым теміржолшы Едіге өмірдің ащы-тұщысын бірге өткізген қарт досы Қазанғапты оның аманаты бойынша «Ана бейітке» жерлемекші. Аса жауапты сәтте, марқұмды соңғы сапарға аттандыратын имани шағында ол жеке адамдардан, Қазанғаптың ұлы – Сәбитжаннан бастап, тұтас бір мемлекеттік жүйенің қарсылығына тап болады. Ата-баба сүйегі жатқан киелі жер, «Ана бейіті» бүгінде ғарыш айлағына тиесілі болып, онда өтуге рұқсат жоқ екендігі оны налытады. Осылайша, спектакльден жеке адамдардың ой-санасынан айырылып, мемлекеттік жүйенің де кері кетіп, мәңгүртке айналғанын көруге болады. Ал, осындай қиын­дықта адамдығын жоғалтпай, ата-баба дәстүріне, тіліне, діліне адал Едігені –жасампаз күш деп түсінсе болады. Мұндай Едігелер – өмірдің тірегі. Кезінде Шыңғыс Айтматов өз шығармасында Едіге арқылы сол заманның бейнесін ашып көрсеткен болатын, мұндай адамдар қазіргі біздің қоғамда азайып
барады емес пе?!. Едігені сомдаған ҚР мәдениет қайраткері Оразбек Нұрғали кәсіби шеберлігімен кейіпкерді жанды әрі тартымды беріп, көрерменін терең ойларға жетеледі, ойландырып, толғандырды.
Қойылымдағы Найман ана бейнесі қалың көрерменнің көзіне еріксіз жас үйіртті. Театр актирсасы Бақытгүл Ордабаева
сомдаған Найман ана баласын тауып, үйіне қайтарғысы келгенімен, өзінің кім екенінен хабарсыз, есінен айрылған ұлы Мәңгүрт ақыр аяғында анасын өлтіріп тынады. Мәңгүрттің рөлін шебер бейнелеген актер Әлібек Мәнетов көрерменнің жан дүниесін түршіктіріп жібереді. Дәл осы ана мен бала арасындағы байланыс бүгінгі күннің тыныс-тіршілігінен хабар беретіндей. Біздің қоғамда да ділінен, тілінен, дінінен алшақтап кеткен, салт-дәстүрін ескі­лік­тің сарқыншағы деп санайтын «мәң­гүрт­терге» бұл қойылым сабақ болса игі.
Осылайша, бір күн бойы көрікті мекен, сал-серілер мен әнші-күйшілердің бесігі – Көкшетаудың аспанын әнге бөлеп, күймен көмкерген, Ақмола жұртын көне жәдігерлерімен тамсандырып, қойылымымен толғандырған Қостанай өңірінің сән-салтанаты, мәдениет күндері сәтті аяқталды. Театр сахнасында өткен жабылу салтанатында облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қостанайлықтарға шығармашылық табыс, еңбекте жеміс тілеп, өнер ұжымдарына Алғыс хаттар табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар