Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қара киімді адам - АРҚА АЖАРЫ

Қара киімді адам

(Әңгіме)

Түн… Аспанды қорғасындай ауыр да зіл батпан, үрей туғызарлықтай қою қара бұлт торлаған. Аспан астының оқтын-оқтын астан-кестеңін шығарып, күркіреген күн мен астасқан найзағай жарқылы терезе әйнегін жалтылдатып, жанарыңмен түйіседі.

Күлімсі иіске көмілген, қараңғы қапырық, тар бөлме. Жантайған адамның жамбасына бататын, сүзілген жұқа матрас төселген ағаш төсек. Бір бұрышта ернеуінен асып төгіліп қоқыс жәшігі тұр. Іші толған шеккен темекі қалдықтары мен пісте қабықтары және шала-пала ішіліп, төгіліп жатқан сыра шөлмектері қоқыс жәшігінің аузынан шығып тұр.

Бұл қаладан шеттеу жердегі тау бөктерлей өскен қалың жынысты орман арасындағы оқшаулау тұрған қос қабатты мейрамхана күзетшілерінің шағын бөлмесінің сиқы. Ішінде менен басқа тірі жан жоқ. Қаңырап бос қалған бөлмелер. Қисайып көз шырымын алайын деп едім, елегізіп, елеңдеп көзім ілінер емес. Қолымдағы мұқабасы қалыңдау кітапты ашсам да, оқи алмадым. Басыма жастана салдым. Кірпік қақпастан шалқамнан жатырмын. Сырттағы ауа райы да еңсемді езіп жатыр. Үстіңгі қабаттағы ас бөлмеден ыдыс-аяқтың салдыр-күлдір еткені естіледі. Кеудемді кенет үрей билей жөнелді. «Қорыққанға қос көрінер» деп өзімді алдарқатып та қоямын. Бойымдағы үрейді жеңуге тырысып, қалта телефоныммен достарыма тіл шалып уақыт оздырғым келді. Ол да мүмкін болмады. Қарызға алынған бірліктің уақыты да бітіп қалыпты. Қуат көзі де отыруға шақ қалған екен. Барын үнемдейін деп телефонымды қалтама салып қойдым.

Екі көзім алақ-бұлақ етіп тың-тыңдап жатырмын. Сыртта сіркіреп, жаңбыр жауып тұр. Тағыда бір белгісіз дыбыстар еміс-еміс естіле бастады. Екінші қабатта біреу-міреудің жүргенін анық сездім. Мен жалғыз емес екенмін. Арлы-берлі жүріп, біресе есіктерді ашып-жауып, біресе шүмектегі суды сарылдатып, ойына келгенін істеп, мені мазақ қылып жүрген секілді әлдекім. Адам ба? Аң ба? Кім? Не? Белгісіз. Жүрегім атқақтап, маңдайымнан суық тер шығып, таңдайым кеуіп, тынысым тарылып, жаным тағатсыздана бастады. Есіктен біреу-міреу қашан ентелеп кіріп келіп, жанымды суырып алар екен деп қыбыр етпестен жатырмын. Қай-қайдағы жайлар… оқыған кітаптарымдағы қорқынышты кейіпкерлер есіме еміс-еміс орала береді. Бәрі де бойымды үрей билегеннен болар…

Есік ашық қалып, ұры-қары кіріп кетті ме деген ой да келді. Бірақ ымырт түсе мықтап тұрып іштен құлыптап алғаным есімде. Не де болса, анық-қанығына көз жеткізгім келді. Сіресіп қатып қалған орнымнан әрең көтеріліп, еденге етбетімнен жатып, есіктің астындағы саңылаудан ақырын сығаладым. Тірі пенде жоқ сияқты… Кенет біреу жүгіріп өткендей болды, тек сұлбасын ғана көзім шалды. Бірақ, түкте көрмегендей сыңай танытқым келді.

Етбеттеп жатырмын. Көгеріп әрі дымқыл тартқан еденнің иісі қолқамды қауып барады. Жүрегіңді айнытып, лоқсытады екен. Мұншалықты жиіркенішті болар ма? Бұл ара құрт-құмырсқа мен тарақандарға тым жайлы бір мекен болып алған іспетті. Олар осы жайлы мекендерінде өздерін еркін сезінетіндіктері соншалықты, менің де қойны-қоншыма кіріп, желкемді жыбырлатып, жон арқама дейін өрмелеп барады. Жон арқама қарай жорғалай бастаған тарақанның біреуін ұстап алып, уысыма салып, умаждап жібердім. Жетпегені енді осы тарақандар еді… Алайда, тұла бойым тітіркеніп кетті. Мені де біреу-міреу умаждап жоқ қылмасына кім кепіл?!.

Үнімді шығармай, демімді ішке тартып, аяғымды аңди басып барып сыртқы есікті итеріп көрдім. Бәрі де жөнімен тұрған сыңайлы. Тек кіре берістегі әжетхананың жарығы бір жанып, бір сөніп тұрғаны. Сол үрей үстіне үрей қосып, тұрған жерімде сілейіп қаттым да қалдым. Не істерімді білмеймін. Тағы да өзімді алдарқата бастадым. Бәлкім, жаңбырдан су болған электр сымдары тұйықталып, шамның жанып-сөніп тұрғаны сол болар деп сендірдім өзімді. Күллі әлемнің әйнегі шағылғандай салдыр-күлдір еткен дыбыс естілді. Оның соңы әйелдің күлкісіне ұқсас ұзақ сонар бір жаңғырыққа ұласып, ол әлгіндей болмай жатып, ықылық атқан адамға ұқсап барып, жым болды. Төбе құйқам шымырлап кетті.

Зәре құтым қашып, жанымды қоярға жер таппай, қараңғы қапырық бөлмеме қайта келдім.
Қорқақтығыма қатты ыза болып, жыным ұстады. Осы қорқақтығыма қарап отбасы, бала-шағасы бар, орда бұзар отыздағы жігіт деп кім айтады? Үрейді ұмытып, өмірімнің ең жарқын белестерін ойлап, қиялымда тербеткім келді. Ең алдымен, жарыммен шаңырақ құрмай тұрып бірге өткізген махаббатшыл күндерді біртіндеп көз алдыма әкелдім. Ол сондай сүйкімді, қылықты еді… Қазір де солай.

Кенет тұла бойымды қызғаныш оты шарпыды. «Мүмкін ол дәл қазір менің жоқтығымды пайдаланып, балаларды ұйықтатып тастап.., – деген сұр жылан ой сумаң ете қалды. Мен қазір өліп кетсем, әйелім басқа біреумен кете баратындай сезілді. Үрейге енді келіп қызғаныш сезімі қосылды. Оның үстіне, әйелімнің әлеуметтік желілерге жариялаған суреттеріне аузының суы құрып, сілекейі шұбырып жүрген талай еркекті білетінмін. Бүгін қайтсем де өлмеуім керек. Миым зақымдана бастағаны ма бұл? Әлде есімнен адаса бастадым ба? Түсініксіз кейіптемін. Не де болса, бұл жерден зытып бергім келді.

Кетуге ыңғайланып қараңғы бөлмемнің есігін ептеп ашқанымда көз алдымнан кетпей қойған сол елестің көлбеңдеген көлеңкесін анық көрдім. Ол әжетхана жаққа кетті. Сол сәтті пайдаланып екінші қабаттағы ас бөлмесіне жалма-жан жүгіріп шықтым да, қолыма іліккен қара пышақты алдым. Бір қызығы бұл жердің де жарығы бір жанып, бір сөніп тұр. Кім болса да қолымдағы қара пышақпен турап тастамақшы болып, тістеніп алдым да, батылданып баспалдақпен төмен түсіп келемін. Бұл батылдықтың тұла бойымда қайдан пайда болғаны да беймәлім. Қолымда қара пышақ. Бар ойым елестен құтылу! Мен оны дәл шыға беріс есік алдында көрдім. Бойы екі метрдей еңгезердей қара киімдегі ер адам. Өзінің жүзі де таныс сияқты, көзі көк теңіз түстес, мені кекетіп, ыржалақтап тұрған тәрізді.

Бір сәтке жанарымды тайдырып барып, кайта қарағанымда ол жер жұтқандай зым-зия ауаға сіңгендей болып жоқ болып кетті.
Түннің бір уағы… Шамды жанған күйі қалдырып, елесті ішке қамап тастадым да, сыртқа шықтым.

Дала қап-қара түнек құшағында. Төпелеген жаңбырды да елемей, алды- артыма қарамастан, қара жолдың жиегімен ызғытып келемін. Үсті-басым малмандай су. Анда-санда жарқылдаған жасынның жарық сәулесі қолымдағы қара пышақтың өткір жүзімен шағылысып қалады. Қылпып тұрған өткір екеніне көзім жетті. Сүрініп кетіп, сол қара пышақ өзімді жазым қылмасыншы деп аса сақтықпен жүгіріп келемін. Қорқынышым тағы да үдей түсті. Айнала жамырай өскен қарағай мен талдың бәрі де көзіме қарақшы болып елестеді. Тап бір мені қаумалап ұстап алатындай. Үйге жеткенше әлі де біраз бар… әлі де біраз жүгіруім керек…

Жаңбыр суын шалпылдатып, көз ілеспес жылдамдықпен зытып келемін… Кенет дәл арт жағымнан ықылық атқан адамның дыбысы естілгендей болды. Артыма жалт қарадым, ешнәрсені байқамадым. Әлде ол менің алдымда кетіп бара ма? Түнгі жаңбырдың салқынымен қалтырап, тоңа да бастадым. Таңертең жеңіл-желпі ғана киіне салған едім. Кім білген бұлай боларын?!.

Жол бойына іркілген жаңбыр суын шашыратып, өтіп жатқан бірен-саран көліктерге қол көтердім, ешқайсысы тоқтамады. Тек бір «такси» деген жазуы бар көмірдей қап-қара, жаңбыр жуып жылтыратып тастаған жеңіл машина тоқтады. Рөлі оң жақта екен. Қара пышақты жеңіме сүңгітіп жасырдым да, бірден жылы орынға жайғасып, мекен-жайды айттым. Ол үнсіз. Кенет…

Көзімнің қиығымен оның бет әлпетіне қарап едім, жүрегім зу ете қалды. Әлгі адам! Дәл сол қара киімдегі елес… Өз көзіме өзім сене алар емеспін. Тілім күрмеліп «тоқта!», – деп айтуға да шамам келмеді. Үнім шықпай қалды. Ол мені басқа бір жаққа алып кетіп бара жатқандай. Әрекет етпесем құримын… Қара пышағымды ақырын алып шықтым да, сол жақ кеуде тұсына сермедім. Ол да қорғанып бағуда. Күші мығым біреу екен, көліктің тежегішін басып, көлігін тоқтата беріп, шойындай жұдырығымен жағымнан «зыңқ» еткізді. Сол сәтте мен оның жүрек тұсына қара пышағымды сұғып үлгердім. Тілге келместен жүріп кетті. Мен оны жеңгеніме масаттанып, қорқыныш атаулыдан арылып, жұмыс орныма, яғни, тау бөктеріндегі мейрамхананың караңғы бөлмесіне қайта келіп, су киімдерімді кептірдім. Көз шырымын алып, түк болмағандай қорылға бастым.

Жұмыс уақытым аяқталып, таң ата үйге келдім. Әйелім жайдары жүзбен күлімдеп қарсы алды. «Қатты шаршағаннан ба өңің сұрланып, көздерің кіртиіп қалыпты ғой», – деп шайын құйды. Теледидарды қостық. Барлық телеарналар бір жаңалықты жерден жеті қоян тапқандай қайталап жеткізуде екен: «Бүгін түнде қала сыртындағы қара жолдың бойында жан түршігерлік оқиға орын алды, белгісіз біреулер такси жүргізушісін қасақана өлтіріп кетті, жүрегіне қадалған қара пышақтан саусақ іздері табылмады». Осы сәтте әйелім таңдайын қағып: «Азған айуан немелер!», – деп кектене күбірледі. Мен де сөзіне қосылған сыңай танытып, әйеліме күдіктене қарап, үнсіз отыра бердім. Қолымның қызыл қанға боялғанын әйелім біліп қоя ма деп жұмған аузымды ашпадым сол күні. Енді жұмысқа бармайтын болып шештім… Әйелімнің тапқаны да жетеді… Оның үстіне «қара киімді адамды» көргім келмейді.

Жұмысыма қайра барып, су киімдерімді кептіріп отырғанымда, қара киімдегіні тағы көргенмін. Ол өлмепті. Оны емес таксисті өлтіргеніме сол кезде көзім жеткен-ді.

Сіз де сырт көзге сондай сыпайы, бейкүнә болып көрінесіз… Иә, сіз! Мүмкін мен сияқты зор күнәға батып, ешкімге тіс жармай жүрген боларсыз… Бір сәт ойланып көріңізші, бұл қоғамда елес сияқты «қара киімді адамдар» құзғындай қаптап жүр. Сенбесеңіз, айнаға қараңыз. Мүмкін солардың бірі өзіңіз шығарсыз!..

Манарбек Қыдырбай

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар