Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Атажұртымызға тамыр жайдық - АРҚА АЖАРЫ

Атажұртымызға тамыр жайдық

1991 жылы тарихи оқиғаларға толы жыл болды. Кеңес Одағы ыдырап әрбір республика тәуелсіздігін жариялады. Сол жылы қазақ елі тәуелсіз ел екенін күллі әлемге паш етті.

Сол жылы Моңғол Халық Революцияшыл Партиясының 21 съезі шақырылып, біздің аймақтан 16 мүше өкілдікке сайланып, біздің ауылдан мені сайлады. Сол жылы МХР партиясы басшылық жасау мүмкіндігінен шеттетіліп, Демократиялық партия халық сеніміне ие болып, үкімет бейбіт жолмен ауысты. Сол жылы қазақ елінің ұшағы тұңғыш рет Баян-Өлгий аймағының әуе жайына қонып, Жібек Әмірханова бастаған ресми адамдар аймақ басшыларымен мәміле жасасты. Сол жылы Семей қаласының ет комбинатына оқытып, жұмысқа үйретіп шығаруға 18-20 жастағы жүзге жуық ұл-қыз еңбек шартымен аттанды. Сол жылы Қазақстан Республикасы Президентінің шет елдегі қандастарын Атажұртқа шақырған үндеуі жария етілді. Сол жылдан бастап Атажұртқа көшу басталды. Қазақ елі Моңғолия қазақтарын тым ертеден қолдап, қамқорлығын аямағаны белгілі. Көптеген азаматтар атажұрттан сан салалы білім алып, туған елінде еңбек етті.

Менің ұстазым Қапшан Әбілханұлы, Баят Жанатұлы, Кәкей Жаңжұңұлы қатарлы танымал адамдар Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың түлектері. Мен өзім атажұртқа қазақ елінің ақшасы – теңге айналымға кірген жылы келіп, ауылдағы жаңа ашылған мектептің директорына тағайындалдым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш болғанымен, жауапкершілігі де мол жұмыс еді. 1994-1998 жылдары қазақ мектептерінің директорларының мамандық жетілдіру курсынан өттім. Соңғы білім жетілдіру курсына барғанымда, курс жетекшісі: «Шеттен келген қандастардан сіз алғашқы мектеп директоры екенсіз» дегені, осы сенімді абыроймен атқар деп тұрғанындай еді.

Ұжым қамқорлығы, басшы органдардың қолдауының нәтижесінде жұмысымыз жақсы болды. Мектепті аралап көрген облыс әкімі С.В.Кулагин мектепті жақсы деп түрлі-түсті телевизор приставкасымен берген еді. Атажұртқа дін, қоғам, өнер қайраткерлері, басқа саланың да бәрінен келді. Тарих ғылымдарының докторы Қинаят Зардыханұлы, түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, халық әртісі Қибатдолда, өнерге еңбегі сіңген қайраткерлер Қабылаш, Қабыкей, халық күйшісі Кәлек Құмақайұлы (ертеде Атажұртқа шақырумен келіп, сыбызғы өнерін үйреткен) және алтын қолды дәрігерлер, ұстаздар, елге танымал Қабдыжәлел Сахарияұлы, Қазира Иланқызы, Тоқтамұрат Жомартұлы, Егеухан Мұқамәдиқызы қатарлы айтыс ақындары Атажұртқа әлденеше мәрте келіп өнерімен танылғандар. Қазақ елі қандасынан қамқорлығын ешқашан аяған емес. Моңғолияда қазақ аймағы алғаш орнаған жылдары тәлімгер ұстаздар жіберіп, оқу ісін жалғастыртса, соғыстан кейінгі қираған дүниелерді қалпына келтірудің қиын кезеңінде де қазақ балаларын шет елден қабылдап алып, оқытумен болды.

1948 жылы медициналық оқу орнына Баян-Өлгий аймағынан 10 қазақ қызын оқытып, мамандық алуларына жәрдем берген. Соның бірі менің апайым Нұржамила еді. Атамекенге оралған қандастар еліміздің барлық облыстарында, аудандары мен қалаларында, ауылдарда жемісті еңбек етуде. Заң саласында Үнзила Шапағатқызы, газет-журнал, телевидение саласында Бекен Қайратұлы, Ержан Әсиханұлы, Нұрлан Кабдиұлы, Алтынбек Құмырзақұлы, Нұрлан Окаұлы, Айбек Қобдабайұлы, тағы да басқа ауызға ілініп жүрген азаматтарымыз көп-ақ. Оқытып, тәрбиелеп жемісті еңбек етуіне мүмкіншілік жасау – қандасына деген қамқорлықтың нәтижесі. Дәлірек айтсақ, көшіп келуге мүмкіндік болмағанымен, басқа байланыс үзілген емес.

Кеңес Одағының тұсында көшіп келем деушілер болғанымен, ресми рұқсат болмаған. 1980 жылдың басында аймақтық аурухананың басшысы, жоғары санаттағы оташы дәрігер Уатхан Жарқынбайұлы ағамыз 40 үйдің екі жүздей адамын қазақ еліне көшуге рұқсат сұрап, БҰҰ-ға арыз жазыпты деп естідім. Осы жайды өзінен сұрағанымда: «Ол рас, бұл жерде еш тапшылық көріп отырған жоқпыз, ұрпағымды Атамекенге жеткізгім келіп арыз жаздым. Моңғолия Үкіметінен арнайы адамдар келіп, арызда аты көрсетілген әрбір адаммен жеке-жеке жолықты. Бірі тұрмыс қажетін өтеу орнының басшысы, бірі сол мекемеде кәсіподақ басшысы, бірі беделді мұғалім, бірі шопыр, өзі емші, яғни, ешқандай таршылық көрмеген, экономикалық жағынан қыспақ болмаған екен, деп тексеріс қортындысын жоғарғы орындарға таныстырамын деп аттанған. Көп кешікпей көшудің қажеті жоқ», деп жауап келген дейді атажұртын аңсаған ағамыз. Еліміз тәуелсіздік алысымен, Атамекеніне жетіп, Алматы қаласында дүние салды.

Әрине, ол кезде атажұртын аңсаушылар көп болды, бірақ, жол табылмады. Еліміз тәуелсіздік алысымен, шеттегі қандасын Атамекенге өз қаражатымен, өз күшімен жинағаны тарихи тұлғаның тапқыр саясатының бір көрінісі болмақ. Атамекенге оралып, бизнестің әр саласымен айналысып жүргендер қаншама. Ақтылы қой, қоралы сиыр, үйір-үйір жылқы ұстап, қала халқының белгісі бір бөлігін тағаммен, етпен, көкөніспен қамтамасыз етіп отырғандар баршылық. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің арқасы. Осы тәуелсіздігіміз баянды, тұғыры берік болғай!

Әдебиет Байдолдаұлы.
Ерейментау ауданы.
Новомарковка ауылы.

Суретте: Алматы қаласындағы медицина училищесінде оқып жүрген Баян-Өлгей аймағының қазақ қыздары. 1948 жыл.
(автордың жеке архивінен).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар