Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының «Қоғамдық келісім» мекемесінде белгілі поляк жазушысы Станислав Лемнің 100 жылдығына арналған «Лем Бестиары Мруздың көзімен» атты көрменің тұсаукесері өтті. Іс-шараға Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті Елшісінің орынбасары Томаш Коллат және елшілік қызметкері Фарангиз Коллат қатысты.
Биыл Польшада Лем жылы деп жарияланған болатын. Станислав Лем әлемдегі ең танымал поляк жазушыларының бірі болып табылады. Оның шығармалары 41 тілге аударылып, миллиондаған данамен жарық көрген. Лемның шығармаларын ғалымдар жаһандық құбылыс деп танып, туындыларының мәдениетті қалыптастырудағы рөлі орасан зор екендігін атап өткен. Осы күнге дейін әйгілі болып келе жатқан романдарында Лем адамзат пен медицинаның инженерия мен футурологияның ықпалдасуынан туындаған мәселелердің барлық ара-жігіне тоқталған. Ал, Краков суретшісі Даниэль Мруз Лем шығармаларының кейіпкерлері үшін керемет графикалық бейнелер жасаған. Бірқатар өнертанушылар Мруздың суреттері мен Лемнің мәтіндері бір екендігін айтқан екен. Сонымен, «Лем Бестиары Мруздың көзімен» атты көрме екі ұлы шебердің ынтымақтастығының нәтижелерін ұсынады.
Іс-шара поляк тілі мұғалімі, пани Юстыненың шығармашылық ізденістері арқасында есте қаларлықтай өтті. Ол қатысушыларды ұлы фантаст-жазушының шығармашылығымен таныстырып қана қоймай, жазушының шығармалары бойынша сауалнамалар жүргізді. Поляк тілі курсының тыңдаушылары кезек-кезек Лем шығармаларынан үзінділер оқып, өз білім-біліктерін ортаға салды.
Поляк диаспорасымен кездесу барысында Елшілік өкілдері поляк жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларын таныстырып, поляк картасы, Польша Республикасының азаматтығын алуға мүмкіндік беретін арнайы құжаттар туралы айтып, қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді.
Ырысалды ШАМШИЕВА.