Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Электрондық оқулықтар платформасы таныстырылды - АРҚА АЖАРЫ

Электрондық оқулықтар платформасы таныстырылды

Облыс орталығындағы «Болашақ» сарайында «Алматыкітап» баспасының «TopIQ» (topiq.kz) электронды оқулықтардың бірінші ұлттық платформасының тұсаукесері өтіп, арнайы брифинг ұйымдастырылды.

Іс-шараға педагогика мамандығы бойынша білім алатын студенттер, мұғалімдер, мектеп директорлары, ата-аналары мен БАҚ өкілдері қатысты. «Алматыкітап» баспасының директорлар кеңесінің төрайымы Элеонора Баталованың айтуынша, электронды оқулықтар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен талаптарға сай келеді. Баспа нұсқаларының негізінде оқулық авторлары оларды фото, видео, аудио және қызықты интерактивті тапсырмалар сияқты мультимедиалық материалдармен толықтырыпты.

–Электрондық оқулықтар әр түрлі аймақтардағы, нақты айтқанда қаланың да, шалғай ауылда тұратын баланың да білім алуына мүмкіндік туғызады. Әлемдік озық тәжірибені зерттей келе, осындай цифрлық форматқа ауыстыруды жөн санап, «Алматыкітап» баспасы Қазақстандағы ең тәжірибелі баспалардың бірі ретінде мектеп оқулықтарын цифрлауды бірінші болып қолға алды. Бүгінгі таңда веб-платформаға үш баспаның 1-11 сыныптарға арналған 65 оқулығы орналастырылған. Сонымен қатар, электрондық оқулықтар платформасы «Күнделік» жүйесімен кіріктірілген, яғни мұғалім осы журнал мен күнделік платформасы арқылы тапсырма бере алады. Сондай-ақ, мұғалімдер электрондық оқулықтармен жұмыс істеген  балалардың бағаларын бірден «Күнделік» бағдарламасына қоя алады,  – дейді Элеонора Баталова.

Сонымен бірге, брифингте «Алматыкітап» баспасының президенті Гаухар Саймасаева, цифрлық орталықтың басшысы Елена Капранчик пен  оның орынбасары Әсима Рысқұлбекова «TopIQ» электронды оқулықтардың бірінші ұлттық платформасының білім беру саласындағы артықшылықтарын айтып берді.

–Бұл электронды оқулықтар платформасы заманның талабына сай жасалған. Платформа бір жағынан қолайлы әдістеме ретінде ұстаздардың жұмысын жеңілдетеді, оқушылардың білім алуға, пәнге деген қызығушылығы мен ынтасын арттырады. Мұндағы фото, видео, аудио және қызықты интерактивті тапсырмалар сияқты мультимедиалық материалдар оқушыларға өздігінен білім алуына мүмкіндік береді.  Ата-аналарға да балаларының білімін бақылап отыру үшін тиімді, –дейді Әсима Рысқұлбекова.

Сонымен бірге, брифингте «Алматыкітап баспасы» өткен жылы пандемия басталған кезде электрондық оқулықтар платформасының барлық оқулықтары қазақстандық оқушылар үшін тегін қолжетімді болғандығы айтылды. Платформада бір миллион оқушыға дейін отырып, сабақ оқумен айналысатын күндер болады екен. Бұл электронды оқулықтар еліміздің ондаған мектебінде апробациядан сәтті өтіпті. Бүгінгі күні платформаға еліміздің 191 мектебі мен 130 мыңдай оқушысы жазылыпты.

Жалпы, мұндай тәжірибе, яғни оқушылардың электрондық оқулықтарды пайдалану әдісі дамыған өркениетті елдердің көбінде белсенді қолданылып келеді.

Іс-шара барысында білім беруде және педагог мамандарды даярлауда электронды оқулықтардың бірінші ұлттық платформасын пайдалану жөнінде «Алматыкітап» баспасының өкілдері Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжімен, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен және М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен екіжақты меморандумдарға қол қойды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар