Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Авиценна-оңалту» жаңа жылдан бастап өз жұмысын тоқтатады - АРҚА АЖАРЫ

«Авиценна-оңалту» жаңа жылдан бастап өз жұмысын тоқтатады

2022 жылдан бастап Көкшетау қаласындағы «Авиценна-оңалту» мекемесі халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмекті көрсете алмайды. Мекемеге бекітілген қала тұрғындары енді амбулаториялық-емханалық көмек алулары үшін басқа медициналық ұйымдарға тіркелуі тиіс. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды.

–«Авиценна-оңалту» мекемесінің алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған келісім-шарты аяқталуға жақын. Мұнда тіркелген қала тұрғындары енді өздерінің тұрғылықты мекен-жайлары бойынша және өз еркімен Көкшетау қалалық емханасы мен орталық емханасына немесе «Виамедис Көкшетау» (бұрынғы №1 қалалық емхана) жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қайта тіркеледі. Сондай-ақ, қалада амбулаториялық-емханалық көмек көрсетудің жеке жеткізушісі ретінде теміржол ауруханасы және «Панацея» клиникасы жұмыс істейді, – деді брифингте мекеме жабылатындығын хабарлаған Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Шағыров.

–«Авиценна-оңалту» ұйымы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге келісім-шартты 2021 жылға жасаған болатын. Бүгінгі таңда тіркеу науқаны кезінде бізден 892 адам кетті. Қалғандары, меніңше көмек көрсету кезеңінің аяқталуын күтуде, сосын ерікті түрде өз қалаулары бойынша басқа емханаларға тіркелетін болады. Дегенмен, бүгінгі күні алғашқы медициналық көмекті көрсету қызметінің тоқтайтыны және басқа емдеу мекемелеріне тіркелу мүмкіндігі туралы әр бекітілген азаматқа жекелей хабарланды, – деп атап өтті «Авиценна-оңалту» мекемесі басшысының орынбасары Евгений Бекаев.

Сонымен бірге, брифингте бұл емхананың тиімсіз болғандығы да айтылды. Ұйым жеке меншік. Сондықтан, қаржыландыру екі көзден – құрылтайшылардан және медициналық сақтандыру қорынан іске асырылады, яғни, бюджет есебінен жүргізіледі екен. Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйым үшін халықтың белгілі бір саны болуы қажет. Бірақ, мұнда тіркелген адам саны 3,5 мың ғана.

–Емхананы ұстап қалу үшін бұл адам саны өте аз. Ал, тұрғындарды көбірек тіркеуге алайық десек, оларға медициналық көмек көрсететін белгілі бір алаң, орын керек. Бізде мұндай артық аумақ жоқ, – деп толықтырды өз сөзін мекеме басшысының орынбасары. Дегенмен, аталмыш стационар жұмысын жалғастырады және ол кеңейтілуі мүмкін. Стационардың қызметтері басқа емдеу мекемелерінің жолдамасы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы тегін болады.

Брифинг барысында журналистер қауымы «мекеменің жабылуы бұған дейін орын алған қылмыстық істермен байланысты ма?» деп сұрады.
–Облыста осындай үш ұйым бар. «Авиценна», «Авиценна-Бурабай» және біздің «Авиценна-оңалту» мекемесі. Бұл үшеуі әртүрлі заңды тұлғалар болып табылады. Біздің ұйымға мемлекеттік органдар тарапынан шағым түскен жоқ. «Авиценна» емдеу-алдын алу мекемесі базасында ақылы қабылдайтын қызметтердің «Авиценна-оңалту» мекемесіне қатысы жоқ, –деді Евгений Бекаев.

Қазір емханада 26 қызметкер жұмыс істеуде. Алайда, оларға алдағы өзгерістер туралы хабарланып, барлығына әртүрлі жұмыстар ұсынылыпты.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар