Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұтымды қимыл – ұйымдастырудан - АРҚА АЖАРЫ

Ұтымды қимыл – ұйымдастырудан

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына жолдаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы жарияланып, дамуымыздың сара жолдары нақтыланып, белгіленіп берілді. Алда қиындық болары да ашық айтылды. Біз жергілікті жердегі ел ырыздығы астық пен мал өнімдерін өндірушілер жаңа қарқынмен, соны үрдіспен тас түйін бекініп, еңбек етуіміз керек. Жолдауды оқи отырып, ел экономикасының қарыштап өсуіне қандай жағдайлар жасалатынын түсініп, түйсіндік. Түйсіндік те үстіміздегі жылғы еткен еңбегімізге, қол жеткізген табысымызға сараптау жүргіздік.

Астық – ел ырысы, Отанымыздың баға жеткізгісіз байлығы, берекетіміз. Берекетімізді молайту үшін әрекетіміз де нығайып, қамбаға құйылар алтын астықты сапалы, толық жинап алу міндеті біз үшін ешқашан мәнін жоймайтын жауапты да абыройлы іс. Үстіміздегі жыл, әсіресе, егін орағы науқаны табысты өтті. Жалпы, аудандағы егін және мал шаруашылығы біршама жақсы дамып келеді. Осы орайда, қол жеткен табыс-тарымызды, жыл ішінде атқарылған шаруаларды ауыз толтыра айтуға әбден болады.
Аудан негізінен егін шаруа-шылығымен айналысқандықтан әңгіменің әліппесін осы жайдан бастағанымыз жөн болар. Алдымен егіннің қаншалықты қиындықпен егілетіндігін, өсіп-жетілгеннен кейін де «жауынның» көп екендігін, көк өскін қылтиып жер бетіне шығысымен біршама бейнетті өзімен бірге ала шығатындығын айта кеткен жөн шығар. Біз биыл жіті жос-парлап, атқарылатын шаруаны алдын-ала екшеп, жұмыла кірісудің арқасында осындай кедергінің бетін қайтардық. Алдымен, шегіртке тәрізді зиянкестерді жойдық. Уақытында науқан кезінде қажетті жанар-жағар май толық жеткізілді, күзгі орақ науқанына қарастырылатын ауыл шаруашылығы техникалары сақадай-сай жөнделіп, күні бұрын әзір тұрды. Осындай ұйымдаса, қанаттаса атқарған іс-қимылдың арқасында егін орағын мерзімінен бұрын аяқтадық. Келер жылға қажетті тұқым қоры жеткілікті мөлшерде құйылып алынды.
Тың мерекесі қарсаңында Жарқайың ауданының диқан механизаторлары табиғат сынына төтеп беріп, 600 мың тонна астық жинады. Гектар берекесі 11 центнерден айналды. Және жай ғана астық емес, сапалы, барлық талаптарға сай астық.
Сөз арасында толайым табыс сырын таратып айта кетуге де болар. Кеуде қағып мақтану мақсатында емес, жер емшегін емген өзге диқандарға үлгі-өнеге болуы үшін. Біріншіден, жер баптаған диқандардың көкірегінде маңдай термен, қисапсыз еңбекпен өсірген егінді бір дәнін шашау шығармай, жерде қалдырмай жинап алайықшы деген ынта болды. Жалғыз ынта ғана емес, жалындаған жігер, жақсылыққа ұмтылыс, ел берекесін молайтуға деген ізгі ниет. Осыған орай, дала төсіндегі еңбек қимылдарын ұтымды ұйымдастыру, бригадалардағы техникалық қауіпсіздіктерді сақтау, дала ерлерінің дала төсіндегі тіршілігін ыңғайлы орайластыру тәрізді мәселелер күні бұрын мұқият есептелді. Оның үстіне егіншілік мәдениетін жақсарту, жаңа технологияларды батыл енгізу өнім сапасына әрі оның молдығына игі әсерін тигізді.
Жоғарыда айтылған қадау-қадау мәселелер маңызды. Ал, айрықша маңыздысы адам және оның ғажайып еңбегі. Сондықтан да, аудан шаруашылықтарында қарапайым еңбек адамына деген дұрыс көзқарас қалыптасып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына көп көңіл бөлінді. Осы орайда, өзгеден оқ бойы озық шаруашылықтарды атай кеткен ләзім. Әсіресе, «Диқан-4», «Жер-1», «Агропромтехника», «СПК Отрадный», «Осана-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Атай», «Азамат-4», «К-Муслим» шаруа қожалықтарын екпін түсіріп айта кетуге болады. Қарапайым еңбек адамын құрметтеудің, олардың жан дүниесін жете түсінудің, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартудың айқын, толымды мысалдары осыларда.
Күзгі еңбек майданында жеңістің сыры комбайн паркін уақытылы жаңартып, шешуші кезеңде жарты сағат уақытын зая жібермейтін ыждаһаттылықта жатыр. Үстіміздегі жылы ауданда егін орағына 895 астық жинайтын техника қатысты. Осы жылдың алғашқы он айы ішінде жаңа заманғы 44 комбайн сатылып алынды. Оған қоса, 32 доңғалақты трактор және өзге де ондаған ауыл шаруашылығы техникалары алынды. Шетелдік комбайндардың үлес салмағы 13 пайызға жетті. Меніңше бұл қолдағы техниканы жаңартудың басы ғана. Шаруашылық басшылары қиын-қысталаң кезде өнімді жұмыс істейтін жаңа, шетелдік техникалардың қаншалықты тиімді екендіктерін әрбір орақ сайын көріп жүр. Өнімді, қуатты техника биылғыдай жылы керек-ақ. Нақты өмірдің өзінен тәжірибе жинақтаған ұжым басшылары алдағы уақытта да өз мүмкіндіктеріне орай тиімді техниканы көбірек алып, жаңаша жарақтану қажеттігін ұғынып отыр.
Биылғы маусымда әр комбайнға түскен жүк те аз емес. Олардың әрқайсысының еншісіне 606 гектардан келді. Егін алқаптарын бөлектеп орып, бастыру әдісі соңғы екі жылдан бері қолданылып келеді. Жауапты маусымды дер кезінде аяқтауға бұл әдіс те септігін тигізді деп айтуға болады. Егін ору бар да, қамбаға құйылған астықты өткізу бар. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің алдында элеватор есігі ашық болды. Жыл сайын осы бір шетін мәселе астық тапсырушыларды қобалжытып, әрқилы қауесетке жол берілетін.
Ендігі бір атап айтатын жай ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің қомақтылығы. Несиенің жалпы көлемі 554,0 миллион теңгені құрады. Ал, өсімдік саласына 548,0 миллион теңге субсидия бөлінді.
Ел болып елеңдеп отырған астық жайы осылайша оң сипатта түйінделген соң қанаттас қарқын алған мал шаруашылығы туралы да бір ауыз сөз айта кету орынды болмақ. Ауданда мал шаруашылығын дамытуға толық мүмкіндік бар. Мүмкіндіктің өзі алдымен малдың жайылымына, малсақ қауымға және ауа райына байланыс-ты туындайды емес пе. Мемлекет ауыл тұрғындарына барынша қолдау көрсетіп, тиімді «Сыбаға», «Асыл тұяқ», «Құлан», «Еңбекпен қамту жол картасы-2020» тәрізді бағдарламалар қабылдап отыр. Бүгінгі күні ауданда мал басының өскендігін байқауға болады. Қолдағы қара малдың саны 101,9 пайызға көбейді. Жыл ішінде 578 бас қой, 23 бас қошқар, 177 бас ірі қара мал сатылып алынды.
Мал шаруашылығын қарқынды дамыту мақсатында, сапасын жақсартып, өнімін молайту үшін 16 селолық тұтынушы кооперативтері ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындарының қолындағы малдың сапалық құрамын жақсартуға да игі ықпал жасалуда. Әулиекөл, қазақтың ақбасы, Герефорд тұқымдас 79 бұқа сатып алынды. Аудандағы 53 шаруашылық мал шаруашылығына бөлінетін субсидия бағдарламасын тиімді пайдалануда. Ендігі бір мәселе мал тұқымын мүмкіндігінше асылдандыру жайын ойластыру. Сонда ғана мол өнімге қол жетпек. Осы бағытта «Кен-М», «Темірлан», «Үшқарасу», «Осано-Агро», «Тас-ЕСМ», «Костычева» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен 14 шаруа қожалығы тындырымды жұмыс істеуде.
Аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары жетекшілері, шаруа қожалықтарының басшылары және жекелеген кәсіпкерлер Астана мен Көкшетау қаласында өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне белсене араласады. Ол жәрмеңкелерде 14 миллион теңгенің өнімдері сатылды.
Қазір шалғайдағы шағын елді мекендердің, ауыл-селолардың еңсесін көтеруге толық мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген қаржы да бөлініп жатыр. Егін еккісі келе ме, мал баққысы келе ме, бәрі ауылдағы ағайынның талпынысы мен ұмтылысына, жігері мен қайратына байланысты. Тек қарап отырмау қажет. Қарап отырмай қарекеттенген қыр асады.

Асқарбек ҮЙСІМБАЕВ,
Жарқайың ауданының әкімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар