Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өңірлердегі вакцинация мәселелері талқыланды - АРҚА АЖАРЫ

Өңірлердегі вакцинация мәселелері талқыланды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Есіл, Жақсы аудандары мен Степногорск қаласы әкімдерінің орынбасарлары эпидемиологиялық ахуал және вакцинация мәселелері бойынша айтып берді.

Брифингте ең алдымен Есіл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан  Саматов сөз алып, аудандағы эпидемиологиялық жағдай мен вакцинация, оның ішінде оқушыларға екпе салдырту жайында әңгімелеп берді. Бүгінде аталған өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты емес.  Жыл басынан бері мұнда 1683 адамнан  коронавирус індеті зертханалық жолмен анықталыпты. Өкінішке орай, 23 адам індеттің құрбаны болған. Соңғы айда алдыңғы аймен салыстырғанда аты жаман індетті жұқтыру көрсеткіші төмендеген. Десе де, 11 айда індет жұқтырғандар ауданның барлық елді мекендерінен анықталыпты.  Ал, вакцинация мәселесіне келсек, мұнда да екпе салдыру ақпан айында басталған. Өңірде 9 екпе пункті жұмыс істейді, бүгінде онда 10 мыңнан астам адам екпе алыпты. Сонымен бірге, аудан әкімінің орынбасары мониторингтік топтардың жұмысы туралы да баяндады.

­–Қазіргі уақытта жасөспірімдерді вакцинациялау бойынша түсіндірмелік жұмыстар жан-жақты жүргізілуде. Бүгінде ауданда небары 30 ата-ана ғана балаларының екпе алуына рұқсат берді. Әлі де бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырамыз, – деді Нұрлан Мәжитұлы.

Жақсы ауданына тоқталсақ, өңір эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың матрицасында жасыл аймақта тұр. Мұнда жыл басынан бері ПТР тестілеу арқылы дәлелденген 918 оқиға тіркелген. 14 адам коронавирустан көз жұмыпты.

­–Вакцинация бойынша насихат жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. 6 мыңнан астам тұрғын екпе алды. Ауданда ауырып жатқандардың 93 пайызы  вакцина алмағандар, қалған 7 пайызына екпе егілген. Екпе салдырған адамдарда індет жеңіл өтуде, –дей келе, аудан әкімінің орынбасары Ләззат Сейдахметова коронавирусқа қарсы екпе алу бойынша өңірде жүргізіліп жатқан ақпараттық-насихат жұмыстары туралы айтты. Сонымен бірге, бұл ауданда вакцина салдырту үшін түрлі акциялар ұйымдастырылып, тұрғындарға сыйлықтар үлестіріліпті. Індетке қарсы иммунизация жүргізу үшін мұнда 3 жылжымалы кешен жұмыс істейді екен және әр медициналық мекемеде екпе пунттері бар. Ал, елімізге келіп жеткен «Pfizer» вакцинасын балалар мен жүкті әйелдерге беру бойынша іс-шаралар ұйымдастырылып, ата-аналар кеңестерімен жұмыс жүргізілуде.

Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Әбілованың айтуынша,  шаһарда 2021 жылдың басынан 3 мыңнан астам індет жұқтырушы анықталыпты, олардың 160-ы балалар. Коронавирус індеті мұнда тамыз айында мүлде өршіп кеткен көрінеді. Бұл мерзімде 600 оқиға тіркеліпті. Оқушылар арасында оқу жылының басынан бері 106-ы оқиға анықталып, 117 сынып қашықтықтан білім алуға жіберілген. Сонымен бірге, қалада 6 мобильді топ жұмыс істейді екен.

­–Бізде вакцинация мәселесі бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Халықтың вакцина алуы бойынша ақпараттандыру тәсілдерінің барлық түрін қолданудамыз. Бұған қоса, ең көп адамды екпе алуға көндірген медицина қызметкерлеріне 120 мың теңге сыйақыдан берілді. Вакцинаның алғашқы компонентімен 27 мыңнан астам адам қамтылды. Қалада 12-18 жас аралығында 5 мыңнан астам бала бар, солардың ішінде 130-дайы ата-анасының рұқсатымен жақын арада  «Pfizer»  вакцинасын салдыртпақшы. Бұл жағынан әлі де жұмыстар жүргізіледі, –деді Степногорск қаласы әкімінің орынбасары.

Сонымен, «Pfizer»  вакцинасы өңірімізге жетті. Енді оларды аудандарға тарату басталды. Есіл ауданында 12-18 жас аралығында 1240 бала болса, Жақсыда 1446, Степногорскіде 5 мыңнан асады.  Дегенмен, қаншама түсіндіру, ақпараттық-насихат жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатса да, елді мекендерде ата-аналардың басым бөлігі баласына вакцина салғызуға қарсы екені байқалуда. Десе де, екпе балаларға ата-ананың рұқсатынсыз салынбайды.

Аудандарда «Pfizer» вакцинасын сақтау үшін барлық жағдайлар қарастырылыпты.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар