Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жеті аудан, бір қала әлі де «қызыл» аймақта - АРҚА АЖАРЫ

Жеті аудан, бір қала әлі де «қызыл» аймақта

Облыста коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Өңір «сары» аймақта. Соңғы аптада індет жұқтыру көрсеткіші 11 пайызға төмендеген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді.

Облыс республикадағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында «сары» аймақта болғанымен, 17 ауданның 6-уы әлі де «қызыл» аймақта екен. Олар – Астрахан, Бурабай, Жарқайың, Жақсы, Есіл, Біржан сал аудандары. Облыс орталығы Көкшетау қаласы да солардың қатарында. Соңғы тәулікте облыста 65 адамнан коронавирус жұқпасы зертханалық жолмен анықталып, тіркеліпті. Бүгінде коронавирустан ем қабылдап жатқандар саны 933. Жалпы, пандемия басталғалы облыста 48436 адамнан COVID-19 ПТР арқылы расталыпты. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 5596-ны құрап отыр.

–Инфекциялық аурулар стационарында қазіргі таңда 350 науқас емделіп жатыр. 33 адам реанимацияда жатыр, олардың 31-і ауыр халде, 2-еуі аса ауыр жағдайда. Ауыр халде жатқандардың тек 1-еуі ғана коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін алған, қалған 32-сі вакцинадан бас тартқан. Облыста әзірленген инфекциялық стационарлардағы төсек орын қорының пайдаланылуы 40 пайыз, – деді брифинг барысында облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

15 қарашадан бастап 12 жастан асқан жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер «Pfizer» вакцинасын қабылдап жатқаны белгілі. Бүгінгі таңда екпенің бірінші компонентін 1680 адам ектірген, олардың 1315-і жасөспірімдер. Сондай-ақ бүкіл республика бойынша ревакцинация басталды. Жалпы, облыста вакцина алуға денсаулық жағдайлары жарамды деп танылған тұрғындардың 60 пайыздан астамы екпе салдыртыпты.

–1341 адам өз еріктерімен иммундық жүйесін нығайтуға шешім қабылдап, ревакцина жасатты. Ревакцинация айқаспалы түрде жүргізіледі. Бұған дейін векторлық вакцина алғандар 9 айдан кейін белсенді емес екпе салдыртулары тиіс. Ал, белсенді емес түрін алғандар 6 айдан кейін векторлық вакцина қабылдайды. Сонымен бірге, адамдардың өз еркі бойынша бірінші алған вакцинаны да салдыруға болады, –деп түсіндірді Айнагүл Советқызы.

Брифинг кезінде мониторингтік топтардың жұмысы, «Ashyq» қосымшасының нәтижелері мен пайдасы жайлы да толық ақпарат берілді. Соңғы бір аптаны алар болсақ, мониторингтік топтар 71 рейдтік тексерістер жүргізіп, 250 нысанды тексеріпті. Солардың ішінде карантиндік санитарлық талаптарды бұзудың 4 дерегі анықталып, жалпы сомасы 175 мың теңгеге айыппұл салыныпты.

Биыл да былтырғыдай мектептерде, балабақшаларда жаңа жылдық ертеңгіліктер өткізілмейді. Өткізілсе де, тек бір топтың ішінде немесе сыныпта ата-аналардың қатысуынсыз ұйымдастырылады.
–Желтоқсан айы мерекелерге толы. Сондықтан, облысымыздың әрбір тұрғынынан мереке күндері көпшілік орындарға бармауларын сұраймыз. Карантиндік талаптарға бағынайық, –деді Айнагүл Мусина сөзінің соңында.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар