Жастардың болашаққа бағдар жолы

Дәл осындай атаумен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Көкшетау қаласындағы жастар ресурстық орталығының өкілдері форум өткізді. Шара аясында өңірдің белсенді жастары «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовпен Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттық жиынтығын талқылау жөнінде ашық пікір алаңын ұйымдастырды.

Жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын мақалада ертеңгі ел тұтқасы – бүгінгі жастарға үлкен сенім артылатыны баса айтылған. Ол үшін жастар саналы, білімді, мәдениетті болу керектігі Елбасы еңбегінде баса тілге тиек етілді.

–Бұл құнды дүниеден халықтың рухани тірегі тәлім-тәрбие, ұлттық құндылықтар, білім алу мен еңбек ету, ұлттық мәдениет пен татулық екенін байқаған боларсыздар. Енді, сіздерге қояр сұрағым бар. Елдің берік тұғыры саналатын осы сипаттар не себепті дәл қазір айтылып, оған мән беріліп жатыр деп ойлайсыздар? – деген «Nur Otan» партиясының өкілі Ғалым Бекмағамбетовтің сауалына жастар лайықты жауап қатты.

Бұған дейін де мұндай құндылықтарды заман талабына сай алып жүру талай елді әбігерге салғаны белгілі. Мәселен, Жапония 16 ғасырдың өзінде ұлттық ділі мен рухын сақтау мақсатында батыс елдерімен қарым-қатынасты тоқтатқан болатын. Мұндай әрекетті 17 ғасырда қайталаған Қытай елі өз мәдениетін озық санап, шетелдік түрлі ағымдағы миссионерлерді қуып шықты. Осындай бастауларды кейін түркі әлеміндегі халықтар да қолға ала бастады.

–Тарих беттеріне сүйенер болсақ, бала тәрбиесіне мән беру мен оларды оқыту, еңбекке баулу, ұлттық құндылықтарды сақтау барысында біздің де ата-балаларымыз барын салды. Ал, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Елбасымыздың бұл құндылықтарды халық арасында сақтау аясында атқарған істері ұшан-теңіз. Әсіресе, бұған дейін жарияланған «Мәңгілік ел» идеясы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалаларын айтсақ, олардың әрқайсысының өзі бір төбе. Ал, жуырда жарияланған Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» атты еңбегі елдегі пандемиялық ахуалға байланысты туындаған қиыншылықтарды жеңу жолында да халыққа күш береді деп сенемін, – деп өз ойын білдірді Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Рауан Қайыркенов.

Ашық пікір алаңына қатысқан Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің халықаралық қатынастар және тарих кафедрасының меңгерушісі Ризат Елубаев та өз ойын ортаға салып, Елбасы қағидатының жетінші бағытына, яғни, прагматизм – бәсекеге қабілеттіліктің кепілі екеніне тоқталды.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ерен оқиғалардың бірі. Халықаралық қатынастар маманы ретінде жеке басым «Елдіктің жеті тұғырын» ұстансақ, алар асуымыз көп деп ойлаймын. Тәуелсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты жоғалту оңай, ал, оны қорғау және нығайту қиын. Қазіргі күрделі саяси өзгерістер бұған аса көп уақытты талап етпейді, басты мәселе оған кімнің қандай деңгейде дайындығы. Бұл ретте, әр салада іс жүзінде пайдалы нәтиже беретінді ғана ақиқат деп біліп қана қоймай, қажеттілік тұрғысындағы мүдделерді көздейтін прагматикалық ойлау салтын қалыптастыру маңызды болмақ, – деді ол.

Ашық диалогқа жиналған жастар Ұлт көшбасшысы жүктеген міндеттер өздеріне артылған  үлкен сенім екенін айтты. Сонымен қатар, Елбасының Үндеуі әрқайсысына жігер беріп қана қоймай, тәуелсіздікті бағалап, оны сақтап қалу жолын нұсқайтын маңызды құжат деп те бағалады.

Айгүл Бекетқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар