Облысымызда балалар мен жүкті әйелдерге және бала емізетін аналарға коронавирусқа қарсы вакцина салу жалғасуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 941 жасөспірім «Pfizer» вакцинасын алғаны белгілі болды. Мамандардың мәлімдеуінше, бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын әлі де жандандыру қажет.
Дүниені дүрліктірген коронавирус пандемиясының басталғанына бір жарым жыл уақыт болыпты. Індетке қарсы вакцина да табылып, ерікті түрде егілуде. Десе де, әлі де вакцина алуға қарсылық танытып жүргендер аз емес. Енді «Pfizer» вакцинасы шыққалы одан сайын кереғар пікірлер көбейіп кетті. Ақмола облысында аталған вакцинаны алатын 12 мен 17 жас аралығындағы 47 мың жасөспірім, 4160 жүкті әйел, 14 945 бала емізетін ана бар екен.
– Ағымдағы жылдың 25 қарашасынан бері өңір тұрғындарына «Pfizer» вакцинасы ерікті түрде егіле бастады. Бүгінгі таңда, «Pfizer» вакцинасының бірінші компанентін 21 жүкті әйел, 243 ана және 941 жасөспірім алды. Олардан ешқандай теріс пікір естіген жоқпыз. Барлық медициналық мекемелер мен білім ошақтарында ақпараттық түсіндіруге бағытталған шаралар жүргізілуде, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім меңгерушісі Елена Иванова.
Пандемия басталғалы облыста 4 мыңнан астам балада COVID-19 зертханалық жолмен анықталған. Олардың 600-і жұқпалы аурулар стационарында ем қабылдаса, бесеуі жансақтау бөлімшесіне жатқызылған. Өкінішке орай, 2-еуі індеттің құрбаны болған. Сондықтан, жасөспірімдерді вакцинациялау өте өзекті мәселе.
–Балаларына екпе салдыру ата-аналардың еркінде. Олар емханаға барып ала ма, жоқ әлде мектеп қабырғасында алғысы келе ме, өздері біледі. Оқушылардың ата-аналары немесе заңды өкілдері жазбаша түрде келісімін бермейінше, мектеп қабырғасында вакцинациялау жүргізілмейді, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.
Брифинг барысында мамандар халық арасында вакцинация туралы дұрыс ақпарат таралмай жатыр деген пікір білдірді. Одан қалды, бүгінде антиваксерлердің теріс әрекеттері де тұрғындардың екпе алуына кері әсерін тигізіп жатқандығы айтылды. Бірақ, әр азамат өзінің және балаларының өміріне өзі жауапты екендігін ұмытпайық.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.