Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын мерекелеу қарсаңында Степногорск қаласындағы «Горняк» мәдениет сарайында қаланың мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Үкілі домбыра» атты дәстүрлі ән орындаушылар байқауы өткізілді.
Байқауда қаланың Бестөбе, Ақсу, Заводской кенттері және Байқоныс ауылынан келген өнерпаздар бақ сынады. Өнерпаздар домбырамен күй орындау, жеке ән айту және ансамбльдік күй орындау бойынша өнерлерін көрсетті. Олар аса шеберлікпен орындап, жұртшылықты төл өнердің құдіретімен тамсандырып, қасиетті қара домбыраның құлағында ойнады.
Ешбір күшейткіш құралдарсыз жанды дауыспен додаға түскен жас таланттардың өнерін бағалаған қазылардың шешімі бойынша І орынды №5 мектеп-лицейінің музыка пәнінің оқытушысы Тоқтар Тайжанов иеленді, ІІ орынға Бестөбе кенті «Рауан» мәдениет үйінің қызметкері қол жеткізсе, ІІІ орынды Қырыққұдық ауылынан келген Айтуған Хасилин иеленді. Барлық қатысушылар қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі басшысының атынан мақтау қағаздарымен марапатталды.
Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы мен мәдениетін халық арасында кеңінен насихаттап, ұлттық өнерді сүюге баулитын осындай іс-шаралар жиі өткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Оның үстіне осындай байқаулар арқылы жас таланттар мен шебер орындаушыларды да іздестіріп табуға болады.
Салтанат БӘКІРОВА.