Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарында Ақмола облысында орын алған елеулі оқиғалардың бірі – Ақкөлдегі аэроғарыш айлағының ашылып, іске қосылуы. 2005 жылғы желтоқсанда елордасы Нұр-Сұлтан қаласына жақын орналасқан Ақкөл қаласының көрікті орман алқабында бірінші қазақстандық ғарыштық аппараттарды жерүсті басқару кешені және байланыс мониторингі жүйесі құрылды.
Ғарыш аппараттарын жерүсті басқару кешенін және байланыс мониторингі жүйесін құру – жоғары мемлекеттік маңызы бар міндеті –Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 18 наурыздағы Қаулысымен ашылған «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамына жүктелген болатын.
Осылайша қазақстандық ғарыштық байланыс және «Kazsat» хабар тарату жүйесі қалыптаса бастады. Мұның саяси қыры да болды. Мәселен, Қазақстанда жүздеген ғарыш аппараттары ұшырылатын Байқоңыр ғарыш айлағы бар да, ал өзінің байланыс спутнигі болмады. Сондықтан, елімізде ғарыштық байланыс жүйесін құру туралы шешім жоғары мемлекеттік деңгейде қабылданды. Экономиканың өсу қарқыны жоғарылап, ұялы байланысқа, Интернетке деген қажеттілік өткір тұрды. Мемлекеттің нақты қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін шетелдік байланыс операторларының қызметтерінен бас тарту қажет болды, себебі олар бұл қызметтен қыруар ақшаны өз елдеріне әкетіп жатты. Соның алдын алу үшін де осындай байланыс операторын бізге де іске қосу міндеті жүктелді.
Аумағы 8 гектардан асатын «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығы небары 9 айда салынып, аяқталды. Бұл уақытта алғашқы қазақстандық байланыс спутнигін әзірлеу жұмыстары қатар жүргізіліп, бүкіл Қазақстан бойынша мамандарды іріктеу өткізілді. Мыңдаған байланысшы-инженерлерінің ішінен 30 адам таңдалынып, бірінші топ ретінде нысан жұмысына білек сыбана кірісіп кетті. Бүгінгі таңда «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығындағы 80 қызметкердің 50-ден астамы инженерлік құрамды құрайды, олардың басым бөлігі әлі күнге дейін алғашқы лекте келген мамандар.
«Ақкөл» ғарыштық байланыс айлағының құрамына ғарыш аппараттарымен ұшуды басқару орталығы, командалық-өлшеу жүйелерінің радиотехникалық құралдары, байланыс мониторингі жүйесі, байланыс және деректер қоры жүйесі кіреді. «KazSat» спутниктерінің техникалық және баллистикалық сипаттамаларын басқарып, бақылап және сүйемелдеп отыратын «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығы осы жылдар аралығында «Кazsat-2» және «Kazsat-3» ғарыш аппараттарының бағдарламасы бойынша екі рет жаңғыртылды. Бүгінде «Kazsat» қазақстандық байланыс және хабар тарату ғарыш жүйесі «Kazsat-2», «KazSat-З» екі байланыс спутнигінен және Ақмола облысындағы «Ақкөл» негізгі ғарыштық байланыс орталығы мен Алматы облысындағы «Көктерек» резервтік орталығынан, яғни басқарудың екі жерүсті кешенінен тұрады.
«Kazsat» ғарыштық байланыс жүйесінің жүктемесі қазіргі уақытта шамамен 74 пайызды құрайды, жұмыс штаттық режимде жүргізілуде. Мамандар тұтынушылар үшін ғарыштан сапалы сигнал алуды қамтамасыз ете отырып, ғарыш аппараттарын тәулік бойы басқаруды және мониторингілеуді жүргізеді.
2018 жылдың тамыз айынан бастап «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамы спутниктік байланыс операторларына транспондерлік сыйымдылықты жалға беру арқылы ақпараттық технологиялар мен телекоммуникация қызметтерінің нарығын 100 пайызға тұрақты қамтамасыз етуде.
Бүгінде «Kazsat» байланыс спутниктерінің қызметтерін еліміздің аумағында орналасқан 13 мыңнан астам спутниктік байланыс станциялары бар 15 негізгі қазақстандық байланыс және хабар тарату операторлары пайдаланады.
2011 жылдан бастап «Kazsat» ғарыштық байланыс жүйесін пайдаланудан 36,19 миллиард теңге мөлшерінде жиынтық табыс алынды, осы кезеңде импортты алмастыру 78,03 миллиард теңгені құрады. 2020 жылғы кіріс – 7,6 миллиард теңге, жылдық импорт алмастыру 11,68 миллиард теңге деңгейінде қамтамасыз етілді. 2020 жылы республикалық бюджетке кәсіпорынның таза пайдасының 100 пайызы аударылды, бұл шамамен миллиард теңгені құрады.
Іргелі еліміздің дамуына үлес қосып келе жатқан «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығының атынан Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында отандастарымызға зор денсаулық, бейбіт өмір, бақ-береке тілеймін. Егемендігіміз тұғырлы болсын.
Қайрат ТЕЛҒАРИН,
«Ақкөл» ғарыштық байланыс
орталығының директоры.