Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттер үдесінен шығу үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, еңбек етудеміз.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту қолмен қойғандай етіп көрсетілген. Бұл өте маңызды міндет. Түптеп келгенде, бар саладағы жұмысты жандандырып, атқарылып жатқан сан алуан істі ел игілігіне бағыттау, өмір сүру сапасын жақсарту кезек күттірмейтін жай екендігі әлмисақтан белгілі. Үстіміздегі жылдың алғашқы он айында аудандағы өнеркәсіптің деңгейі қаншалықты өскендігін тілге тиек ете кетелік. Осы уақыт ішінде 25,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өсім 39,5 пайызды құрайды. Өнеркәсіптің барлық салаларында айта қаларлықтай өсім бар. Мәселен, тау-кен өнеркәсібіндегі өсім көлемі 115,7 пайызға көбейді.
Бар әлемді жайлаған індет біздің еліміздің экономикасына да теріс әсер еткендігі сөзсіз. Әйтсе де, қиын кездің өзінде де ел ішіндегі жағдайды барынша тұрақтандырып, өсім көлемін кемітпеу мақсатында қыруар шаруа тындырылды. Оның ішінде мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске айтарлықтай қолдау көрсетілгендігін айта кету парыз. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары бойынша шағын және орта бизнес өкілдерін несиелендіру көлемі екі есе өсіп, шамамен 884 миллион теңгені құрады. Осы арада соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жаңаша серпін алғандығын айта кетуіміз керек. Демек, замандастарымыз кәсіппен айналысуға ықыласты әрі бұл салада оларға көрсетіліп жатқан қолдау да қомақты. Осындай қамқорлықтың арқасында ауданда шағын және орта бизнес сапалы сипатқа ие болып, 1526 кәсіпкерлік субъектіге жетті.
Аудан өміріндегі тыныс-тіршілікке, экономиканың дамуына инвестициялық қаржының үлкен әсер ететіндігі белгілі. Сондықтан да, жергілікті атқарушы органдар жұмысының басты басымдықтарының бірі инвестицияларды тарту болып табылады. Облыстың негізгі капиталына салынған инвестициялардағы біздің ауданның үлесі 10,2 пайыз. Үстіміздегі жылдың он айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 33,3 миллиард теңгені құрады. Салыстыру үшін айта кететін болсақ, бұл өткен жылы сәйкес мерзім ішіндегі инвестициялық капиталдан 23,9 пайыз жоғары болып отыр.
Тағы бір айта кететін толымды табыс, ауданда бірнеше инвестициялық үлкен жобалардың жүзеге асырылуы. Нақтырақ айтатын болсақ, жалпы құны 124,5 миллиард теңгелік 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде құны 73,8 миллиард теңге болатын жел электр станциясы, жалпы құны 21 миллиард теңгеге жуық құс фабрикасы, темір-бетон бұйымдарын дайындау зауыты, жұмсалатын қаржы көлемі 11,2 миллиард теңгеге тең қабырғалық қызыл кірпіш өндірісі, Үлкен Сары-Оба көлінің жағасындағы демалыс аймағы, астықты кептіру құралымен жабдықталған екі бидай сақтау қоймасының құрылыстары жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етуге болады.
Ағымдағы жылдың соңына дейін инвестиция көлемін 45 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Аудандағы бөлшек тауар айналымының көлемі 3,6 миллиард теңгені құрады. Халықты көгілдір отынмен қамтамасыз етудің де маңызы зор. Аудан аумағы арқылы «Сарыарқа» газ құбыры салынуда. Біздің аудан осы газ желісіне алғашқылардың бірі болып қосылады. Ол үшін Аршалы кентінде автоматты газ тарату станциясы салынды. Ауданда барлығы 17 елді мекен көгілдір отынға қосылады. 14 елді мекенде бұл жұмыс жыл аяғына дейін толық аяқталмақшы. Бұдан басқа, бюджет қаражаты есебінен Жібек жолы ауылы мен 42 Разъезд ауылында инженерлік желілер құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаларды жүзеге асыру аудан экономикасына 33,4 миллиард теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығының есепті кезеңдегі өсімі 127,3 пайызға дейін артып, өндірілген өнім көлемі 29,4 миллиард теңгеден асты. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрайды. Үстіміздегі жылы құрғақшылық болғанына қарамастан, ауданның диқан механизаторлары 188 мың тонна алтын астық жинап, қамбаға құйып алды. Гектар берекесі 10 центнерден айналды. Бұл табысқа суармалы жерлердің көлемінің көбеюі де оң әсер етіп отырғандығын айта кетуіміз керек. Әр жыл сайын мұндай алқаптар көлемі өсе түсуде. Соңғы жылы суармалы алқаптардың көлемі 28 пайызға көбейді.
Халықтың қолындағы, серіктестіктер мен шаруа қожалықтарындағы төрт түлік малды қыстан шығару да ерекше маңызды екендігі белгілі. Осы орайда, қысқа қажетті жемшөптің толық жиналып алынғандығын айта кетуге болады. Биылғы шөп шығымы нашар болған жылдың өзінде малсақ қауым 43,4 мың тонна мал азығын жинап алды. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы құрылымдары өздерінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға айрықша мән беріп отыр. Есепті кезең ішінде 1 миллиард 452,5 миллион теңгеге 56 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Бұл орайда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы құрылымдарына айтарлықтай қолдау көрсетіліп отырғандығын еске сала кету керек. Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуінде ет және сүт өнімдерін молайтуға талпыныс жасалуда.
Мәселен, үстіміздегі жылдың есепті кезеңі ішінде 193 бас малға лайықталған 5 ет фермасы ұйымдастырылды. Ақбұлақ ауылдық округінде симменталь тұқымды 33 бас сауын сиырға арналған тауарлы-сүт фермасы құрылды. Мал шаруашылығын дамыту бағытында герефорд тұқымды 40 бас ірі қара мал сатып алынды. Жалтыркөл ауылында жобалық қуаты жылына 9 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасын салу жобасы іске асырылуда.
Ағымдағы жылы ауданның автомобиль жолдарын жақсартуға 2,3 миллиард теңге қаражат бөлінді. Жолдарды күрделі жөндеуден өткізу бағытында 500 миллион теңге игерілді. Белоярка ауылынан «Екатеринбург — Алматы» тас жолына дейін құны 3 миллиард теңгені құрайтын ұзындығы 67 шақырым жолды орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Атап айтатын болсақ, «Екатеринбург-Алматы» автобанын, Бірсуат ауылына дейінгі автожолды, Арнасай, Жалтыркөл ауылдарында кентішілік жолдарды, Сараоба станциясынан темір жол өтпесіне дейінгі жол учаскесін және Сароба ауылына кіреберіс жолды ағымдағы жөндеу жобаларына жалпы құны 2,6 миллиард теңгеге қосымша бюджеттік өтінімдер жіберілді.
Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 8,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 115,9 пайызға көбейді. Мәселен, ағымдағы жылдың он айында 23,6 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көлем өткен жылмен салыстырғанда 118,4 пайызға көп. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 1,8 миллиард теңгені құрады. Бұл орайда да 10,7 пайыз өсім бар. Жалтыркөл ауылының жаңа бөлігінде ұзындығы 36,6 шақырым электр тасымалдаушы желілер құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаның құны 497 миллион теңгені құрайды.
Бұл жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енгізілген. Қаржыландыру көзі – республикалық бюджет. Жоба 2022 жылы жүзеге асырылады. Нұр-Сұлтан қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру бағдарламасына енгізілген тағы бір жоба – Жалтыркөл ауылындағы электр қуатын тарату станциясының құрылысы. Алты жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмысы аяқталуда. Оның ішінде Қостомар ауылында электр желілері және су құбыры құрылысы, Жібек жолы ауылында 125 орындық демалыс орталығының құрылысы салынады. Жібек жолы ауылында үш 36 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Ақбұлақ, Ижевск, Константиновка және Сарыоба ауылдарының көшелері жарықтандырылады, бұл мақсатқа 8,8 миллион теңге қаражат бөлінбек.
Ағымдағы жылдың 10 айында денсаулық сақтау саласына жұмсалған шығын қаржы көлемі 1,8 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде коронавирустық инфекциямен күреске 963 миллион теңге жұмсалды. Медициналық қызметкерлерге ерекше еңбек жағдайы үшін үстемақы ретінде 527 миллион теңге төленді. 122 миллион теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. 73 оттегі баллоны, 25 оттегі концентраторы тәрізді жаман тұмау жайлаған кезде адамдардың денсаулығын сақтап қалуға септігін тигізетін медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қазіргі күні 8 өкпені жасанды желдету аппараты, дәрілік дозаторлар және пациенттерді бақылауға қажетті мониторлар бар. Шалғай ауылдар тұрғындарына қызмет көрсететін арнайы жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың 30 қарашасына дейін 12 063 адам індетке қарсы вакцина алды.
Халықты жұмыспен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері әрдайым басты назарда. Ауданда жұмыссыздық көрсеткіші 4,9 пайызды құрады. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 459 адам жұмыспен қамтылды. Қажетті жұмысшы мамандықтары бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 76 адам қамтылды. Ағымдағы жылы 9 адам шағын несие алды,15,2 миллион теңгеге 30 грант берілді.
Атаулы әлеуметтік көмек ретінде 570 адамға 29,1 миллион теңге көмек көрсетілді. Жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша 4,1 миллион теңге қаражат қатерлі ісік және құрт ауруына шалдыққан науқастарға бөлінді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға 1,4 миллион теңге көмек көрсетілді. Тыл еңбеккерлеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың жұбайларына, Ауған соғысы мен Чернобыль апатын қалыпқа келтіруге қатысушыларға жалпы көлемі 2,2 миллион теңге төлем жасалды.
Үстіміздегі жылы Михайловка орта мектебінің шатырына күрделі жөндеу жүргізілді, Жұмабек Тәшенев атындағы орта мектепке өрт дабылы құрылғылары орнатылып, мекемелердің маңайы көгалдандырылды. Аршалы жас техниктер станциясының ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Абай атындағы Бұлақсай орта мектебінің ғимараты жөнделді. Осы шаруалардың барлығына 82,3 миллион теңге қаражат жұмсалды. Балалардың қауіпсіздігі мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, ауданның екі мектебіне 5,9 миллион теңгеге турникеттер орнатылды. Аршалы кентінің №2 жалпы білім беретін мектебіне 4,8 миллион теңгеге жаңа үлгідегі биология кабинеті сатып алынды.
Күні кеше Жібек жолы, Анар, Түрген, Бірсуат ауылдарының мектептеріне 4 автобустың кілті табыс етілді. Білім берудің қол жетімділігін арттыру мақсатында биыл аудан бойынша жалпы жобалық қуаты 246 орындық болатын 6 балабақша пайдалануға берілді. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесіне орай Аршалы кентінде инклюзивтік бағыттағы тағы да бір балабақша ашылмақшы.
Биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығы ерекше аталып өтуде. Бұл тарихи және айрықша маңызды оқиға. Ауданда 43 мәдениет нысаны, 17 клуб, 25 кітапхана және 1 тілдерді оқыту орталығы жүйелі жұмыс істейді. Арнасай ауылдық клубына 5,8 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Агрофирма Поиск» серіктестігінің қаражаты есебінен Түрген мәдениет үйін күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Ауданымызда халықты дене шынықтыру және спортпен қамту 34 пайызды құрап отыр. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл басынан бері 40 спорттық іс-шара өткізілді. Ағымдағы жылы Қойгелді ауылында хоккей спорты бойынша жаттығу базасының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл жобаның құны 328 миллион теңге. Жібек жолы ауылындағы спорт алаңын жабдықтауға 13 миллион теңге бөлінді. Аудан спортшылары спорттың бірнеше түрінен жарыс жеңімпаздары атанып, мерейімізді өсіруде.
Түйіндей айтқанда, аудандағы ахуал қалыпты. Ерен еңбектің арқасында ел тынысы кеңейіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары көп-көрім жақсара түсуде. Есепті кезең ішіндегі қол жеткізген табысты саралайтын болсақ, алға басқан қадам айқын көрініс береді. Ұлы мақсаттарды мұрат тұтқан аршалылықтар алдағы уақытта да осы екпінмен ілгерілей бермекші.
Айдар БАЙМАНОВ,
Аршалы ауданының әкімі.