Қарағанды облысының Шет ауданының Киікті ауылында сиыр арасында аусыл ауруының қоздырғышы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәлімдеуінше, Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының 14 қаңтардағы №1-S22R-38/B-01-02 сынақ хаттамасына сәйкес, Қарағанды облысы Шет ауданының Киікті ауылдық округінің Талдыбұлақ қыстағындағы «Мұрат» ФШ-да ірі қара мал арасында аусыл ауруының қоздырғышы анықталған.
«Киікті ауылдық округінің әкімі Мерей Смағұловтың шешімімен 14 қаңтарда фермерлік шаруашылық аумағында карантин жарияланды. ҚР Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы Асқар Жақыпбаевтың шешімі бойынша дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу үшін республикалық қордан «Глюзамин ВЕТ» құралы бөлінді. ҚР Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының қаулысы негізінде инфекция ошағында мал қан шығарылмай жойылып, кейін ауру және олармен жанасатын жануарларды өртеу жүргізілетін болады», делінген хабарламада.
Жануарлардың өлексесін өртеу арнайы жабдықталған инсинератор (HURIKАN-3000) көлігінде жүргізіледі. Сондай-ақ мал иесіне өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Республикалық және жергілікті ветеринарлық мекемелерден күштерді тарта отырып, инфекция ошағын толық жою жүргізіліп жатыр. «Ветеринариялық-карантиндік іс-шараларға сәйкес инфекция ошағын жою жөніндегі штаб құрылып, ветеринариялық-карантиндік іс-шаралардың кешенді жоспары әзірленді, дезинфекциялық тосқауыл қойылды, жергілікті полицияны тарта отырып, Республикалық эпизоотияға қарсы отряд мамандарымен тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Сондай-ақ дизинфекция жүргізіліп, БАҚ-та және әлеуметтік желіде аусылдың таралуын болдырмау және алдын алу бойынша ескерту жарияланып, жадынамалар таратылды. Ауруды оқшаулау үшін 6 арнайы техника мен 25 қызметкер жұмылдырылды. «Сондай-ақ, карантин соңғы ауру жануар жойылған күннен 21 күн өткен соң және ветеринариялық-карантиндік іс-шаралар өткізілгеннен кейін қорытынды дезинфекция сапасының нәтижелеріне сәйкес алынып тасталатынын хабарлаймыз.
Ауру ошағындағы эпизоотиялық жағдай қатаң бақылауда», делінген хабарламада. Еске сала кетейік, аусыл — үй және жабайы жануарлардың вирустық ауруы, жіті инфекция байқалады, безгек және ауыздың шырышты қабығында, желінде және аяқта күлдіреу пайда болады. Адамдар аусылмен ауыруы мүмкін, бірақ инфекция адамнан адамға жұқпайды.
Дереккөз: www.inform.kz