Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы...» - АРҚА АЖАРЫ

«Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы…»

Бүгін-  22 қаңтар! 1931 жылдың  дәл осы күні Кәкеңнің, ақын Кәкімбек Салықовтың дүниеге келген, яғни туған күні! Жарықтық тірі болса 90 жасқа толар еді!

Абай хакімше айтқанда, «артында өлмейтұғын сөз қалдырған» Кәкімбек ағаны да «өлділер» қатарына қоса алмас едік. Сарыарқаны қойып, мынау кең дүниеге сыймай кеткен ақын ағаның сырға толы жырлары мен сезімге бөленген әндері ақынның ендігі жүрегі болып мәңгілік соғып тұрары тағы да анық жай.

Ақынның қайтыс болғанына 5 жыл толғанда осы бір эссені жазып, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған болатын. Жезкиік ақын ағамның 90 жылдығында да осы сөзді айтар едім деген оймен ақын ағамның рухымен сырласуымды назарларларңызға ұсынуды жөн санап отырмын.

АВТОР.

 (ЭССЕ)

 Ақын Кәкімбек Салықовтың рухымен сырласу

 Сіз білесіз бе? Бүгін  қарашаның 27-сі жезкиік ақын Кәкімбек Салықовтың дүние салғанына бес жыл.  Алайда өзінің Кербез Көкшесін сұлу жырының сырымен жырлап кеткен ақын ағаның есімі ел жадынан өшпек емес. Кәкімбек ағаның мәңгілік жырының мәңгілік сарыны келеді құлаққа…

Бір әнді аңсай береді көңіл шіркін!

Сол бір көңіл аңсарымен Оқжетпес жаққа елеңдеймін. Cырлы Сырымбет саласынан Ақан серінің дүние іңкәрлігін ғашық жүрегінің тәтті бір сезіміне бөлеп алып, үзілдіре төгілген әлдебір ән әуені көңіл түкпіріне жеткендей болады да, сол үн мен сол әуен белгісіз бір сыр тылсымының тал бесігінде тербелгендей күйге түсемін.
Дүние әуенінің тербелген жүрегімен кімдер дәурен сүрмеді дейсіз?! Осы бір ой тағы да cол бір әнді аңсатқан-ды.

Сұлуды адам жаны қимайды екен,

Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.

Жезкиік, сен есіме түскен кезде,

Бір өзім Сарыарқаға сыймай кетем!..

Ой мен сезім тереңінен үн қатып, бір өзі Сарыарқаға сыймай кеткен апыр-ай, Кәкімбек ағаның да дәуренді жүрегі енді бізге өз жырымен өз сырын қайыра бір ашпас па екен?

Сана түкпірінен осы бір ой қылаң беріп, оянған сәтте көңіл шіркінді мұң басып, кірбең шалғаны да бар. Алайда, бар қазақ даласын шарлап кеткен және де әр жүректі баурап алған Кәкімбек аға Салықовтың жырлары мен ән сырлары ендігі арманды үміттерді жалғастырып, жалғары анық. Көңіл соған иланады!..

Абай хакімше айтқанда, «артында өлмейтұғын сөз қалдырған» Кәкімбек ағаны да «өлділер» қатарына қоса алмас едік. Сарыарқаны қойып, мынау кең дүниеге сыймай кеткен ақын ағаның сырға толы жырлары мен сезімге бөленген әндері ақынның ендігі жүрегі болып мәңгілік соғып тұрары тағы да анық жай.

Құдіреті күшті поэзия әлеміне көңіл құштарлығымен және де жүректегі зор іңкәрлігімен өз сыры мен өз мұңын айта келген Кәкімбек Салықов жырлары туған халқын бірден баурап алғандығының куәсі де болдық. Алайда, мұның сыры неде еді дегенге бойлай да бермедік.

Қалың жұрт Кәкімбек ағаның жырларына құмар болды! Не бір талантты да, соның ішінде танылғаны да, танылмағаны да бар композитор біткендер Кәкімбек ағаның жырларына ән шығаруға құштар болды!

Жылжиды аққу айдында, жылжымайды

Мұңаяды ол неге, тұнжырайды.

Сыңсып салған әніне тебіреніп,

Қамыс басы қамығып, су жылайды.

Су жылайды, тұнжырайды,

Жылжиды аққу айдында,

Жылжымайды!..

Махаббаттың ақ періштесі аққудың «сыңсып салған әніне тебіреніп», қамыс басының да қамығып, судың да жылағанын кім байқаған, кім сезінген?! Қамыққанды қамкөңілді жан ғана байқай алар! Жылап тұрғанды да жабырқаған жан ғана көре алар!

Мына өмірдің қамығуы мен жабығуының талайғы бір сәттерінің күндері мен түндерін өз басынан кешірген Кәкімбек ағаның жан дүниесі ой мен сезімнен құралғаны бар-ды. Сол өз жан дүниесінің қамығуы мен жабығуын, Мұқағалиша айтқанда, «сағыныштың сал шепкенін жамылып» айта келген ақын Кәкімбек Салықовтың жан дүниесі адам баласына өзінің тап-таза, мөп-мөлдір қалпымен ашылып жүре берді. Сол тап-таза да мөп-мөлдір Кәкімбек ағаның жан дүниесінен ақтарыла төгілген жырларында адалдық бар еді. Ол адалдық адамды сүйе білген, өмірді сүйе білген сезіммен құндақталған-ды.

Жер тереңінен шығып, шым-шымдап қана мөлдіреп бір ағып жатар бұлақ суына лап қойғандай баршамыздың Кәкімбек Салықов поэзиясына бас салғанымыздың бір сыры сол біз айтып отырған адалдық пен жан тазалығында жатыр. Бұлақ суына мейірім қандырған жолаушыдай болып біз де Кәкімбек ағаның жан дүниесінің тап-таза да мөлдірей біткен жырларын аса бір жан құштарлығымен сіміріп өстік. Бір құдіреті, аңсарлы көңіл сол өзі сімірген Кәкімбек ағаның жырларын өзді-өзінен келіп ыңылдап әлдебір әнге салғызатын. Сіз осы бір күйді бастан кештіңіз бе?! Кешкеніңіз де ақиқат!

Ақын Кәкімбек ағаның жырларының ән болып әуелей жүре бергендігінің бір сырының, міне, осында жатқандығы да бар. Ақын Кәкімбек ағаның жырларын жүректің өзі ән қылып қайыратын да, сол әнді көңілдің өзі шырқап салатын. Ал көңіл шырқап салған ән қашан болсын жүрек төрінен орын алатындығын ескерсек, мұндай ән мен поэзияның мәңгілік ғұмыры бар екендігін көңілімізге түйіп қойғанымыз да абзал.

Кездескенде қуанамыз бәріміз,

Қоштасарда қиналады жанымыз.

Кездесу мен қоштасудың арасын,

Жалғастырып тұрады екен сағыныш…

Міне, тағы да Кәкімбек ағаның жан дүниесі! Жан тазалығы да осы болар! Кездесу мен қоштасудың арасын жалғастырып тұрар нәзік бір көңіл, ал сол көңіл дегеніңіз сезім шыңырауында жатқан сағыныш екендігін ақын өзінің ой тереңдігімен анықтап айта білді. Ендігі арада ақын ағаның «Сағыныш» атты жыры жанымызды жылытып, «Сағыныш» атты әні жан дүниемізді әлдилеп тұрарына иланамыз. Сол бір құдіретті сезім селімен жуылып тазарар жан дүниеміз. Соған да иланамыз!

Киелі Көкшенің ән мен жыр ордасы болып орныққан арда Айыртаудың баурайында дәурен кешкен от ауызды Орынбай ақын, шырмауықша шырмалған жалған дүниеге ғашық болған Ақан сері мен гәккулетіп сайран кешкен Үкілі Ыбырай туған топырақта солардың іздері де, суымаған үндері мен әуендері де қалған болатын.

Осы бір дала парнастарының көзін көргендер мен жырлары мен әндерін өз ауыздарынан естіп, үйреніп қалған зерделі де зерек қарттары бар ортада өсіп, есейген Кәкімбек ағаға, бәлкім ақын болу оңай да болған шығар. Алайда, ақындықтың оңайлығы болушы ма еді? Біз бұл оңайлықты бала күнінен құлағына сіңісті болғаны және де көкірегінде жатталып қалған ән әуендердің Кәкімбек ағаның санасында мол жатқандығы тұрғысынан айтар едік. Кейін Орынбай ақын, Ақан сері мен Үкілі Ыбырай сынды алыптардың жоқтаушысы да, солардың бай мұраларын зерттеп, түгендеушісі де болғандығы бала санасынан бертін келе хабар беріп тұрғандығы да әсер еткен шығар.

Өлең деген – сарқылмайтын махаббат,

Қызығынан сағындырған мұңы көп!..

Әлде ақын Кәкімбек ағаның өлең дегеніңізді «сарқылмайтын махаббат» деп таныған осы бір әсерлі де әдемі байламды пікіріне қол соғамыз ба?! Иә, солай! Жабырқаған жаныңды жырмен жұбатып, жүрегіңнің мұңын әнмен айықтырар болсаңыз қызығынан да сағындырар мұңы көп поэзияның құдіретін тани білгендігіңіз сол. Ақын Кәкімбек Салықов сол құдіретті тани білген, танып қана қоймай жүрегін жыр толғап, көкірегін ән кернеп туған тума талант болатын. Кәкімбек аға кеңшілікті тұрмыстың билеуімен меңгерсе, ақындық бойындағы туа бітті қасиеті болатын. Сол қасиетті ақындығының қасиетті үні Кәкімбек жырларының іңкәрлікпен кең таралып кетуінің де бір сыры осы болатұғын!

Ұқсаған тұлпарға да, сұңқарға да,

Болғаны қандай жақсы атаң дана.

«Бір сырлы, сегіз қырлы» бар қазақта,

Атасы серіліктің Ақан ғана,

– деп айта білген Кәкімбек Салықовтың әрбір арнау жырларында терең де пайымды таным жатады да, ақын сол арқылы бұрын-соңды жан иесі айта алмаған ой толғар еді. Абайды «ақындықтың пайғамбары» десе, «Мағжан – ақындықтың Абылайы» деп бағасын асырады да, «Бұйра шашы әсем толқып, бұрқырап, үлкен басы екі иыққа сыймайтын» деп Қанышты дәріптейді. «Нұрғиса деген сөзден күй төгіліп, Нұрғиса деген сөзден ән тамады» және де «Қос бұлбұл – Күләш, Бибігүл, «Гәкку» мен асыл «Гауһартас», – деп тағы да терең ойлы теңеулердің бояуын келістірері де бар.

Қазақтың небір нар тұлғалы азаматтары, солардың ішінде Бәйкен Әшімов, Фазыл Кәрібжанов, Мұсахан Қанапиянов, тағы да басқа зиялылар жайындағы Кәкімбек Салықов туындыларының тумысы бөлек дүниелер ретінде танылары бар. Ақын осы тұлғаларды жырлау арқылы сол кезеңнің танымды тарихын да жаза білді.

Асқандай көп тізім шамадан,

Жасқандым жүректе жарадан.

Артымда, туған ел, сені ойлап,

Алыстап барамын жағадан!

– деген Кәкімбек ағаның осы бір жыр жолдарын оқыған кездерімде жүрегімнің дір ете түскені болған-ды. Неге деп те ойландым. Әлде жылдар көшімен ұзай түскен ақын аға ғұмырының соңында қалып бара жатқан өмір енді келіп сағымды елеске айналып кетті ме екен?! Сол сағымды елестің сағынышты самалымен желпінер көңіл шіркіннің не де болса бір мұңайып, бір кейіген сәті болар бұл да! Әйтпесе, Көкшесі мен Есіл-Қызылжары, Жездісі мен Ұлытауы, Жетісуы мен Алатауы, Жезқазғаны мен Қарағандысы бар, оны қойып бар қазақ елінің Кәкімбек ақынды жатсынған жері жоқ еді.

Мөлдір, таза, ніл аспанды, кіл жазық,

Дала деген – Планетаның кеңдігі, –

деп қазақ даласының сол кеңдігін тұтас бір планетаның кеңдігіне сыйғыза айту үшін де бәлкім, ақын жүрегі де сол планеталық кеңдікпен пара-пар болуы да керек шығар. Сол кең де дарқан жүректі ақын аға күні кешелі-бері өзі айтқан өмір жағасынан алыстап кетіп бара жатқандай. Өзі алыстағанымен жан жырлары жаныңа жақындай түсері де бар! Өзі алыстаған сайын сазды әуендері жүрегіңнің сағыныш кілтін қайыра бір келіп шертіп тұратыны да бар!

…Бір әнді аңсай береді көңіл шіркін! Сол аңсар ән тағы да жүрек түкпірінен үн қатқандай болады.

 

Сырғиды аққу айдында, сырғымайды,

Жақын барып хал-жайын кім сұрайды.

Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы,

Біреу ерте, біреу кеш бір құлайды.

Бір құлайды, кім сұрайды,

Сырғиды аққу айдында,

Сырғымайды…

Ақын Кәкімбек аға «Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы, біреу ерте, біреу кеш бір құлайды» деген өзінің өсиетімен де, таза да пәк жан тазалығының қасиетімен де өмір жағадан алыстап барады. Ақын өзінің жыры мен әуезді әнінің мәңгілік жағалауына бет алғалы да міне, бес жыл болып қалыпты-ау!..

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 

 Көкшетау.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар