Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
NEET санатындағы жастар: олар кімдер?.. - АРҚА АЖАРЫ

NEET санатындағы жастар: олар кімдер?..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде сөйлеген сөзінде Үкіметке жастардың «Жастар тәжірибесі» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысуының мерзімін ұзартып, еңбекақыларын көбейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова мен әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында жан-жақты айтып берді.

Бүгінде Ақмола облысында 14 пен 29 жас аралығында 151 мыңнан астам адам бар, бұл облыс халқының жалпы санының 20 пайызын құрайды. Қала жастарының үлесі 56 пайыз, яки, 84 мың адам болса, ауыл жастары 67 мыңнан асады. Облыста маргиналды жастар мен NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы «NEET санатындағы жастар» дегенге тоқталсақ, бұл термин ресми статистика және орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару органдарының жұмысында көрсетілген.

Яғни, NEET санатындағы жастар дегеніміз – білім беру және жұмыспен қамту жүйесінде тіркелмеген, не оқу оқымайтын, не жұмыс істемейтін немесе кәсіби дайындықтан өтпеген азаматтар. Халықаралық еңбек ұйымының әдіснамасына сүйенсек, NEET жастарына еңбек тәжірибесі жоқ, үй шаруашылығымен ғана айналысатын (жас аналар, жас жалғызбасты аналар), мүгедектігі бар адамдар, олар жұмыс іздемейді немесе оқымайды, сонымен бірге, денсаулығы бойынша белгілі бір шектеулері бар белсенді емес жастар, оқуын тоқтатқан, мектептен кейін оқуын жалғастырғысы келетін, бірақ, бұл үшін мүмкіндігі жоқ, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар, есірткіге және алкогольге тәуелділіктен зардап шегушілер жатады.

– Статистикаға жүгінсек, біздің облыста 15-28 жастағы NEET санатындағы жастар саны 11470 адамды құрайды. Бұл не қылған көп адам десек, бұл санатта бала тууға байланысты демалыста жүрген жас әйелдер, маусымдық қызметкерлер мен мүгедектер бар. Ал, жастар ресурстық орталықтары жүргізген мониторинг нәтижелері бойынша олардың нақты саны 2421 адамды құрайды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінен 265 адамға төмен. 2021 жылдың қорытындысы бойынша сандық көрсеткіш мына аудандар мен қалаларда бұрынғысынша жоғары. Көкшетау қаласында – 294 адам, Целиноград ауданында – 303 адам, Бурабайда – 288, Зерендіде – 174 адам. NEET санатындағы жастардың деректер базасы тоқсан сайын жаңартылып, тексеріліп отырады, –дей келе, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Байқадамқызы жастар ресурстық орталықтарының көмегімен жұмысқа орналасқандар туралы да баяндады.

Аталған санаттағы жастарды әлеуметтендіру тұрғысында облыстық ішкі саясат басқармасы әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасымен, жастар ресурстық орталықтарымен бірлесіп, кешенді шаралар ұйымдастырады, олардың жұмыспен қамтылуына ықпал етуге атсалысады. Өткен жылы «Қиын өмірлік  жағдайға тап болған жастарды еңбекпен қамтуға бағытталған шараларды жүзеге асыру» атты жоба іске асырылып, оның аясында 600-ден астам жас жұмыспен қамтылыпты.

Брифингте белгілі болғанындай, нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өткен жылы 5786 адам қатысып, жұмысқа орналастырылыпты. Оның ішінде бос жұмыс орындарына 4326 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға 767 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 157 адам, жастар тәжірибесіне 477 адам, алғашқы жұмыс орнына 46 адам жұмысқа тұрғызылған екен. Қысқа мерзімді курстарда 168 адам оқып, 300 адам грантқа қол жеткізіп, 70 адам микрокредиттер алған. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 462 адам кәсіпкерлікке оқыған.

–Мемлекет басшысы «Жастар практикасының» мерзімін 6 айдан 12 айға дейін ұзарту, ал, төлемақыларын 25 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 30 АЕК-ке дейін жоғарылату бойынша тапсырма жүктеді. Бұл, шамамен 92 мың теңге. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасының мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылатын болса, төленетін айлық мөлшері 20 АЕК емес, 30 АЕК-ке дейін болады, – деді Дина Ахметжанова.

Жастардың іскерлік бастамалары үшін гранттар мөлшерін 200 АЕК-тен (612 600 теңге) 400 АЕК-ке (1 225 200 теңге) дейін екі есеге ұлғайту көзделген. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 596,6 миллион теңгеге 487 грант беру жоспарланып отыр, оның ішінде жастар үшін 318,5 миллион теңге сомасына 260 грант бөлінбекші екен.

Сонымен бірге, брифинг барысында жастардың теріс діни ағымдарға бет бұруының алдын алу, «Серпін», «Еңбек» бағдарламалары бойынша қандай нәтижелерге қол жеткізілгендігі туралы сауалдар қойылды. Бұл орайда, облыстық дін істері басқармасынан бөлек, облыстық ішкі саясат басқармасы да жастар ресурстық орталықтарының өкілдерімен бірлесіп, өңірде жұмыссыз жүрген, теріс ағымдарды ұстанған жастарға арнап, теолог, психолог секілді мамандарды шақырып, дәрістер оқытып, жекелей жұмыстар жүргізетін көрінеді.

Ырысалды Төлегенқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар