Көлік мініп, күре жолға шығар болсаң, тек өзің үшін емес, өзгелердің денсаулығы мен өмірі үшін де жауаптысың. Қаншама жол көлік оқиғасы сол ержені бұзу, тәртіпті сақтамаудың салдарынан болып отыр.
Міне, жақында облыс бойынша тәртіп сақшылары 3 күн жүргізген жедел алдын алу шаралары тағы да өрескел заң бұзушылықтарды анықтады. Үш күн ішінде 26 адамның көлік тізгініне мас күйінде отырғаны әшкереленсе, оны «өрескел заң бұзушылық» демегенде не дерсіз?! Сонда жол үстінде күн сайын қатерге бас тігіп жүрген болдық қой… Өзің көлікпен келе жатсаң да, қоғамдық көлікке мінсең де, тіпті, жаяу жүрсең де мас біреудің әрекетіне тап болуың әбден ықтимал екен. Жүйіткіген көлік рөлінде мас біреу емес, екеу емес, ондаған адам отырса не болғаны?
Одан басқа, әлдеқашан жүргізуші куәлігінен айырылған 10 адамның көлік жүргізіп жүргені әшкереленген. Үш күнде барлығы 1700-ден астам заң бұзушылық тіркеліпті. Әрине, олардың барлығына заң бойынша тиісті шаралар қолданылған.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Құсайынов ереже бұзушылардың ішінде 264 адамның қауіпсіздік белдіктерін тақпағаны үшін жауапкершілікке тартылғанын, 122 адамның техникалық бақылаудан өтпеген көлікті жүргізіп жүргенін, көлік тізгініне мас күйінде отырғандардың 7 жылға дейін куәліктерінен айырылып, әкімшілік қамауға алынатындығын айтты.
Жол – бәрімізге ортақ. Жол жүру ережесін бұзғандардың тек өз өмірі емес, өзгелердің де өміріне қауіпті екені сөзсіз. Демек, тәртіп сақшылары ескертпелеріне құлақ түріп, ережені бұзбау, өрескелдіктерді көрсек, ескертіп, заң талаптарын бұлжытпай орындау да бәрімізге ортақ.
Серік Сапарұлы.