Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кеудесінде ақмолалық тұрғынның жүрегі соғады - АРҚА АЖАРЫ

Кеудесінде ақмолалық тұрғынның жүрегі соғады

Осыдан бірнеше күн бұрын қазақстандық төрт ауыр халдегі адамға донорлық органдарын ауыстыру отасы жасалды. Инсульт болған алпыс жастағы Көкшетау қаласының тұрғынының ет жақын туыстары трансплантацияға рұқсатын берген. Ақмола облыстық ауруханасында бұл алғашқы жағдай.

 

Көкшетауға, донорлық органдарды алуға астаналық дәрігерлер бригадасы келді. Ал, тікелей алмастыру Астана қаласындағы онкология және трансплантация орталығында жүргізілді. Жүрегін ауыстыруды қажет ететін сырқат Астанаға Алматы қаласынан арнайы рейспен ұшып келді. Ақмола медиа орталығында өткізілген брифинг кезінде трансплантолог Талғат Хайдаров айтқанындай, жүректі Көкшетаудан арнайы аппаратпен Астанаға жеткізіпті. Жол үстінде қайран жүрек бүлк-бүлк етіп соғып жатқан. Бауыр мен бүйрек қатырылған күйде.
Облыстың бас неврологы Макшарип Мартазанов сырқаттың ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілгенін айтады. Әрі қарай өмір сүруі мүмкін де емес екен. Әйткенмен, оны бар күш-мүмкіндікті жұмылдырып емдеген. Тіпті, ми жұмысы тоқтаған кезде де.
Ал, өмірден өткен адамның органдарын алу туыстарының келісімі арқылы жүргізіледі. Бұл арада материалдық өтемақы туралы ешқандай әңгіме де жоқ. Қазақстанда мұндай әрекет ерікті. Ал, ота жасау және одан әрі қарай емдеу мемлекет есебінен. Сөз арасында барлық заңды және құқықтық талаптар толық сақталғандығын айта кетуіміз керек.
Макшарип Мартазановтың айтуына қарағанда, елімізде донорлық органдарды ауыстыру соңғы он жылдың ішінде тәп-тәуір қарқын алған. Шынтуайтында бұл іс қырық жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазақстанда 2012 жылдан бастап республикалық кардиологиялық трансплантация орталығы жұмыс істейді. Аймақтарда оның филиалдары да бар. Донорлық органдарды алмастыру құқығы 19 орталыққа берілген. Ақмола облысында донорлық органдарды облыстық, Көкшетау және Степногорск қалалық ауруханалары ұсына алады. Сөз арасында Степногорскіде өткен жылдың ақпан айында тіршіліктен үміті үзілген сырқаттың туысқандары ішкі органдарын алуға рұқсат еткен.
Т.Хайдаровтың айтуына қарағанда, 2012 жылдың соңына дейін орталық мамандары 728 ота жасаған. 2012 жылы – 65, 2013 жылы – 164, 2014 жылы – 224, 2015 жылы – 275 орган алмастырылған. Қазақстан жүректі сәтті алмастыру көрсеткіші бойынша отыз елдің қатарына енеді. Бұл ең күрделі ота. Бір айта кетерлігі, мұндай оталардың сәтті аяқталуы 96 пайызды құрайды. Алғашқы жүрек алмастыру біздің елімізде 2012 жылы мүмкін болған. Бұл ота Беларусь және Чехия кардиохирургтарының қатысуымен жүзеге асырылған. Оқырманның қаперіне 2013 жылы – 2, 2014 жылы – 7, 2015 жылы – 19 ота жасалғандығын еске сала кетейік. Өткен жылы 51 бауыр, 202 бүйрек алмастырылған. Ең көп ота бүйрек алмастыру үшін жасалған. Қазір Ақмола облысында мұндай отаны 80-нен астам сырқат тосуда. Көбі донорлық органдардың жетімсіздігінен о дүниелік те болып кетті. Донорлық жүректі қазір үш сырқат тосуда. Мұндай адамдардың бесеуіне ота жасалды. Мәселен, 2015 жылдың қыркүйек айында Көкшетау қаласының тұрғынының жүрегі алмастырылды. Осындай сәтті тағатсыздана тосқан қыз балаға Индияда ота жасалған. Дәрігер М.Мартазановтың мәлімдеуіне қарағанда, донорлық органдарға сұраныс өте жоғары.
–Біз донор мәселесін елге түсіндірудеміз, еңбек ұжымдарында, ел ішінде нақты бір жұмыс жүргізудеміз,–дейді Талғат Хайдаров,–донорлық органдардың жетімсіздігінен Қазақстанда жыл сайын сексенге жуық адам өмірден өтеді.  Олардың әлі де өмір сүруге мүмкіндіктері бар еді. Осы бір шетін мәселеге кейбіреулер түсіністікпен қараса, енді біреулер үзілді-кесілді қарсы. Негізінде туысқанының органдарын беру оңай емес екендігін әркім де түсінеді. Әйткенмен, ешбір лажы болмағандықтан, сырқат адамның әлі де жарық дүниені көріп, татар дәмінің
таусылмауына септігін тигізу асқан адамгершіліктің белгісі.

Б.ҚАЙЫРЛИН.   

Суретте: дәрігер Макшарип Мартазанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар