Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
қансонардың қызығы жүйрік тазы... - АРҚА АЖАРЫ

қансонардың қызығы жүйрік тазы…

Таяуда облыс орталығының іргесіндегі Краснояр кентінің атшабарында ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі және «Тазы. Төбет. Бөрібасар» республикалық федерациясының ұйымдастыруымен қазақ иттерінің тазы тұқымы арасында Ақмола облысының бірінші ашық ит жүгірту жарысы болып өтті. 

Таза тұқымды тазының тұқымы тұздай құрыған шығар деп ойлаушы едік. Алдынан кезіккен аңды құтқармайтын, ит атаулының ішіндегі ақылдысы, бағзы заманда үйге кіру құқығына ие болған дегдар тазының әнебір кезеңде ешкімге керек болмай қалғаны да рас. Тазы туралы ауызекі әңгімелерде көп айтылады. Ақсүйек жұтта тігерге тұяқ қалмай, бар малынан айырылып, ашаршылық жайлаған жылдары бір ауылды бір тазы асырапты дейтін аңыздар да бар. Ауыз әдебиетінде құс төресі, ат тұлпары тәрізді, ерен жүйрік тазылар туралы тәлсім жиі кездеседі.
Әдетте, қазақ тазысы Арқа, Шығыс, Арал, Каспий, Оңтүстік тазылары болып бөлінеді. Негізінде онда ортақ ерекшеліктеріне, сыртқы тұрпатына қарайды. Бұрынғылардың бағамдауына қарағанда, қансонарда 3-4 қоян ілген тазы оншалықты мадаққа ие болмаса керек. Ал, 4-5 қоян ілген тазының жүйріктігі орташа деп бағаланады. Ал, күні бойғы құйын перен шабыстан белі талмай, өкпесі өшпей, 6-7 қоян қаққан тазы жүйрік болып есептелсе керек.
Мінсіз сұлулығын, өзгеше бітімін, қарыны қабырғасына жабысып, жақша иілген тұрпатын суреттерден ғана көретінбіз. Сөйтсек, жеті қазынаның бірі – тазы тұқымы мүлде жоғалып кетпеген екен. Оны осы жолғы облыс бойынша бірінші рет өткізілген тазылардың жарысында көрдік.
Жарысқа жалғыз Ақмола облысы ғана емес, көршілес Солтүстік Қазақстан облысынан да ит жүгіртіп, тазы баптаған үмітті итбегілер 48 ит әкелді. Шалғайдағы Степногорск, әрідегі Ерейментау етегінен келгендер де бар.
Жарысқа қатысқан тазылар екі топқа бөлінді. Бірінші топта бір жасқа дейінгілер, екінші топта ересек тазылар. Бірінші сынақ тұқымына сәйкестігі, дене бітімі, тұрпаты бойынша өткізілді. Оған Петропавл қаласынан келген халықаралық дәрежедегі сарапшы Алексей Лепахов төрелік жүргізді. Қазылар алқасының шешімі бойынша үш ит тұрпаты сәйкес келмегендіктен, жарысқа қатыстырылмады. Екінші сынақ жылдамдық сапасын анықтау бойынша өткізілді. Дегдар тазы аң көрмей додаға түссін бе?!. Электронды қоян жүгіртілді. Оқырманға түсінікті болуы үшін бір ауыз сөзбен сипаттай кетелік. Шарғы – электронды қоян бес жүз метр қашықтықтан жүгіртіледі. Жіпке байланған шарғыны бергі шетте электр моторы тартып тұрады. Қолайсызы электронды қоян көрермен жиналған мінбенің алдынан өтеді де, бұған дейін саяқ жүгірген жас тазылар халықтың у-дуынан қаймығып, жарыс жолынан шығып кетіп те жатты. Шарғының жылдамдығы білетіндердің айтуына қарағанда, сағатына алпыс шақырым төңірегінде. Шын жүйріктің бар болмысы танылатын сайыста жаңағы қашықтықтан 40 секундта өткен Краснояр селосының тұрғыны Мәди Дүйсеновтың Ақсу атты ақсары тазысы бірінші орын алды. Ал, Көкшетау-2 станциясының тұрғыны Жанат Әутаевтің Аққұс атты тазысы 44 секундта өтіп, екінші орынды иеленді. Краснояр селосының тұрғыны Қайрат Таңқыбаевтың Көкдауылы 52 секундта өтті. Үшінші орын.
Заманында жақсы тазының құны аттың құнынан кем болмаған. Ондай тазылардың жүйріктігі ғана емес, аңшылық қырағылығы, қайраты да ескерілетін. Осы жолы тазыларды қарсаққа салды. Қарсақты шалудағы қайратына баға беріліп, таразыға түсті.     
Ересек тазылар арасында Ерейментау ауданының өкілі Бейбіт Амангелдиновтың Лашын атты тазысы бірінші орынға, Зеренді ауданының өкілі Василий Шамякиннің Малыш атты тазысы екінші орынға, Зеренді ауданының итбегі Манарбек Ысқақовтың Қонақ атты тазысы үшінші орынға ие болды.
–Жарысты өткізудегі басты мақсат – тұқымы азайып кеткен дегдар тазыларды насихаттау, тұқымын жақсарту,–дейді «Тазы. Төбет. Бөрібасар» республикалық федерациясының президенті Оралбек Қайсанов. –Ықылым заманнан бері жеті қазынаның бірі атанып, иесіне өлшеусіз еңбегі сіңген құмай тазыны қайтадан тірілту.
Ниет жақсы, ықылас оң. Сайын даланы дегдар тазы, қыран бүркіт, қазанатсыз көзге елестетудің өзі мүмкін емес қой…   

Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар