Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы ғалымның жолын қуған - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы ғалымның жолын қуған

Көкшетау қаласында тұратын экология ғылымдарының доценті Екпін Шылымовпен таныстығым 1996 жылы басталған болатын. Ол кезде мен Обухов титан комбинатында электр монтері болып жұмыс істейтінмін. Ал, ол кісі комбинаттың учаске бастығы еді. Бір әңгіме үстінде өзінің өмір жолын, жеткен жетістіктері жайлы айтты. Бала кезінен бастап үлкен арманына жету  жолында талмай еңбек еткені туралы естіп, ол кісіні өзімнің рухани әкемдей көріп кеттім.

 

Қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтпаевтың қазақ балаларын техникалық мамандыққа тарту керек деген 40-шы жылдардағы бастамасы көптеген аға-апаларымыздың тағдырына оң әсерін тигізді. Қазақ жастарының көбі Қаныш ағасының жолымен жүргісі келді. Екпін Шылымов та 1953 жылы Көкшетау қаласындағы ер балаларға арналған №1 мектепті бітірген соң, Алматыдағы  тау-кен институтының геологиялық зерттеу факультетіне оқуға түседі. Оның бала арманы да сол Қаныш Имантайұлы сияқты жерасты байлығын тауып, оны ел игілігіне жарату еді.
Институтты бітірген ол 1958 жылы Қарағандының орталық геология комитетіне жолдамамен барады. Еңбек жолы  Қаражал кешенді геологиялық барлау экспедициясының құрамында жер қойнауын зерттеуден басталады. Онда 1969 жылға дейін геолог, аға геолог, партия басшысы болып жұмыс істейді. Экспедицияда геолог болып жүрген кезінде өзі ұстаз тұтқан Қаныш Сәтпаевтың жүрген, зерттеген жерлеріне жиі барады. 1942 жылы академик Қаныш Имантайұлы Қаражалдан темір рудасын тауып, кейін бұл жерде Теміртау металлургия комбинаты салынған еді. Екпін Сейітқалиұлы темір шығатын шахтаға 1969 жылы бас геолог болып ауысады. Сол жерде геологиялық зеттеу жұмыстарын жүргізеді. Бірнеше мәрте атқарған еңбегі үшін мадақтауларға да ие болады. Комбинаттың атынан алған мадақтамаларын санамағанда «Геология және табиғат ресурстары министрлігінің үздігі» деген атаққа ие болды. Зейнет жасына шыққаннан кейін 1985 жылы Қаражал қаласында халықтық бақылау комитетін басқарды. Сөйтіп, 1989 жылы Көкшетау геологиялық экспедициясына ауысып, туған топырағының қазба байлықтарын, кен орындарын зерттейді.
Ол Обухов титан комбинатын ашылған күннен бастап зерттеді. Сол жерде учаскенің басшысы, геолог болып жұмыс істеді. 1996 жылы Обухов комбинатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келгенде оның алдынан шығып күтіп алып, комбинаттың лентасын бірге қияды. Өйткені, Елбасы екеуі бұрыннан таныс болатын. Ал, 1999 жылдан бастап 2004 жылға дейін «Көкше» академиясында экология мен геологиядан студенттерге дәріс оқыды. Сол жерде қызмет етіп жүргенде екі мәрте халықаралық конференция ұйымдастырып, шетелден келген меймандарды білімімен таңдандырғанын атап өткен артық болмас.
Қазір Екпін Сейітқалиұлы экология ғылымдарының доценті. Ақсақал 80-нен асса да үйінде жай отырмай, өзі көзін көрген, тәлімін алған Қаныш Сәтпаевтың еңбектерін қайталап оқып, баспасөз беттеріне мақалалар жазып тұрады.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардагер қазір немересінің қолында. Екі ұлы мен бір қызы – бәрі де лауазымды қызметте. Бір ұлы ел ордасы Астанада. Екінші ұлы Көкшетаудағы экология зертханасының төрағасы. Қызы филология ғылымдарының кандидаты. Төрт немере мен екі шөбере сүйіп отыр. Бір өкініштісі, құдай қосқан қосағы 2008 жылы бақилық болды.
Мен марқұм Мәдина апамызды жиі еске алып тұрамын. Оның мейірімді жүзін, жылы сөздерін, мені баласындай көретін аналық махаббатын сағынамын. Оның маған сыйлаған ұялы телефоны күн сайын таңғы алтыда оятады. Сол кезде апам есіме түсіп, «Есет, балам, тұра ғой, жұмысыңа бар», –  деп тұрғандай болады.  Сәуір айының 3-і – Геологтар күні болған соң, елде жүріп, еленбей қалмасын деп осы ардақты ағамды төл мерекесімен құттықтап, осы мақаланы жазып отырған жайым бар.  Ортамызда ағалық ақыл-кеңесін айтып жүре берсе екен деймін. Осы айдың 12-сі күні Қаныш Сәтпаевтың да туған күні. Биыл  туғанына 117 жыл.  Отан үшін жерасты байлығын ашып, халық игілігіне жаратуға сүбелі үлес қосқан осындай азаматтарымыз көп болса екен деп тілеймін.

Есет ҚҰРМАНХАНҰЛЫ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар