Баяғы өткен заманда, Бұқпа тауының баурайында түр-тұрпаты жарасқан, ақылына көркі сай Айсұлу деген қыз өмір сүріпті. Ақылды, әдепті және кеңпейілді болғаны сондай, тіпті, дүниедегі әрбір кішкентай жәндікке де көмектесуге дайын тұрады екен.
Айсұлу бозарып таң атқан сәтте оянып, көкжиектен қызарып күн батқанда ұйқыға жататын. Күні бойы егін ексе, кешқұрым айтқан сиқырлы әсем әуенінің әсерінен оның бәрі тез пісіп-жетілетін болған. Осылай қуаныш пен бақытқа толы күндерді өткізіп жүрген кезде дауысының сиқырлы күші бар жерге тарайды. Ауылын молшылыққа кенелткен сұлу қызды бәрі көргісі келіп, жан-жақтан жиналады. Тіпті, қалыңдыққа алғысы келген хандар да аз болмапты. Бірақ, біреуіне де Айсұлу келісім бермейді. Сонда Тоймас
деген хан:
– Күндердің күнінде келісіміңсіз-ақ жар етіп алармын, – деп уәзірлерімен еліне қайтып кетеді. Күн артынан күндер, ай артынан айлар өтеді. Бірде ел ұйқыдан тұрып, егінге көз салса, күнде жайқалып өсіп тұратын бидай масақтары ұшты-күйлі жоқ болып кетіпті. Даланы әуенімен тербетіп жүрген Айсұлу да ғайып болған. Бәрі жұмылып жерді де аралайды, бұлттардың арасын да кезеді, өзеннің түбін де қарайды, бірақ, Айсұлу табылмайды. Сонда орман сиқыршысы Жанат оны биік таудың басында, тас қараңғы бөлмеде Тоймас хан қамауда ұстап отырғанын айтты. Бірақ, ешкім таба алмайтындай етіп жасырып қойған, айламен ғана аман-есен құтқарып алуға болады, дейді ол.
Сол кезде сиқыршы Жанаттың сөзін естіген жан-жануар жиылып, Тоймас ханның еліне аттанады. Көгершін бір айлық жерге үш күнде жетсе, аю мен қасқыр Жанат сиқыршы сыйлаған құмырсқалар жегілген арбаны көлік қылып, бір күнде жетіп алады. Тоймас ханның елі бай көрінгенімен, адамдары бақытсыз екен. Әр жерден жылаған адамдардың дауысы шықса, тек хан сарайынан ғана тойынған байлардың арсыз күлкілері естіледі. Қасқыр:
– Тоймас хан, Айсұлуды босат, әйтпесе бізден жақсылық күтпе, – деп айқай салады. Сонда хан есікті ашып тастап:
– Маған бұйрық беретін кім едің, кет жөніңе, – деп қасқырға қолындағы қанжарын лақтырады. Қанжар қасқырға жетпей, ортасынан қақ бөлініп қалады. Ашуланған хан қолына іліккеннің бәрін түгелдей лақтыра береді. Оның ішінде алтыннан жасалған тостағандар, табақтар, басқа да мүлкі бірге кетеді. Қасқыр алтындарды асқазанына жұтып қойып:
– Айсұлуды жібермесең алтыныңнан көз жазып қаласың, – деп қорқытады. Байлыққа құмар Тоймас хан амалсыздан тауды көрсетіп, зынданның есігін ашып береді. Сол уақытта көгершін ханның үстіне елдің көз жасын құйып жібереді. Соның әсерінен хан аласа, мүжілген тасқа айналып кетеді. Содан бастап хан ешкімге жамандық жасай алмайтын болыпты. Тек кейде жел гуілдеп, Айсұлудың сиқырлы әуеніне кедергі жасайды екен.
Әдия САТЫБАЛДИНОВА,
«Мирас» көпбейінді мектеп-гимназиясының
7-сынып оқушысы.
Бурабай ауданы.