Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын мұқият тыңдадық. Елді жаңғырту, дамудың жаңа жолына түсірудің іргетасы қаланды деп ойлаймын. Өйткені, Мемлекет басшысы елдің Ата Заңы –Конституцияның отыз пунктіне өзгерістер енгізу керектігінен бастап, көптеген жаңалықтар, жоспарлар ұсынды. Ол жаңалықтар, әрине, елді өзгертеді. Осылай, заңдармен бекітілген тұжырымдар ғана жаңғыруға тұғыр болмақ. «Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген» деп Президенттің өзі айтқандай, Жолдау халықтың талқылап, айтып жүрген мәселелеріне жауап берді. Оның: «Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек» деуі әбден орынды. Расында да солай. Мемлекет басшысы көпшілік пікірін дәп басып айтты.
Президент Жолдауындағы маған ерекше ұнаған бір пікір Ұлттық құрылтай құру идеясы болды. «Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс» деді ол. Жалпы, үлкенді тыңдау, күрделі мәселелерді ортаға салып талқылау, ақылдасып шешу біздің қанымызда, салт-дәстүрімізде бар нәрсе. Ұлттық Құрылтай шешкен бірде-бір мәселе қиыс болмайтына сенімдімін. Бұл – біздің ұлтымызды ұйыстыра түсер ұлағатты орда болар. Оның үстіне, оның мүшелері Қазақстанның әр түкпірінен, әр саладан болса, нұр үстіне нұр. Президенттің барлық бастамаларының іске асуына тілектеспін.
Жібек Бағысова,
Қазақстан Республикасының халық әртісі.