Ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжанов екі Айфон телефонымен кино түсіріп шығарды. «Табиғат пен балалар» атты фильм-импровизация 2021 жылдың шілде-тамызында Алматы облысы Панфилов ауданының Сарыбел ауылында түсірілген. Балалар мен ауыл, табиғат туралы фильмге қала мен ауыл балалары, ауыл адамдары қатысқан.
Арнайы кино тобынсыз, құрал-жабдықсыз, сценарийсіз, қаржысыз түсірілген фильм телефонмен түсірілген тұңғыш кино болса керек. Бюджеті – 0 теңге, ұзақтығы – 1 сағат, 31 минут. Бұл фильм – авторы, режиссері, операторы Баянғали Әлімжанов атаның балаларға сыйлығы! Оны ютубтан тегін көруге болады.
Сол сияқты, жерлесіміздің осы жуырда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде бір кеште алты жыры жазылып алынып, телевидение мен ютуб арнасына жолдама алды. Бұл жолы жыршы Баянғали Әлімжанов қоңыр домбырасымен Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын, сондай-ақ, өзінің «Абылай хан мен ер Жәнібек», «Байқозының жебесі», «Бақтыбайдың Тезек төреге айтқаны», тағы басқа жыр-дастандарын жатқа орындап, асқан жыршылығымен де таныла білді.
Бұған қоса, баспадан Баянғали шығармаларының ХІХ-ХХІ томдары да жарық көргенін айта кету керек. Олай болса, біз әйгілі әдебиет өкілі мен өнер иесін осы табыстарымен құттықтап, алда жаңа жетістіктер тілейміз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.