«Қазақтың жезкиік ақыны»

    Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында  көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналған «Қазақтың жезкиік ақыны» атты тақырыпта концерт болып өтті. Концерт болғанда жай ғана ән мен күй орындалған кеш емес еді бұл. Тағылымы да бөлек, танымы да зор, ақынын сағынған елдің ынтызар көңілі ән болып төгілген, күй болып күй шалқыған, сұлулық пен сезім тұнған, мөлдір музыкадай тұп-тұнық көңілдің, риясыз тілектердің қауышқан күні еді бұл.  Осындай өнер кешін әнші Сәрсенбай Хасеновтың жүргізуі де заңды да. Себебі, Сәрсенбай осы кештің идея авторы да, жүргізушісі де бір өзі. Ол өңіріміздегі өнері асқақ өнерпаз ғана емес, көптен бері қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, сал-серілердің ғұмырын тереңірек зерделеп жүрген жас зерттеуші. 

Концертке «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Үкілі Ыбырайдың немересі Елемес апа мен халық ақыны Молдахмет Тырбиевтің қызы Сәуле апайымыз, Солтүстік Қазақстан өңірінің әншілері, зиялы қауым өкілдері, көкшелік әнсүйер қауым қатысты.

– Кәкімбек Салықовтың өнерге деген ынтызарлығы сонау бала кезден Үкілі Ыбырай ауылында басталса керек. Қырқынан шығарылмаған сәби кезінде әкесі дүниеден өткен баланы нағашысы Айтахмет Салықов өз тәрбиесіне алған. Көкшетау, Саумалкөл, Сырымбет мектептерінде үздік оқыған бала Кәкімбек мектеп бітірісімен, атасына Алматыға оқуға барамын, ақындық жолға түсемін дегенде, халық ақыны Молдахмет Тырбиев «Аақындықты адам бес жыл оқушы ма еді, одан да Қаныштың оқуына бар, қаражатын өзім көтеремін» деп батасын беріпті. Содан Кәкімбек аға Мәскеуге барып, тау-кен мамандығын үздік бітіріп, Берлинге жолдама алып  тұрған жерінен бармай, елге Жезқазғанға жұмысқа келген. Осы Жезқазған жерінде  жүріп,  талай жырларын дүниеге әкелген. Елден шалғай  жүрген  Кәкімбек Көкшетау, Айыртау, Жалғызтау, Сырымбетін естен  шығармаған, – дей келіп, Сәрсенбай Хасенов концерттің шымылдығын ашу үшін ортаға республикалық байқаулардың лауреаты Төлеген Амановты шақырып, «Сал Көкше» әнін орындап беруін өтінді. Дауысында дархан даланың кеңдігі бар Төлегеннің ән орындау мәнеріне жиналған жұршылық тәнті болды.  Төлеген бұдан басқа «Жәнібек» деген әнді де орындап, халық қошаметіне бөленді.

       К.Салықовтың әр өлеңінде дархан даланың сұлулығы, көркем табиғаттың кестелі көріністері, сол көріністерден ақынның риясыз ынтызар көңілі байқалып тұрады. Расында да, ақын дүниеге келген Айыртаудан Жалғызтауға  жол тартсаңыз, сұңқылдаған, гәккулеген аққу құстарды көріп, көзіңіз сұлулыққа байланатыны бар. Кәкімбек ағаның сөзіне жазылған «Аққу жеткен» әнін республикалық байқаулардың лауреаты Еркебұлан Қарыпов нақышына келтіріп орындады. Атап өтуіміз керек, Еркебұлан Қарыпов пен Жанат Айтбаев бұл өнер кешіне Қызылжардан арнайы келген. Кәкімбек аға Солтүстік Қазақстанның тумасы болғанымен, оның өнері Есіл–Көкше өңіріне кеңінен танымал. Өнері барша қазаққа ортақ. Бұл кеш соның айғағы.

Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова К.Салықовтың бұрын-соңды орындалмаған «Пайғамбар берген аманат» әнін сахнада тұңғыш рет  орындап, халықты тәнті етті. Концерт барысында  Еркеғали Рахмадиевтің «Ақ тырналар» әнін республикалық байқаулардың лауреаты Эльмира Төлеубаева, Шәміл Әбілтаевтың «Аңсау» әнін республикалық байқаулардың лауреаты Жанат Айтбаев (Қызылжар қаласы), Үкілі Ыбырайдың «Толқын», Молдахмет Тырбиевтің  «Қалдырған», Мұса Асайыновтың «Арнау» әнін, Иран Тасқараның  «Жезкиік» әнін  Сәрсенбай Хасенов орындап берді.

Ән болып төгілген әсем әуендер көңілдегі сағынышты басқандай,  ерекше сезімге бөледі. Көкше жері ақынын ұмытпайды. Бар ғұмырын ән мен жырға арнаған Кәкімбек ағамыздың есімі әндерімен мәңгі жасай берсін дейміз біз де!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар