«Құлыншақ пен бөлтірік» қойылымы театрдың 25 жылдығына арналды

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында осы өнер ордасының ашылғанына 26 жыл толуына орай, осы театрдың ашылуына зор үлесін қосқан алғашқы қойылымы – Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклін сахналаған көрнекті режиссер, жерлесіміз Жақып Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» атты ертегісі қойылды.

«Құлыншақ пен бөлтірік» сахна ашылысымен-ақ, Күн шуағы ойнаған, гүл-бәйшешегі құлпырған, ақ самалы ескен, көркем бояуы, әсерлі әуенімен баурады.  Оқиға осы құшағы мейірімге толы, қасиетті дала төсінде өтеді. Желмен жарысып жүйткіген жылқы үйірінде құлын туады. Ересек жылқылар оған даланың сұлу көркін, ғажайып көріністерін көрсетіп,  асыр салдырады. Сондай-ақ, Қарақасқа құлынға қасқыр деген ата жауларының бар екенін, оның зұлымдығын да айтып, сақ болуды үйретеді. Алайда, айналасынан, дархан даладан тек қана мейірім көріп өсіп келе жатқан ерке құлын ондай қатыгездіктің болатынына сене қоймайды.

Осы уақытта қасқырлар ұйғында да бір бөлтірік дүниеге келеді. Оны жыртқыштар тек қана ептілік пен батылдыққа ғана емес, өзге жануарлардың тамағына азуды батыруға, қарнын жарып, жылы етін асап-жұтуға үйретіп жатады.  Сөйтіп, екеуі екі түрлі тәрбиеге баулынып, өсіп-жетіле береді. Бір жолы ақ жауыннан кейін дала аспанында кемпірқосақ пайда болып, соны тамашалап, алып-ұшып қуанған жас құлын үйірінен бөлініп қалады. Оған бөлтірік тап болады.  Алайда ол еш қаперсіз, ешкімнен жамандық күтпеген әдемі құлыншаққа бірден тап бере алмайды. Қайта, оның айтуымен айналасындағы әдемі құбылыстарға қарап, қызықтайды. Екеуі дос болып қалады. Өз ата-енесі, үйірлес, ұяластары қалай айтса да көнбей, достықтарын жалғастырады. Осылайша, екеуі  жауыздық пен қатыгездікті  жеңіп шығады.

Ана дала рөліндегі ҚР Мәдениет қайраткері  Жанар Құсайынова, Бозайғырды сомдаған Еркебұлан Төлеуов, Көкжалды бейнелеген Зүләкіпір Батихан, Қарақасқа – Әсем Шайсұлтанова, Көк бөрі – Самат Шаймерденов,  Қаражал – Медет Хамзин, Бөлтірік – Әліби Мұрат, бәрі де ертегі кейіпкерлерінің мінез-құлқына сай ойын көрсетті. Әсіресе, бейнелерге костюмдер келістілігі, көңіл-күйге орайластырылған әуен,  қимыл-әрекеттер үйлесімділігі, жарық мүмкіндігін пайдалану автордың айтар ойын айшықтай түсті. Кей тұста әуен мен би тым ұзаққа созылып кеткендей әсерде болғанбыз. Бірақ, бұл ойымызды ертегі көріп отырған бала қиялының шарықтап, ой-өрісінің  өсуіне, өз пікірін тиянақтай түсуіне игі ықпал ететін шығар деген тоқтам орнықтырды.

Сонымен, бүгінде талай биікті бағындырған, тәжірибесі толысып, зор беделге ие болған театрдың шаңырағын көтеріскен көрнекті режиссердің белгілі шығармасы жаңа бір қырынан қойылып, өнер ордасының репертуарына енді.

Қойылым аяқталған соң Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Қазақстан Республикасының халық әртісі Жібек Бағысова, Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы сазды-драма тетрының директоры Біржан  Жалғасбаев, Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Салауатұлы  ұжымды театрдың туған күнімен әрі сәтті қойылымымен  құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.

Ал, мереке құрметіне театр директорының  міндетін атқарушы Жарас Қалдаров ұжымның бірқатар мүшелеріне Алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыс етті. Сондай-ақ, бұл күні қойылыммен бірге, театр фойесінде Жақып Омаровтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды.

                                                               Серік Сапарұлы,

                                           «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар