Наурыз мейрамында елге еңбегі сіңген азаматттарға мемлекеттік награда тапсыру игі дәстүрге айналады. Бұл туралы бүгін еліміздің бірқатар азаматын мемлекеттік наградамен марапаттау рәсімінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ел ішінде бейбіт күнде еңбегімен, қиын сәтте ерлігімен көзге түскен жандар аз емес. Кешегі дүрбелең кезінде қаншама азаматымыз жұртты сабырға шақырып, салиқалы сөз айтты. Олар өз басын қатерге тігіп, айналысындағы адамдарға көмектесті. Жауапты сәтте жұртына қорған болып, елдіктің нағын үлгісін көрсетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Президентінің пайымынша, осындай отаншыл тұлғаларымыз жас ұрпаққа өнеге.
«Халқымыз «Ер еңбегімен қадірлі» дегенді бекер айтпаған. Елге еңбегі сіңген жандарға Ұлыстың ұлы күнінде құрмет көрсетудің зор символдық мәні бар. Мен Наурыз мерекесі қарсаңында бір топ азаматқа мемлекеттік награда тапсыру жөнінде шешім қабылдадым. Бұл іс-шараны осы мейрамға орай өткізуді игі дәстүрге айналдырамыз», – деді Мемлекет басшысы.