Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Жақсы, Жарқайың аудандарында болып, осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайларына назар аударды және аудан активтерінде Елбасы Жолдауынан туындайтын басты міндеттерді белгіледі.
Ең алдымен, облыс әкімі Перекатное орта мектебінде болып, мектепті бітіргелі отырған оқушылармен кездесті. Одан соң мектептің материалдық базасына назар аударып, ғимаратты жаңарту мақсатында демеушілерді тарту қажеттігін және бұл мәселені бақылауында ұстайтындығын айтты. Сондай-ақ, Белағаш орта мектебіне аялдап, мұнда да мектеп түлектерімен тілдесіп, ауылдың жағдайын сұрастырып білді.
Биыл Жақсы ауданында егін бітік шығып, диқан қауымы жиналған астықтың сапасы жоғары деп отыр. «Перекатненский элеваторы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған облыс әкімі астықты қабылдау, оны өңдеу мен сақтау жайына назар аударды. Серіктестіктің басшысы Әлібек Тілеубаевтың айтуынша, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп тұр. Қабылданған астықты өңдеуде іркіліс жоқ көрінеді.
Мал шаруашылығымен айналысатын «Жаңа жол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл күнде «Ангус» асыл тұқымды ірі қара мал өсірумен айналысады. Осы орайда, шаруашылықтың басшысы Мұрат Мейрамов атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесін саралап берді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мұнда 550 бас ірі қара мал өсірілуде. Олар Германия елінен әкелініпті. Жылына шаруашылық 500 бас сиыр сатып, 250 миллион теңге көлемінде табыс тауып отыр. Өңір басшысы шаруашылық басшылыларына осы ұстанған бағыттың дұрыстығын, алдағы уақытта мал басын көбейте беру қажеттігін айтты.
Қабдеш Өскенбай атындағы аралас мектепте бұл күнде 204 оқушы білім алуда. Ағымдағы жылы ҰБТ қорытындысы бо-йынша мектеп аудан көлемінде үлгілі мектептер қатарынан табылған. Осы орайда, оқу орнының директоры Гүлбаршын Тоқмырзина білім ошағының әлеуметтік жағдайы жақсы екенін алға тартты. Осы жолы да өңір басшысы болашақ мектеп түлектерімен кездесіп, таңдаған мамандықтары жайлы сұрастырды. Сонымен қатар, мектеп ұжымына теледидар табыс етті.
Жақсы ауданының орталығында заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған Мәдениет үйі жұмыс істейді. Облыс әкімі Сергей Кулагин ғимаратта болғанында «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген күрделі жөндеудің нәтижесімен танысты. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Роза Ақанова өз сөзінде аудан бойынша өзге мәдениет үйлері де күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігін сөз етті.
Осыдан кейін өңір басшысы «Айгөлек» бала бақшасын аралап, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді оқыту жайын сұрастырды. Бүлдіршіндерге жиһаз бен ойыншықтар тарту етті. Ал, іргесі сонау 1956 жылы қаланған Запорожье орта мектебі 2010 жылы жөндеуден өткен. Мектеп директоры Ерлан Байдүйсенов кездесуде оқушылардың екі ауысымда оқитындығын сөз етіп, білім ордасы бір ауысымға көшсе деген тілегін жайып салды. Сондай-ақ, облыс әкімі «Дән» бала бақшасында болды.
Ауданда жеке кәсіпкерлік мәселесі де жақсы жолға қойылған. Солардың ішінде, «Проммебцентр» серіктестігі үйлер мен кеңсеге қажетті жиһаздар жасаумен айналысады. Ұжым басшысы Қожаберген Қожамұрат алдағы уақытта жұмысшылар санын екі есеге жеткізуді ойластырып отырған көрінеді. Сондай-ақ, ол тұтынушыларға жеңілдік ретінде «Homecredit» банкімен келісім-шарт жасасып, өз тауарларын ұзақ мерзімге несиеге беруді қолға алыпты. Мәдениет үйінде өткен актив кеңесінде аудан әкімі Қанат Сүйіндіков өңірдің тыныс-тіршілігін баян етті. Өңір басшысы Сергей Кулагин ауданды көркейту мақсатында әлі де болса едәуір жұмыстар атқару қажеттігіне тоқталды.
– Ендігі жерде кәсіпкерлердің өздері де елді мекендерді өркендетуге белсене ат- салысулары керек. Бұл шараларды жүзеге асыруға ең алдымен, аудан әкімі жауапты. Сондықтан, барлығыңызды ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын,– дей келе Сергей Кулагин облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек озаттарын Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Жақсы ауданы.
(Облыс әкімінің Жарқайың ауданына жұмыс сапары туралы материалды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).