Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз - АРҚА АЖАРЫ

Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз

Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920-25) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып тоқтатылды, бірақ Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан  Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. 2010 жылғы 19 ақпандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында «Әлем мәдениеті» бағдарламасының 49-тармағына сәйкес «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп аталатын қарар қабылданды. Сөйтіп, мерекені БҰҰ мойындады.

Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің  «Наурыз» атты мақаласында: «…Қазақ жаңа жылын «Наурыз» дейді. «Наурыз» әулиенің, әмбиенің аты болмаса керек. «Наурыз» күн райын, шаруа ыңғайын дұрыстап зерттеген бір шоңғал, «оқымаған аграном» болуға керек. Сондықтан қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы… Бұл мейрамда тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл адамдарын тап-жігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек. Қазақ жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны – ел бір-бірімен көрісіп: «Жасың құтты болсын» –дейді.

Егемендік алғаннан бері, көптеген көне дүниелеріміз өмірге қайта оралып, ел игілігіне ене бастады. Осы тұрғыдан айтсақ, «Наурыз» мейрамы да көп зерттеліп, зерделенді. Ескіріп барып, қайта жаңарды, жаңғырды. «Жаңару» демекші «наурыз» сөзінің өзі сол жаңаруды, «жаңа күнді» білдірсе керек. Десек те, наурыздың шығу тарихы белгісіз, әртүрлі аңыздар бар. Иран мифологиясына сәйкес, осы күні Тұран ханы Афрасиабтың қолынан қаза тапқан атақты  Саяуыш батыр  қаза тауып, жерленген. Қазіргі ғылымда болсын, ертедегі ғылыми трактаттарда айтылғандай, «наурыз» – көктемгі күн мен түннің теңелетін күні. Бұл күні жер шары алаңдарын қоспағанда, бүкіл жер бетінде күн мен түн теңеседі. XI ғасырда  өмір сүрген Омар Хайям  жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың толық циклды аяқтағаннан кейін, өзінің бастапқы жүру нүктесіне келіп, жаңа жолды – шеңберді қайта бастайтын бақылаған. Бұл бақылауының негізінде Хайям сол кезде билік еткен Джалал ад Дин Мәлік Шах ибн Әл-Арслан Селжүктің құрметіне «Мәлік күнтізбесі» деп аталатын жаңа күнтізбе құрастырды. Онда жаңа циклдың басталуы 22 наурызға – көктемгі күн мен түннің теңелетінін күніне түседі. Бұл күнтізбе қазір пайдаланып жүрген күнтізбеге қарағанда, әлдеқайда дәлірек болған екен. Өйткені, 365 күн бар күнтізбеге қарағанда, жылына 324 күнді құрайтын «Мәлік астрономиялық» күнтізбесіндегі қателік 0.0002 күн және одан кем. Алайда, Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында  ерте замандардан орын алған.

Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі. Орта Азия елдері оны 5 мың жылдан аса уақыт атап өтіп келеді. Наурыз мейрамы заманауи діндер мен көптеген мемлекеттер пайда болғанға дейін шамамен 5 мың жыл бұрын пайда болыпты. Сондай-ақ, көне парсы тілінде нава –жаңа, рәзаңһ – күн, яғни «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрам Ежелгі Грек, Ежелгі Рим, тіпті Ежелгі Руське дейін жалғасқан.  Атаулары сол елдердің өз тілдеріне сай аталған. Айталық,   гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», тәжіктер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», буряттар «сагаан сара», соғдылықтар «наусарыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп түрліше атаған. Шығыс ойшылдары – Әбу Райхан Бируни, Омар Хайям секілді тұлғалардың еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды, жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды, жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалак» ұсынады, ескі киімдерін тастайды, ескі шыны аяқты сындырады, бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн символын» салады, үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі, түрлі  жарыс ойындарын ұйымдастырады.

Тағы бір деректерге көз салсақ, Наурыз мейрамы – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша наурыздың 22-сіне, күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Бұл, саясаттан ада мейрам. Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда – 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтіледі.   Ал, қазақ қоғамында «Ұлыс күні» – жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады, әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектерін айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап, дайындаған «наурыз көже» ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан арылып, ар-ожданы тазарады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Ата-бабаларымыз «Наурыз» мейрамында ақ киімдерін киіп, шаштарын қырып, алып тастайтын. Бұл күні тұрғындар бұлақ, бастау, су қоймасы мен құдықтардың бетін ашып, тазартады. Сондай-ақ, мейрамда үйде міндетті түрде қымыз, шұбат, сүзбе секілді дәм татанын сүт тағамдары, яғни ақ болу керек. Егер сүт болмаса, ыдыс-аяқты бұлақ суымен толтырып қойған. Олар осы күні Жаңа жылдық дастарханның сәнін келтіретін міндетті тағам – «Наурыз көже» дайындаған. Оны мейрамның басты тағамы деп таныған. Ол 7 түрлі дәмнен әзірленеді: су, сүрленген немесе кептірілген ет, тұз, май, жарма, айран, құрт немесе сүзбе. Ал, Наурыз көже ішкен адамдарға сәттілік күлімдеп, денсаулығы жақсарып, отбасы қуаныш пен молшылыққа кенеледі делінеді.

Наурыз қарсаңы «Қызыр түні» немесе «бата түні» деп аталады. Қазақтар бұл түні Қызыр атаны күтіп, ұйықтамауға тырысатын. Ал, тұрмысқа шықпаған қыздар өздері ұнататын жігіттерге арнап, соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, «ұйқыашар» деп аталатын ерекше тағам әзірлейді. Жігіттер мен бозбалалар болса, қыздардың қонақасының қарымтасына айна, тарақ, иіс судан тұратын «селт еткізер», «дір еткізер» сыйлықтарын ұсынады. Және бойжеткендер терезені сәл ашып, үстелге ұн салынған ыдыс қойған. Егер үй таза және үй иелерінің жүрегі мейірімге толы болса, Қызыр Ата бақ қонған үйге батасын береді деп есептеледі. Сондай-ақ, бұл күні шығыс елдері екі арадағы кез-келген соғысты тоқтатқан. Наурызды тойлағанда дәстүрлі ұлттық ойындар – көкпар, аударыспақ,  күрес, тең көтеру ойындары ойналған. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алған.

Еліміздің кейбір өңірлерінде, соңғы уақытта Батыс, Оңтүстік өңірлерде Наурызды 14 наурыздан – «көрісу» салтымен бастап кетуде. Бұның себебі, Ұлы дала көшпелі әлемнің даму үрдістерінен ұзақ уақыт оқшауланғандықтан және Маңғыстау көшпелілерінің Оңтүстік егіншілік рухани мәдениеті елеулі өзгерістерге ұшырамағаннан.   Міндетті түрде қазақ халқы достарынан бата, игі тілектерін аямаған. Соған сай мереке күні, Наурыз көже ішілгеннен соң баталарын берген.  Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Бұл күн молшылық әкелсін! Бүкіл жамандық пен барлық пәле жер бетінен жойылсын! Ата-бабамыздың рухы бізге әрдайым қолдау көрсетсін!» деген сөздермен аяқталады.

Егер Наурыз мейрамында қар жауса, бұл жақсылықтың белгісі саналған. Ерте заманнан бері қыздардың сұлулығын Наурыз мейрамында жауған қармен салыстырған. Ақ, таза, жұмсақ, үлпілдек қар сұлу ханымдардың асқан сұлулығын бейнелейді.

Сонымен бірге, халық арасында көжені қарын тойғанша ішсе, келесі жыл жемісті болады деген сенім бар. Егер көжені жеті үйден татса, онда жыл сәттілік әкеледі, Наурыздан кейінгі 2-ші күні жұрт жаппай көктемгі егіске кірісетін. Малшы қауым да төл алуға қатысты іс-қарекетімен айналысатын. Наурызды кейінге қалдыра тұратын ауылдардың өзінде де мейрамнан кейінгі 2-ші күні жаппай егіске кірісетін. Бұл, Мағжан айтып отырған дәстүрге сай келеді.

Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920-25) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып тоқтатылды, бірақ Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан  Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. Қызыл империяның саясаты осы Наурызды басқа да ұлттық құндылықтарды жою арқылы халықты мәңгүрт етіп, бүкіл империяда бір ақ ұлт, бір ғана саясат құруды көздеді. Сондықтан да, кеңес үкіметі әр түрлі саясатты ойлап тауып, осы құндылықтарды жат етіп көрсетті. Кейін коммунистік саясаткерлер бұл ілімді жалғастырып, өз пайдаларына сай жүргізді. Неше түрлі желеулерді ойлап тауып біресе: «халықтар достығын» тықпаласа, енді бірде:  «бұл дін мерекесі» деп, тағы басқа амалдарды айтты. Қазірдің өзінде, сол солақай саясаттан аса алмайтындар, шала сауатты белсенділер  өздерінше мейрамды әлі де болса түрлендіріп, көрінген көріністерді тықпылап отыр. «Достық мейрамы» секілді тағы басқа ойдан шығарылған құйтырқылықты итермелеуде. Бұл мейрам ешқандай «достықтың», діннің мейрамы емес. Орта Азиялық дана ойшылдар айтқандай, бұл Жыл мейрамы, яғни жыл басы, шаруашылық мейрамы. Міне, көнеден келе жатқан мейрамға, тарихқа ешкім қол сұғып, түрлендіруге қақысы жоқ.

2010 жылғы 19 ақпандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында «Әлем мәдениеті» бағдарламасының 49-тармағына сәйкес «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп аталатын қарар қабылданды. Сөйтіп, мерекені БҰҰ мойындады.

Наурыз-құтты болсын! Бақ, береке жұп болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Әз Наурыз–Әзиз Наурыз қош келдің!

Сабыр СЕҢКІБАЕВ,

А.Мырзахметов атындағы

Көкшетау университетінің профессоры,

педагогика ғылымдарының

кандидаты, этнограф ғалым.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар