Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ТАЛАЙ СЫННАН ӨТТІК, БҰЛ ЖОЛЫ ДА СҮРІНБЕЙМІЗ - АРҚА АЖАРЫ

ТАЛАЙ СЫННАН ӨТТІК, БҰЛ ЖОЛЫ ДА СҮРІНБЕЙМІЗ

Бүгінгі таңда Қазақстан – әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар, экономикасы қарқынды дамып,  беделі күн санап өсіп келе жатқан іргелі мемлекеттердің бірі.

Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр толмаса да, әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан нық орын алуды көздеген Қазақстанның бұл межені бағындыратынына қазіргі таңда ешкім күмәнданбайды. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Ол үшін аянбай тер төгу керек, қоғамға бірлік пен татулық, тұрақтылық қажет. Сөзіміз дәлелді болу үшін әлемнің біраз елдерінде орын алып отырған келеңсіз жағдайларды, Таяу Шығыс пен күні кеше ғана бізбен қатар тәуелсіздік алған Украинадағы ахуалға көз жүгіртсек те жетеді.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа стратегиясын жасау керектігін айтқан болатын. Міне, Президент әдеттегіден біршама ертерек жариялаған Жолдауында «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынып, қаржы дағдарысы  «тізгінге көнбей», жер шарының түкпір-түкпірінде келеңсіз жайлар көбейіп тұрған кезеңде алдымызда тұрған орасан зор сыннан сүрінбей өтудің нақты жолдарын атап көрсетті.
Жұмысы жоқтың тамағы тоқ болмайтындығы белгілі жай ғой. Ол өз кезегінде түрлі саяси толқуларға алып келеді. Яғни, бірінші кезекте халықты жұмыспен қамтуға баса назар аудару қажет. Ал, ол үшін экономикаға жаңа серпін, соны идеялар керек. Бұл тұрғыда әсіресе, қазіргі заман талаптарына сай технологиялар, инновациялық жобалар, шағын және орта бизнеске қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту сынды мәселелер кезек күттірмейтін жайлар екендігі белгілі. Ал, оған қалай қол жеткіземіз? Мәселе міне, осында. Сондықтан, Елбасының биылғы Жолдауында осылардың бәрін қалай іске асырудың нақты жолдары белгіленді. Биылғы Жолдаудың  ең бір ерекшелігі, көптен бері көптің көкейінде жүрген, енді біреулердің «ұйқысын қашырған» Ұлттық қордағы қаржыны әлемдік нарықты жайлаған дағдарыс жағдайында кәдеге асыру.
Назар салып қарасақ, әлемдегі геосаяси жағдай үлкен өзгеріске ұшырады. Таяу Шығыста тұтанған өрт, Украинадағы
саяси дағдарыс, алпауыт елдер арасындағы санкциялар алмасу тұрғысындағы теке-тірес, әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт төмендеуі  шекарасын құлыптап тастаған, алыс-берісі шамалы ел емес, әлемдік қауымдастықта өзінің ерекше орны бар, дамыған елдер қатарынан нық орын алуға талпынғаны Қазақстанға әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан да,
Елбасы экономикалық дамудың жаңа жобасын ұсынып отыр. Ұсынып қана қоймай, оны нақты әрекеттермен дәйектеп, алға жылжудың сара жолдарын көрсетіп берді. Сонау 2007 жылдан бері ауыздықталмай келе жатқан қаржы дағдарысына қарамастан, ел экономикасын дамытуға бұрын-соңды болмаған көлемде қаржы құйылмақшы. Оған әрине, осы уақытқа дейін сақталып келген Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі, сондай-ақ, түрлі инвестициялар мүмкіндік беріп отыр.
Әрине, қаржының болғаны дұрыс. Дегенмен, бірінші кезекте сол ақшаны тиімді жұмсау, оның ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуіне жол бермеу – басты мәселе. Президенттің «әрбір тиынның қатаң сұрауы болады» деуі де осыдан туындап отырған болар.
 Елбасы баса назар аударған тағы бір мәселе, ол инфрақұрылымды одан әрі дамыту мен заман талаптарына сай жолдар салу. Жалпы, жол – экономиканың күре тамыры десек, Батыс пен Шығысты жалғастыратын, ежелгі «Жібек жолын» жаңғыртудың қаншалықты маңызды екендігін түсінген абзал. Біле білсек, транзиттік дәліздер арқылы да қыруар пайда табуға болады. Сондай-ақ, жол салу дегеніміз – қосымша жұмыс орындары. Сол жолдардың бойында тірлік қайнай бастайтындығы тағы бар. Мәселен, қазірдің өзінде Батыс Еуропа-Батыс Қытай жолы маңында көптеген демалыс орындары, шағын елді мекендер пайда бола бастады. Темір жол құрылысы да экономикамызға едәуір серпін береді. 
  Бұл жолғы Жолдауда да Елбасы  шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын дамыта түсу қажеттілігін айналып өтпеді. Сайып келгенде, Қазақстанның сапалы азық-түлікпен елімізді толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа да молынан шығаратын әлеуеті жеткілікті. Қазірдің өзінде бұл тұрғыда біраз алға басушылық бар. Бірақ, ақиқаттан аттап өтпесек, мүмкіндігімізді толық пайдаланып отырмыз деуге келмейді. Яғни, әлі де болса, кемшін түсіп жатқан жақтарымыз аз емес. Елбасы тұрақты түрде айтып отыратын ең бір маңызды мәселе, ол еліміздегі саяси тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтау. Бұл орайда, өзіміздің емес, өзгенің қателігінен сабақ алған абзал. Түрлі дау-дамайдың, «тырнақ астынан кір іздеудің» талай елдің шаңырағын шайқалтқандығын көріп отырмыз ғой. Сондықтан да экономикамыздың дамуының алғышарты – тұрақтылығымыз бен бірлігімізді сақтауымыз керек. Сонда ғана «Нұрлы жолда» көрсетілген асуларды ойдағыдай аламыз. Сайып келгенде, талай сыннан өткенбіз, бұл жолы да сүрінбейтініміз анық.
Иван САУЭР,
«Родина» агрофирмасы» ЖШС бас директоры,  Қазақстанның Еңбек Ері.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар