Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Ақ босаға» – ұлттық құндылықтарды ұлықтау орталығы - АРҚА АЖАРЫ

«Ақ босаға» – ұлттық құндылықтарды ұлықтау орталығы

Облыс орталығындағы «Ақ босаға» деп аталатын отбасы және бос уақытты ұйымдастыру орталығы ашылды. Ашылу салтанатына Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса қатысып, жылы лебізін білдірді.

Отбасылық құндылықтарды сақтау, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды дәріптеу, бос уақытты тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған орталық «Неке» сарайында орналасқан. Орталықта аналар мен әкелер кеңесі, медиатор, психолог кабинеттері бар. Сонымен қатар,  бос уақытын тиімді әрі қызықты өткіземін деушілерге арналған үстел теннисі, қолөнер шеберханасы, шахмат пен тоғызқұмалақ секциялары және аэробика залы ашылған. Мысалы, этноқолөнер шеберханасында құрақ көрпе, ұлттық нақыштағы заманауи киімдер тігіп, жүннен және әшекей бұйымдар жасап үйренуге болады. Этно-қолөнер шеберханасының жетекшісі Гүлнәр Мырзағалиқызы келіншектер мен қыздарды қолөнерге баулып жүр.

– Көкшетауда осындай орталықтың ашылғанына қуаныштымын. Бұл жерде бос уақытыңды тиімді өткізуден бұрын, тәлім алуға болады. Алдағы уақытта өзім де осындағы қолөнер үйірмесіне жазылмақшымын. Бұған дейін ғаламтордан тоқыма, құрақ көрпе тігуді үйрену сабақтарына жазылғанмын. Бірақ, үйрене алмадым. Ал, мына орталықта кәсіби мамандар өздері  үйретеді екен. Көзбен көріп, көңілге тоқығанға не жетеді! – дейді қала тұрғыны, жас педагог Алмагүл Елебекқызы.

Аталмыш орталықтың атауы да тегіннен-тегін «Ақ босаға» деп аталмаса керек. Жасырары жоқ, соңғы жылдары енді ғана отау тіккен жас жұбайлардың арасында ажырасу мәселесі кең етек алуда. Осындай олқылықтың орын алмауы үшін, мәселенің алдын алу мақсатында құрылған аталмыш орталықтың өскелең ұрпаққа тигізер пайдасы зор деп білеміз. Мәселен, орталықтағы «Аналар кеңесі» мен «Әкелер кеңесінде» ұл мен қызға ұлағатты тәрбие беру мәселелері үнемі назарда ұсталатын болады. Медиатор мен психолог кабинетінде де өмірдің сүреңсіз сәттерінде тұйықтан шығар жол таба алмай жүрген жастардың білікті мамандармен кеңесуіне мол мүмкіндіктер қарастырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында құрылған орталықтың алдағы уақытта атқарылар жұмыс ауқымы кең. Олай болса, мақсаты айқын, болашағы зор жаңа  орталықтың жұмысына біз де сәттілік тілейміз!

                                                                       Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар