Көкшетаудың «Оқжетпес» әйелдер баскетбол командасы Ұлттық лига шеңберінде республика біріншілігінің алтын медалін жеңіп алды. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқарма-сының жанындағы «Ақмола медиа орталығы» хабарлады.
Еліміздің чемпионы атағы үшін ақтық кездесу Щучинск қаласында «Оқжетпес» пен Астананың «Астана жолбарысы» командаларының арасында өткен еді. Бұған дейінгі екі кездесудің бірінде жеңіп, екіншісінде жеңілген ақмолалық баскетболшы қыздар шешуші жарысқа жақсы дайындықпен келген. Бірден тегеурінді шабуылмен басталған кездесу барысында «Оқжетпес» қарсыластарын 92:72 есебімен ұтып, чемпиондық атақты жеңіп алды. Біріншіліктің ең үздік ойыншысы болып осы команданың баскетболшысы Алина Ягупова танылды. Сөз арасында айта кетсек, «Оқжетпес» қыздар командасы соңғы рет чемпиондық атақты 2006 жылы иеленген болатын.
Қазір жерлестеріміз таяуда Мариамполь қаласында өтетін «Балтық лигасы» жарысына қатысуға дайындалуда.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.