Басты мақсат – орман алқаптарының ауқымын кеңейту

Орман – еліміздің басты байлықтарының бірі, баға жетпес экологиялық және экономикалық ресурс, біздің ұлттық игілігіміз.Қазіргі уақытта Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қарамағында 13 орман шаруашылығы мекемесі бар. Олардың негізгі міндеті ормандарды күзету және қорғау, олардың аумағын толықтыру және ағаш өсіру, орман пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру болып табылады. Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қарамағындағы Ақмола облысының мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 405,4 мың гектарды құрайды.Орман көмкерген алқаптар 225,7 мың гектар жерді алып жатыр, облыс аумағының ормандылығы 2,6 пайыз.

Жыл сайын облыстың орманды алқабын ұлғайту мақсатында мемлекеттік орман қоры аумағында орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелері ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, 2009 жылдан бастап 17,6 мың гектардан астам орман, оның ішінде «Нұр-Сұлтан-Щучинск» автотрассасының бойында, Шортанды кентінен Щучинск қаласына дейін 2,6 мың гектар ағаш отырғызылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі практикалық шараларды іске асыруға кірісуді тапсырды, оның ішінде бес жыл ішінде орман қорына 2 миллиардтан астам және елді мекендерге 15 миллион ағаш отырғызу міндетін қойды. Осы тапсырманы іске асыру аясында Ақмола облысында 2021-2025 жылдары 24,5 мың гектар жерге 150 миллион түп қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған.

2021 жылдың көктемінде Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығы мекемелері жоспардағы 970 гектардың орнына, 1370 гектар алаңда ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізді. 2022 жылы 1280 гектар алаңда 9,3 миллион дана ағаш отырғызу жоспарлануда.Жыл сайын жалпы ауданы 171 гектар орман шаруашылығы мекемелерінің 11 орман питомнигінде өз қажеттіліктерімізді қамтамасыз ететін 10 миллион данадан астам ағаш-бұта тұқымдас екпелер және үш жылдық көшеттер  өсіріледі.Келесі жылдары ағаш отырғызу үшін осы материалдарды өсіру көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

2021 жылы орман шаруашылығы мекемелері жапырақты тұқымдылардың 10 тоннадан астам тұқымдарын және 185 тонна қарағай бүршіктерін жинап, дайындады. 7 бүршік кептіргіш бар, оларда 150 тоннадан астам бүршік өңделіп, 1500 келі қарағай тұқымы алынды. Барлық жиналған орман тұқымдары орман шаруашылығы мекемелерінің орман питомниктеріне себіледі.Отырғызу материалдарын өсіру көлемінің ұлғаюына байланысты жалпы ауданы 86 гектар болатын 2 жаңа тұрақты орман питомнигін салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.

Жалпы, Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелері бойынша ормандарды молықтыру мен орман өсіру көлемі артуының оң үрдісі байқалады.Көп жұмыс атқарылды, бірақ алда әлі де үлкен жұмыстар күтіп тұр. Біздің облыс аумағының ормандылығы бар болғаны 2,6 пайызды құрайтынын ескере отырып, жыл сайынғы орман дақылдарын отырғызу алаңдарын ұлғайта түсу керек және ормандарды табиғи түрде қайта түлетуге, ағаш кесу көлемін қысқартуға, орман-тоғайды қоқыстардан тазартуға, елді мекендердің айналасында жасыл аймақтар құруға, ормандарды өрттен қорғауға жәрдемдесу бойынша шаралар қабылдау қажет.Осы іс-шараларды іске асыру облыстың табиғи кешенін сақтауға және көбейтуге мүмкіндік береді.

Әз-Наурызды жұртымыз «Жыл басы» деп, жаңарудың, жаңғырудың кезеңі деп қабылдайды. Осындай керемет мерекенің көптеген ғибратты ғұрыптары мен дәстүрлері бар. Солардың бірі мереке кезінде тал егу, ағаш отырғызу. Біз бірқатар шаруаларымызды осы уақытпен орайластырамыз. Күн шуағын төгіп, жер-ана жылынған шақтағы шаралар үлкен ынтамен, жақсы көңіл-күй үстінде өтеді. Ал, шын ниетпен атқарылған істердің өз жемісін беретіні ежелден мәлім.

Руслан ӘУБӘКІРОВ,

Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар