Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев 31 наурыз күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында журналистер алдында сөйлеген сөзінде көктемгі су тасқынының алдын алуға байланысты жоспарланған барлық шаралардың жүзеге асқанын хабарлады. 28-ші наурыздан бастап қар суына қарсы күреске қатысы бар барлық қызмет түрлері «жоғары дайындық» режиміне көшірілген. Облыстық шұғыл штаб құрылған. Жергілікті атқару органдарымен бірлесе отырып, жергілікті жерлерде 2082 адам, 978 бірлік техника, 176 су айдағыш құрал, 37 жузу құралдары дайындалған. Департаменттің өзі 445 адам, 84 бірлік техника, 12 жүзу құралдары, 97 су айдағыш құрал шығарып отыр.
Департамент басшысы сондай-ақ, биыл өзендер бетіндегі мұздарды жару, мұздан пайда болған бөгет, кедергілерді жою үшін жылдағыдан 33 пайызға көп қаражат бөлінгенін айтты. Бұл жұмыстарға бөлінген қаражат көлемі 2021 жылы 40 миллион теңге болса, 2022 жылы 60 миллион болған. Мұз жару жұмыстары Нұра, Жабай, Есіл, Жыланды, Қалқаман, Қарасу, Күнтуғыз, Сарқырама өзендерінде жүргізілген. Қызыл судың ағар жолдары, тамақтар, тұрбалар алды түгел тазаланған. Қауіп бар маңайлардағы елді-мекендер түгел хабарланған.
Осындай жан-жақты сақтық жұмыстарына қарамастан, үзіліссіз кезекшіліктер жалғастырлып, бақылау жүргізіле бермек. Ауа –райын бақылаушылар 1-ші сәуірден бастап, сынап бағандары түнде -3 -8-ді көрсетсе, күндіз 0-ден +5-ке дейін жылылықты көрсетпек. Демек, күн күрт жылыса, қардың тез еріп, әлі мұзы түгел еріп болмаған өзен арналарымен, сай-саламен су жүрмек. Олардың арнадан шығуы, бағытын өзгертуін шұғыл аңғарып, қадағалау, тез шара қолдану ғана өауіп-қатердің алдын алмақ.
“Қиындық туындай қалған тұсқа барлық күшті жұмылдыруға дайынбыз”,-деді сөзі соңында Н.Атығаев.
Серік Сапарұлы.