Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қатыгездік - АРҚА АЖАРЫ

Қатыгездік

бүгінгі қоғамның бір бет-әлпеті болып барады

Кейде ойлаймын, бұрын мұндай емес едік қой, неге осылай болып кеттік. Біреу біреуге бір ауыз сөз айтып қалса болды, сіркесі су көтермей, жоқ жерден от тұтанады. Осы жақында ғана дүкенде бір келіншек «ойыншық әпер» деген баласына зекіп, жер-жебіріне жеткені соншалық, әлгі арада осынша не көрінді екен деп, аза бойымыз қаза болды. Батылың барып, «қойыңыз, мұныңыз не?» деп те айта алмайсың. Өзіңді беттен алып, апармайтын жерге апарып салады.

 

Әрі ешкімде ондайға араласуға да құлық жоқ қазір. Халық енжар, әркім өзімен-өзі. Қу тірлік үшін таңертеңнен қара кешке дейін жанұшырған бір жанталас. Сен тимесең, мен тименің кері. Құлап жатқан адамды да «осы неге жатыр екен?» деп елең қылмайтын болып алдық. Баяғы «мас қой» деп жан баласы басын сүйеуге жарамай, бұл жарық дүниеден өтіп кеткендер де баршылық.
Иә, қатыгездік пен енжарлық осылай сана-сезімімізге бірте-бірте дендеп, енген үстіне, еніп барады.  Ол осы күні үлкендерді былай қойып, бала екеш балаға да ауысып үлгерген. Күні кеше ғана сегізінші сыныптың оқушысы парталасын қаламмен жүрегіне бір қойып, өмірін қиғанында теледидардан көрген мына бір сұмдыққа не дерімізді білмей, тағы аңтарылып қалдық.
Сонда бұл сорақылық қайдан шығып жатыр? Түп-тамыры неде? Міне, ойландырар жай осы. Бұл жағынан әрине, көріпкел емеспіз. Бірақ, көрініп тұрған жағдайға ондай қасиеттің де керегі жоқ. Теледидардағы атыс-шабыс, көзді бақырайтып қойып тықпалап жатқан зорлық-зомбылық, шетел кинолары арқылы талғамсыз, татымсыз не сұмпайылықты болсын, ашықтан-ашық насихаттай түсуіміз жеткен жерімізді осы қылып отырған сыңайы бар. Өз басым неден қорқатын болдым? Төбе шашыңды тік тұрғызатын талай қылмыс жасалып жатыр. Мектеп жасындағы қыздар топтасып,  өз құрбысын соққыға жығып, аяусыз азаптап, өлтіріп тынған не сән?!. Жоғалған баланы көміп тастап, артынан сол құқайлары жалғанның жарығына шығып жатқан не сән? Сондағы қорқа бастағаным, сол қылмыскерлерді (оларды қылмыскерлер деу де аз ғой) тергеушілер қылмыс жасаған жеріне алып келіп, айуандықтарын мойындата бастаса-ақ, түк болмағандай, бәрін шімірікпестен қолмен қойғандай етіп, айтып, көрсетіп беруі. Жүздерінде нақақтан-нақақ біреудің өмірін қиғандарына титтей бір өкініш, сол үшін өз-өздерін жеп, кірерге тесік таппаудың ишараты болсайшы. Тап бір кісі өлтіру емес, жеңіл-желпі, жай ғана бұзақылыққа барғандай. Басқаларды білмеймін, өз басым теледидардан осындай сюжеттерді көрген сайын көбіне түйер ойым осы.    
Бұлай кете берсек ертеңіміз не болмақшы? Қылмыс оны мықтап тыйғанда, қылмыскер біткен қолмен істегенді мойнымен көтеріп, тиісті жазасын алғанда ғана толас табатыны белгілі. Бұл үшін алдымен, ел заңнан қорқуы, оны сыйлауы, егер сол заңның бір бабын бұза қалса, қатаң жауапкершілікке тартылатынын біле түсуі тиіс. Сонда ғана үлкен-кішінің жүрегі ондайға дауаламайды, көбі алды-артын ойлап тұрады. Ал, заң әлсіз жерде қылмыс әлемі де өз дегенін істей беретіні ешкімге құпия емес. Кейде бір үйлі жанды қырып тастағандарға кесілген жазаға көңіліміз толмай, қарадай шыр-пырымыз шығатыны неліктен дейсіз? Сол қылмысына сай емес үкімге келіспейтіндіктен, кеуде тұсымызда ішкі бір түйсігіміздің «бұл қалай?» деп бебеулеп қоя беретіндігінен.
Батыс десе тарысы піспеген кешегі кеңес өкіметінің ол жақтағы өмірді басқаша сипаттап, ит терісін басына қаптап келгені белгілі.   Жақсысы да, жаманы да бар сол қоғамды енді өзіміз бастан өткеріп жатырмыз. Жақсысына әрине, етінің тірлігі, ақ адал маңдай терімен алға ұмтылған, өз-өзін қамшылаған адамның далада қалмайтынын жатқызуға болады. Ал, жаманы… Осы аз жылда көзге шыққан сүйелдей оның да шет жағасын біраз байыптап, біліп қалдық. Бұрынғы ар-ұяттың орнына бірінші орынға ақша шықты. Адамды біліміне қарап емес, қалтасындағы ақшасына, жан дүниесіне қарап емес, үстіндегі қымбат киіміне қарап бағалайтын заман туды. Ұлт үшін, ұрпақ үшін де ең бір қауіптісі сол. Өйткені, ақша жүрген жерде дарақылық, астамшылық, заң-зәкүнге пысқырмау, өзін өзгеден артық санап, бар мәселені тек көк қағазбен шешу, өмірдің парқын сонымен өлшеу қоғамның ажырамас бір көрінісіне айналады. Біз қазір осыған тап болып отырмыз. Ал, мұны көріп өскен кейінгілер күні кешегі өмірлік құндылықтарды, адами ар-ожданды идеал тұтқаннан гөрі, өзі күнделікті көзі үйрене бастаған осы кереғарлықтың шылауында кетеді. Содан келіп бүгінгі баланың мектепте оқуға құлықсыздығы, керек болса, өзін адам бол деп қолынан жетелеген ұстазына дейін айбат шегіп, аузын аштырмауы қайдан шықты деуге болмайды.  
Заманның осы қорқынышы жай отырғызбай, бірде мектепте істейтін таныс адамыма «бүгінгі мұғалімнің беделі түсіп барады-ау» деп өз ойымды шет жағалатуым мұң екен, «ой, сіз де қызық екенсіз, қазіргі жағдай, қазіргі балалармен ол бедел түскелі қашан» деп тоқ етерін бір-ақ кескенінде тақа ондай жауапты күте қоймаған қайран басым,  не дерімді білмей тосылып қалыппын. Бұл енді ұрпақ тәрбиесіндегі нағыз дабыл ғой. Бүгінгі білім берудің дұрысы мен бұрысынан ой бөліскен тағы бір ұстаздың қынжылысы да қағазға түсірсек, былай болып шығар еді. «Соңғы жылдары жұмысымызда жасандылық бел алып кетті. Дымымыз қалмай, оқушыларға ғылыми жобалар жаздыратын болдық. Біз солай істедік екен деп онымен бәрі ғалым болып кетпейді. Ондайлар болса түптің түбі өзі-ақ қап түбін тесіп шықпай ма? Балаларға сабағыңды, білген тәлім-тәрбиеңді берудің орнына осының бәріне ойың он саққа бөлініп, аяғыңнан сүрініп-қабынып жүргенің. Түннің бір уағына дейін үйде қағазбастылықпен отырып, ұйқысы да қанбайтын мұғалімнің осы жағдайын бірақ,  кім ойлап жатыр?»
Манадан бері біз айтып отырған қатыгездік, басқа түгілі, ата-ана, ағайын-туысты да жанай өтпейтін болған жатбауырлық  жаныңды ауыртқан сайын осының бір құтқарушы дәркегіндей көретін ұлттық тәрбие, халқымыздың нешеме сан жақсы қасиеттерімен құлаққа сіңіріліп келген соның мәні мен дәмі өзіміз сенген мектепте де осындай-осындай алашапқынның тасасында  қалды ма деп жүдейсің.  Әйтпесе, өзіңмен бір подъезде күнде көріп жүретін бүгіннің баласы ілуде біреуі болмаса, үлкенмен неге амандаспайды, неге жаныңнан бедірейіп үн-түнсіз өте шығады? Басқа ұлтты қоя тұралық. «Өзгені сынап-мінеу үшін басыңнан бақайшағыңа дейін әуелі өзіңе қарап ал» деген екен бір ғұлама. Сол айтпақшы, қазіргі көп жастарымыздың осындай сыңайынан-ақ үй іші мен мектептегі адамгершіліктің қарапайым әліппесінің өзі қаперге алынбай қойды ма деп және топшылайсың. «Айналаңдағы өзің білетін адамдармен, көрші-қолаңмен амандасып жүр» деген сөз бір айттың, он айттың, санаға ептеп сіңер еді. Амал нешік, ауық-ауық қынжылтып қоятын мұны да қоғамымыздың қатыгездене түскен бет-әлпеті демей көр енді.
Құдай ақына, осы Көкшетауда бертінге дейін ана мәселе, мына мәселені ақша шешеді деп ойламаушы едім. Басқа жақта сондай-сондай бар дегенді құлағымыз шалғанда, «бізде ондай жоқ» деп кесіп айтатындай жағдайымыз бар еді бұрын.  Теріскей өңірдің өзіндік ерекшеліктерімен, айталық, басқа ұлт өкілдердің басымдылығымен де солай болып келген бұл өмір салты да қазір бұзылды. Сөйтіп, бармақ басты, көз қысты мұндай кесел дендеп енбеген сала қалмауға айналды.   
Орайы кеп қала ма, тамыр жайған пәлекет аузын арандай ашады. Қаншама шара қолданылуда. Бірақ, адамнан қулық артылған ба? Ебін тауып алып жатыр, асап жатыр. Шыныменен, осылай кете берер ме екен?! Алдында үлкен мұраттар тұрған елге қатер-ау бұл. Мұндайда тағы да мәселе бір-ақ нәрсеге – соны қолмен істемек түгілі, ойға алудың өзі әбдіңді ұшыратын қатаң жазаға келіп тірелетіндей.
Ел соты азды-көпті жауапқа тартқанымен, өздеріндегі Ар сотынан қайран болмай тұр-ау. Ептеп сол ар-ожданы сыбырлап, сескендірсе, тақа өз мемлекетіне өзі жаудай тимес еді. Ал, енді соның бәрін болары болып, бояу сіңгенде ғана естіп, біліп жататынымыз қалай? Оған дейін неге жолын кесе алмаймыз? Неге миллионды қойып, миллиардтарға шығандап кеттік? Бұл да жасыратыны жоқ, талайдың тілінің ұшындағы сауал.
Е, мұны да айналып өте алмай, негізгі әңгімеден ауытқып кеттік-ау деймін. Бірақ, бәрі де бүгінгі қоғамның бір-бірімен сабақтас кереғар көріністері ғой.
Өмір бізге қас-қағым сәт сыйлайды,
Соның өзін бір-біріне қимайды.
Бірін-бірі жегідей жеп адамдар,
Бірін-бірі қан жылатып қинайды.
Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фарабидің бұл трактатын мен өткен жазда Ақмола облыстық сотының апелляциялық сот төрағасы Сәбит Манзұрұлы Өскенбековтың аузынан жазып алып едім.  Сол жолы осы бір өресі биік азаматтың алдына алып барған тағы да біз алаң болып отырған қатыгездік еді. Туған қызы алдап-сулап пәтерін өз атына түсіріп алып, енді одан сот арқылы біржола шығармақшы болып жүрген қамкөңіл жан жылап-сықтап  күнара редакцияға келеді. Содан бір келгенінде атам қазақта болмаған мұндай сорақылыққа не айтар екен деп сот төрағасына алып кірмекші болайын.   Өз бауыр еті соны істеп жатқанда, біздікі жәй әншейін, іштей қарсылық, қазақы дәме ғой. Шынында, бәрін біздің аяушылығымыз емес, істің жай-жапсары  шешеді екен. Бұл жағдайда да басымдық айласын асырған қыз жағында екеніне қарадай жанымыз қиналған. Әйтеуір, абырой болғанда, анасының көз жасынан қаймықты ма, әлгі қарындасымыз кейін соттағы талап-арызын қайтарып алыпты. Естір құлаққа оңай тимегенімен, неше түрліні көріп жатқан мына заманда әйтеуір, ерте-кеш пе, ыңғайға көнген мұндай адамға тәуба дейсің ғой.
Бірақ, кешегідей емес, бүгінгі күннің бөлек тұрпаты, халықтың тарылып кеткен ниет-пиғылы бұрын өңің түгілі, түсіңе де кіріп-шықпаған талай құқайды көлденең тарта түскенде, шыныменен ақ пен қараға үңілмей тұра алмайды екенсің. Бір-бірімен бизнесін бөлісе алмай, қырғи-қабақ болып кеткен ағайындылар, адамның іші-бауырына кіріп алып, алдап соққан  алаяқтық, туа салып, шаранасын қоқыс жәшігіне тастаған  тасбауырлық осы күні кімге таңсық?!. Басында шошитынбыз. Қазір етіміз үйреніп, өліп кеткен. Мұның бәрі соның ақ-қарасын айыратын сотқа да аз жүк емес.  Онда отырғандар да ет пен сүйектен жаралған өзіміздей жандар. Ұлтқа таңба түскені оларға да күйік.
– Ондайдың біразы біздің де жүректен жүр ғой өтіп, – деп еді сол  апаймен біз қабылдауында отырған Сәбең де. Бірде әркімнен бір қалып жатқан қу дүние үшін сотта әкелі-балалы екеуі ұстасады. Содан көңілі қатып қалған әке мен бой бермеген ұлды соттың төртінші отырысында ғана бұл райларынан әзер қайтарыпты. Бірақ, бұлар қайтты деп, бәрі солай дегенінен қайта қойса?!.
Жуырда Ресейдің әйгілі кино актрисасы Алиса Фрейндлих журналистерге берген сұхбатында: «Адамдардың бір-біріне деген қайырсыздығы, мейірсіздігі, бір сөзбен айтқанда, жағымсыз энергиялары иттерге де жұғыпты. Итті аулаға алып шықсаң болды, сол сәтте-ақ екінші бір итпен жұлқыласа жөнеледі» депті. Елінің ертеңіне алаңдайтын өнер қайраткері бекер бұлай деп отырған жоқ. Орыс қоғамындағы бізден де асқан қатыгездікті көзі көріп отыр. Ал, соның көрші елдің толып кеткен телеарналарымен біздің де санамызға сыналап кіріп жатқаны, оны қойып, улап жатқаны жақсы ма?..
Мұндайда айтатын не қалады? Тәңірім бір өзі жар болып, әр кеудеге жамандықтан гөрі жақсылықты, тойымсыздықтан гөрі ынсапты, қаталдықтан гөрі қайырымдылықты көбірек серік етсе екен. Сонда ғана мына жұмыр жер бетіндегі  ізгілік деген ұлы күш бүгінгі қатыгездікке жеңдіре қоймас. Әйтеуір, содан үміттіміз.
Р.S.  Осыдан бірнеше ай бұрын жазылған бұл мақаланы газет бетінде жариялауға асықпаппыз. Ойлап отырсақ, содан бері де біз қалам тартқан осы бір келеңсіз  жай тіпті үдей түскендей. Бұл қалпымызбен шынында, қайда барар екенбіз?!.  Осы алаңдатады!..

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар